«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БІЛІМІ АСҚАН ҚЫЗЫЛЖАР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өркениетті елдің білімі, жекелей дамуы сол елдің өлкелері мен түпкір-түпкіріндегі білімнің қалай тарап жатқанына байланысты. Бұл – адамзаттың ежелден ұстанып келген басты қағидасы. Осы мақсатта Солтүстік Қазақстан облысының білім саласы 2011-2020 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының білімді дамыту Мемлекеттік бағдарламасына қаншалықты сәйкес, оның деңгейі мен сапасы, жетістіктері мен кемшіліктері қандай екеніне назар аударуды жөн көріп отырмын. Өйткені, қазіргі уақытта өзім өсіп-өнген ауылым осы облысқа қарайды. Жергілікті жағдайды өз көзіммен көру мақсатында облыс орталығына да барып қайттым.

Бүгінгі таңда Солтүстік Қазақстанда 1400-ге жуық білім беру мекемелері жұмыс істеп жатыр. Оның ішінде 570 – жалпы білім беретін мектеп, 573 – мектепке дейінгі мекеме, 74 – қосымша білім беретін оқу орны, 30 техникалық және кәсіби білім беру орны бар. Облыста 2013 жылы білім беру саласына 36,6 млрд. теңге бөлінді. Қаржыландыру жыл сайын өсуде. Көзге көрінер ерекше көрсеткіш ол – мектепке дейінгі білім беру жүйесінде 3-6 жас аралығындағы облыс балаларының 89,1 пайызы қамтылғаны. “Балапан” бағдарламасы бойынша облыста 2013 жылдың ішінде 437 орын ашылыпты. Бұл игі іске жергілікті бизнес өкілдері белсенді қатысқан. Бүгінгі таңда 15 жекеменшік балабақшада 1332 бүлдіршін тәрбие мен білім алуда.  

Елімізде жүзеге асырылып жатқан индустриялық-инновациялық бағдарлама аясында облыста 33 инновациялық тұрпаттағы жалпы білім беру мектептері өз жұмыстарын атқаруда. Химия мен технологиялар бағдарларын қамтитын Назарбаев Зияткерлік мектебінің негізі қаланып, 720 орындық ғимарат салынуда. Оның жанынан 120 орындық жатақхана ғимараты ашылмақ. Сонау 90-шы жылдардың аяғынан бастап Солтүстік Қазақстан облысы республика бойынша бірінші болып, білім беру саласын ақпараттандыру жөніндегі Президенттік бағдарламаны жүзеге асыруға белсенді кіріскені туралы талай айтылған болатын. Қазіргі кезде мұнда “СҚО білім беру жүйесін ақпараттандыру” атты автоматтандырылған арнайы ақпарат базасы құрылған. Ол арқылы білім беру мекемелеріндегі оқу және тәрбие жұмыстарын жүргізу үрдісі туралы толыққанды мәлімет алуға болады. Жалпы мектептердің ақпараттық-коммуникациялық мүмкіндіктерін жаңарту ісі жоғары деңгейде қолға алынған. Мектептердің 35,7 пайызы кеңжолақты Интернет желісіне қосылып, оларға ең жаңа технологияларды меңгеруге жол ашылған.

Облыста қазіргі кезде жастарды нақты біліммен қаруландыру, ғылыммен дербес айналысуға тәрбиелеу міндеттері қойылып отыр. Соған байланысты түрлі шаралар ұйымдастырылып, сапалы нәтижелерге қол жеткізілген. “БЭСТ” мектеп-гимназиясының, Қазақ-түрік лицейінің, Есіл, Шал ақын, Айыртау аудандарының оқушылары биылғы жылғы сайыстарда үлкен нәтижелер көрсетіп, республикалық деңгейдегі жүлделерге қол жеткізген. Жалпы ұлттық тестілеу барысында облыс төртінші орын алған.

Биылғы жылғы Отанымыздағы ұлттық тарихқа деген бетбұрыс аталған өлкеде де өріс алғаны туралы айту артық болмас. Солтүстік Қазақстан облысының Білім басқармасы соңғы екі айдың ішінде-ақ ұлттық тарихты зерделеу мен насихаттауға арналған бірқатар маңызды іс-шаралар ұйымдастырып, өлкетануды сапалы дәрежеде дамыту ісін қолға алған. Бір ерекшелігі – мектептердің тарих пәні мұғалімдері білім беру мекемелері мен кәсіби тарихшылар алдында баяндамалар жасап, тарихтың даму жолдарына деген өзіндік пікірлерін айтқан. Мысалы, 30 қыркүйекте өткен “Қазіргі кезеңдегі Қазақстан Республикасында тарих ғылымының басты бағыттарын жаңарту” атты “дөңгелек үстел” барысында стратегиялық талаптар мен оларды жүзеге асыру жолдарын Тайынша ауданының Зеленогай орта мектебінің тарих пәнінің мұғалімі В.Червинский, Аққайың ауданының Аралағаш орта мектебінің тарихшысы З.Сапарова, Өнер колледжінің ұстазы А.Тюрин, Мағжан Жұмабаев атындағы Гуманитарлық колледждің тарих пәнінің оқытушысы Б. Амалбекова дәлелдеп берген. Сонымен қатар күрделі болып есептелетін тарих теориясы мен әдістемесі жайында баяндамалар жасаған. Жалпы облыс бойынша тарихты зерделеу жөнінде арнайы тұжырымдамалар мен нақты нәтижелерге қол жеткізу жолдарына арналған іс-шаралар жүйелі және кешенді түрде қолға алынғаны мәліметтерден бірден байқалады.

Облыс ұстаздарының шығармашылық зерттеулері ғылыми ойдың шынайы қозғаушысына айналып, тарихи үрдістермен таныстыруда. Олар тың проблемаларды алға тартады, жаңа қайнарларды пайдалану, бұрыннан белгісіз ойлар қорытындылауға, оқушының санасын оятуға жәрдемдесуде. Мұның күнделікті тәжірибелік үлгісі, әсіресе, тұрмысы нашар немесе жетім балалардың жағдайынан байқалады. Облыстың орталығында орналасқан жетім балаларға арналған интернат болсын, арнайы солар үшін әкімдік жәрдемімен көтерілген үйлер болсын, осының барлығын өз көзіммен көргенімде педагогика, білім теориясы мен өмірдің Қызылжар өлкесінде қалайша парасатты түрде ұштасып жатқанына көзім жетті.

Саттар МӘЖИТОВ,

тарих ғылымының докторы,

 профессор.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp