«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КЕМШІЛІККЕ КЕҢШІЛІК ЖАСАЛМАЙДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

30 желтоқсанда өңір басшысы Самат Ескендіров әлеуметтік-экономикалық даму жылын алдын ала қорытындылауға арналған облыстық әкімдіктің отырысын өткізді. Оған аудандардың әкімдері, ведомстволар мен ұйымдардың басшылары қатысты.

Нұрсайын ШӘРІП,

“Солтүстік Қазақстан”.

Самат Ескендіров күн тәртібіндегі мәселелерді талқылауға кіріспес бұрын индустрияландыру мен туристік кластерді дамыту елдің өркендеуінде басты міндеттердің бірі саналатындығын, соған орай екі жаңа басқарманың құрылғанын айта келіп, жиналғандарға жаңадан тағайындалған Индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Марат Ысқақов пен Кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Алмас Хасеновты таныстырды.  

Салық департаментінің басшысы Қайрат Жолмұхамбетов республикалық және жергілікті бюджеттердің кіріс бөліктерінің 30 желтоқсанға дейінгі орындалу барысы жайына алдын ала қорытынды жасады. Қайрат Басғараұлының айтуына қарағанда, жыл соңына дейін облыстық бюджеттің кіріс бөлігін орындау үшін пәрменді жұмыс жүргізілген. Алайда, Ақжар, Айыртау, Жамбыл және Тимирязев аудандары басқа аудандар сияқты 10 пайыздық өсім бере алмайын деп отыр.  

Қаржы басқармасының басшысы Ескен Әкімжанов бюджеттің шығыс бөлігінің орындалу барысына сараптама жасап, жергілікті бюджетке тұрғын үй құрылысы мен емханалар салуға бөлінген мақсатты трансферттердің Ақжар, М.Жұмабаев, Мамлют, Тайынша, Есіл және Шал ақын аудандарында толығымен игерілмей жатқандығын атап айтты.

Әкімдік отырысында бюджеттің шығыс бөлігін орындай алмай отырған аудандардың әкімдері тыңдалды. Мұрат Тұрысбековтің (Ақжар ауданы), Қайрат Пішенбаевтың (М.Жұмабаев ауданы), Владимир Бубенконың (Мамлют ауданы) айтуына қарағанда, тұрғын үйлер мен ауызсу бағдарламаларына бөлінген қаржының игерілмеуі тендерлердің кеш өткізілуіне және мердігерлердің жауапсыздығына байланысты болып отыр.

– Тұрғын үй мен емхана құрылыстарына бөлінген трансферттерді басқа мақсаттарға жұмсай алмаймыз, сондықтан өз міндеттемелерін орындай алмаған мердігерлермен шартты бұзып, мәселені заң жүзінде шешу керек. Бұл алдағы уақытта осындай келеңсіз істерге жол бермеу үшін қажет, – деді облыс әкімі.

Самат Сапарбекұлы қаңтар айының басында өтетін жыл қорытындысына арналған кеңейтілген мәжілісте кемшілікке жол берген басшылардың қатаң жауапкершілікке тартылатындығын атап айтты.

Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Серікбай Тұралинов мемлекеттік қорға астық тапсыру барысы жайында баяндады. Серікбай Шәріпұлының айтуына қарағанда, облыс 25 желтоқсанға дейін 51 мың тонна астық тапсыруға тиіс болатын. Алайда, бұл жұмыс Ақжар, Шал ақын, Уәлиханов, Айыртау және Тайынша аудандарында сылбыр жүргізілген. Мемлекеттік қолдауды пайдаланып отырса да, бір килограмм астық тапсырмаған шаруашылықтар да бар. Сондықтан жоспар 94 пайызға ғана орындалып отыр.

Өңір басшысы Самат Ескендіров облыстың агроқұрылымдары мемлекет тарапынан зор қолдауға ие болып отырғандығын, соның арқасында 5 млн. тоннадан астам астық жиналғандығын, мемлекеттік қорға астық тапсыру міндет екендігін атап айтып, оның орындалуын жіті қадағалауды аудандардың әкімдеріне тапсырды. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp