«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАСПАНАЛЫ БОЛУ БАҚЫТЫН БҰЙЫРТАТЫН БАНК

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

“Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” АҚ-ның ұжымы 2013 жылы межелеген жоспарды артығымен орындады. Қаржыгерлер жоспардағы 3300-дің орнына 3494 салымшымен шарт жасасты. Бұл 2012 жылмен салыстырғанда 1,27 есе артық. Сөйтіп, жылдық жоспарды 107%-ға орындап шыққан.  

– 2013 жылы біздің филиал жоспардағы 959 880 мың теңгенің орнына жалпы сомасы 1 247 600 мың теңгеге 312 қарыз берді. Бұл 130%-ды құрайды және 2012 жылғы көрсеткіштен 4 есе (311 389 мың теңге) артық.

2013 жылдың 1 желтоқсанына дейінгі жағдай бойынша 11889 шарт жасалған. Жаңадан жасалған шарттың жалпы сомасы – 28 023 689 мың теңге. Несие портфелі 3 280 459 мың теңгеге жетті. 2013 жылдың жоспарын орындау кезінде штаттан тыс агенттердің, яғни жеке тұлғалардың қосқан үлесі зор болды. Штаттан тыс агенттердің көмегімен жалпы сомасы 2 296 665,8 мың теңгеге 688 тұрғын үй құрылыс жинағы туралы шарт жасалды. Бұл 2012 жылғыға қарағанда 498 шартқа артық, – дейді “Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” АҚ-ның Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының директоры Балахмет Молдинов.  

Балахмет Рахметұлының айтуынша, 2013 жылдың 1 желтоқсанына дейін көшбасшысы бар үш команда құрылған, онда жұмыс істейтін штаттан тыс агенттер саны – 16. Әр бейсенбі сайын банктің агенті болғысы келетіндер үшін жиналыстар және бұрыннан жұмыс істейтін агенттермен техникалық оқулар өткізіліп тұрады. 2013 жылғы 25 қазанда Петропавл қаласының әкімі Төлеген Закариянов бекіткен “Қолжетімді тұрғын үй – 2020” бағдарламасы жөнінде түсінік жұмыстарын жүргізу туралы 2013-2014 жылдарға арналған шаралар жоспарына қол қойылған. Бекітілген жоспарға сәйкес түсінік жұмыстарын жүргізу және тұсаукесер шарасын өткізу үшін 50 кәсіпорын мен ұйымдардың тізімі жасалған. Осы уақытқа дейін Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының қызметкерлері штаттан тыс көшбасшы агенттермен бірлесіп қаладағы 30 кәсіпорын мен ұйымда тұсаукесер шараларын өткізген.

“Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” АҚ-ның Солтүстік Қазақстан облыстық филиалы елімізде алғаш қолға алынған тұрғын үй құрылысының мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға қатысты. 2008-2010 жылдарға арналған тұрғын үй құрылысының мемлекеттік бағдарламасына сәйкес оны жүзеге асыру бойынша оператор ретінде айқындалған банк филиалы бюджеттік қаражат есебінен сомасы 1 880 657 мың теңгені құрайтын 531 салымшыға кредит берген.

Облыста биылғы жылы “Қолжетімді тұрғын үй – 2020” бағдарламасы бойынша 182 адамға жалпы сомасы 662 002 мың теңге қарыз берілген.

– “Қолжетімді тұрғын үй – 2020” бағдарламасы екі бағытта жұмыс істейді. Бірінші бағыт бойынша “Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде” салымшы болған барлық санаттағы адамдарға пәтер алуға несие береміз. Екіншісі – “Жас отбасы” бағытында үйді салатын да, балды тағайындайтын да, кезекке қоятын да қалалық әкімдік. “Жас отбасы” бағдарламасы бойынша өтініш берушінің жасы 29-дан аспауы шарт. Балды есептегенде жұбайлардың отасқан жылдары, балалар саны назарға алынады. Үй салына бастағанда хабарландыру беріледі. Ол үйден пәтер алғысы келген салымшылар бізге өтініш жазады. Сол өтініш бойынша салымшылар арасынан көп балл жинағандардың тізімі жасалады. Мысалы, таяуда берілген 55 пәтерлік үйге 223 адам арыз берді. Солардың арасынан ең көп балл жинаған 55 салымшы басымдыққа ие болды. Үйдің бір шаршы метрі – 90 мың теңгеден. “Қолжетімді тұрғын үй – 2020” бағдарламасы бойынша пәтерді жалға алуға да болады, – дейді Балахмет Молдинов.

Балахмет Рахметұлының сөзіне қарағанда, мәселен, “Жас отбасы” бағыты бойынша 7 млн. 200 мың теңге тұратын үш бөлмелі пәтерді алушы оның ақысының жартысын банктен есепшот ашып, 8 жыл ішінде жинау керек. Одан ерте жинап бітіруге де болады. Бұл уақытта ол алған үйінің коммуналдық қызметінің төлемдерін ғана төлеп тұрады. Үйдің жарты ақшасын жинап бітірген соң оны сатып алып, қалғанын 4,5 пайызбен өтейді.

– Облыстық филиал арқылы тапсырылып жатқан баспана да, салымшылар саны да жылдан-жылға артып келеді. Сапасы да жақсы, оны қабылдау кезінде біздің маман қатысады. 2012 жылы 81 пәтерлі тұрғын үй берілсе, былтыр “Қолжетімді тұрғын үй – 2020” бағдарламасы бойынша – 145, “Жас отбасы” бағдарламасы бойынша 75 пәтерлі тұрғын үй берілді. “Береке” шағынауданында құрылысы жүріп жатқан 45 және 93 пәтерлік тұрғын үйлер 2014 жылдың тамыз бен желтоқсан айларында пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Бұл шағын-ауданнан “Жас отбасы” бағдарламасы бойынша тұрғын үйлер салына бастады, олар да биылғы жылда беріледі, – дейді қаржыгер.

Үш жыл салымшы болғаннан кейін банктен тұрғын үйді 5%-бен алуға болады, басқа банктерде – 14%. Осыны тұрғындар енді-енді түсініп келеді. Соңғы кезде банкпен шарт жасасқандардың 30 пайыздан астамы – ауылдық жерлерден. Олардың арасында “Қолжетімді тұрғын үй – 2020” бағдарламасы бойынша пәтер алғандары да бар. Бұл бағдарлама бойынша пәтер алушылар көбейе берсін! Банк мамандары ел игілігі үшін қызмет етеді, – деп сенім білдірді Балахмет Молдинов.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp