«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЫСЫРАПТЫ АЗАЙТСАҚ, ЫРЫСЫМЫЗ КӨБЕЙЕДІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Тұрғындарды сумен, газбен, жылумен және электр қуатымен қамтамасыз ету оларды сақтау мәселесімен тікелей байланысты. Бұл қорларды тиімді пайдалану, оларды сақтауға деген қамқорлық, әрбіреуіміздің оларды үнемдеуге қатысуымыздың маңыздылығын түсіну тұтынушылар үшін әрдайым көкейкесті болып қала береді. 

Антон ФЕДЯЕВ,

Солтүстік Қазақстан облысының Энергетика және тұрғын үй- коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы.

Біздің қоғамымызда қорларды сақтау бойынша ең саналылық танытатындар – зейнеткерлер. Олар қажетсіз жағдайда бөлмелердегі жарықты өшіруді, суды тоқтатуды ешқашан ұмытпайды, терезенің желкөзін ашып, жылуды да бейберекет шығындамайды, газ плитасының реттегішін барынша ашпайды да. Тұрғындардың ересек топтары коммуналдық қызметке барынша аз төлемақы төлеу үшін әрдайым үнем жасайды. Жекелеген Еуропа елдерінде жуыну үшін суды біз сияқты барынша ағызбайды.

Көбіміз төлемақысын уақытында төлеп тұрғаннан кейін электр қуатын, газды қанша керек болса, сонша пайдалана аламыз деп ойлаймыз, күндердің бір күнінде желілердің тозатындығына және қорлардың сарқылатындығына бас ауыртып жатпаймыз. Өйткені, жыл сайын коммуналдық қызметке төленетін тарифтерді тұрақты түрде өсіруге осы базалық факторлар негіз болатындығын назарға да алмаймыз.

Петропавл қаласында сумен жабдықтауды және суды бөліп беруді су тазарту қондырғыларымен жабдықталған “Қызылжар су” АҚ іске асырады. Кәсіпорын 300 шақырым сумен жабдықтау және 240 шақырым кәріз желілеріне қызмет көрсетеді. Тәуелсіз аудиттің дерегі бойынша кәсіпорын желілері мен нысандардың тозуы шамамен 74 пайызды құрайды.

Облыс орталығы тұрғындарының 78 пайызы суық судың есептегіш құралдарын пайдаланады. Есептегіштер тек есептеу үшін ғана емес, қаражатты үнемдеу үшін де керек, себебі олар коммуналдық қызметке артық төлемақы төлеуден қорғайды. Суды үнемдеудің бірнеше түрлі жолы бар, оның ішінде унитаздардың су ағызуы реттелетін күбішелерін де пайдалануға болады.

Балансында 300 торапты сыйымдылық қондырғылары (ТСҚ) мен 424,8 шақырым газ құбыры желілері бар “Горгаз-сервис” ЖШС Петропавл қаласының 675 көпқабатты тұрғын үйіне қызмет көрсетеді. Олардың қарауындағы аулаішілік желілердің тозуы – 83,1, ал ТСҚ-нікі 81,74 пайызды құрайды. Абоненттердің 96 пайызы есептегіш құралдармен қамтылған. Газды үнемдеп пайдаланудың тиімді жолы – тамақты қақпағы жабық жайпақ ыдыста әзірлеу. Бұл қарапайым құпияны ас әзірлейтін әйелдердің көпшілігі біледі.

“Солтүстік Қазақстан ЭТК” АҚ тұрмыстық сектордың 153517 абонентінің және алты мыңдай Петропавл қаласының және облыстағы сегіз ауданның өнеркәсіп, бюджет, коммерция және басқа да тұтынушыларының мекенжайына электр қуатын жеткізіп беруді қамтамасыз етеді. Облыс орталығындағы электр қуатын беретін желілердің ұзындығы 1100 шақырымдай, олардың орташа тозуы – шамамен 70 пайыздай.

Пайдаланған кезде электр қуатын үнемдеу үшін бәрінен бұрын өз желіңізге рұқсатсыз қосылуға жол бермеуіңіз керек. Әрі қарай үнем жасаудың әртүрлі жолдарын қарастырған жөн. Мысалы, бірқалыпты жарықтандыру жүйесін құру, қатты қызатын шамдарды электр қуатын үнемдейтін түрлеріне ауыстыру, электр аспаптарын қуатына қарай таңдау, тұрмыстық электр аспаптарын жоғары сыныпты тиімділігіне қарай сатып алу.

Қаланың кейбір тұрғындары күндізгіден түнде электр қуатының арзан болатындығына байланысты үшаймақтық тарифке көше бастады. Ол кәсіпорындар үшін міндетті саналады. Заңды тұлғалар үшін 07.00-ден 19.00 сағатқа дейін – 11,71 теңге/кВсағ., 19.00-ден 23.00-ге дейін – 30,12 теңге/кВсағ., 23.00-ден 07.00-ге дейін – 3,74 тең-ге/кВсағ. Жеке тұлғалар үшін электр қуатына үшаймақтық тариф 23.00-ден 07.00 сағатқа дейін 3,31 теңге/кВ- сағатты, ал 07.00-ден 23.00-ге дейін 13,7 теңге/кВсағатты құрайды. Облыс тұрғындарының бір бөлігі осы тарифке көшті.

Тұрғын үй қорын, бюджеттік саланы энергиямен қамтамасыз ету ұйымдары мен энергия сыйымдылығы кәсіпорындарын қоса есептегенде, барлық салаларда энергия сыйымдылығын азайту үшін облыстық әкімдік биылғы маусым айында 2013-2015 жылдарға арналған Кешенді энергия үнемдеу жоспарын әзірлеп, бекітті. Көрсетілген мерзімде өңірдің кәсіпорындары мен мекемелеріне энергия үнемдеу шараларын орындауға 63,5 млрд. теңге бағыттауды жоспарлап отыр, оның 5 млрд. теңгесі – тұрғын үй қорына.

Үстіміздегі жылғы тоғыз айда энергетикалық кәсіпорындар алты мың тоннадай шартты отынды (тут) үнемдеді. №2 жылу-электр орталығында (ЖЭО) екі қазандық агрегаты қалпына келтірілді, турбоагрегатты ауыстыру және қазандық агрегаттарының шаң жұтқышына жиілік-реттеу құрылғыларын орнату жүргізілуде. Электржелілік компанияларда қосалқы станцияларды қалпына келтіру, аспалы сымдарды ауыстыру, энергияны коммерциялық есепке алудың автоматты жүйесін енгізу жүргізіліп жатыр.

Осы кезеңде өнеркәсіп кәсіпорындары – 548 тут, бюджеттік ұйымдар 108 тут үнемдеді.

“Петропавл жылу желілері” ЖШС-інде Кешенді жоспар аясында жылу құбырлары оқшауланған құбырлармен ауыстырылды, кәсіпорын №2 ЖЭО-нан алып, қаланың тұрмыстық секторындағы 68 мың абонентінің және өндірістік, бюджеттік, коммерциялық және басқа тұтынушылардың екі мың абонентінің мекенжайына жеткізіп беруді қамтамасыз ететін энергияны коммерциялық есепке алудың автоматты жүйесі қосындары орнатылды.

Кәсіпорынның жылу желілерінің жалпы ұзындығы 230 шақырымдай. Олардың жалпы тозуы – 70 пайыз, сорғы станцияларынікі – 35 пайыз. Торапты желінің 61,6, орамішілік жылу желілерінің 103,4 шақырымы ауыстыруды қажет етеді. Осы сандардың өзі жылу қуатын үнемдеп пайдалану туралы ойға жетелейді.

ТКШ-ны жаңғырту бағдарламасына қатыса отырып, көптеген қала тұрғындары жертөледегі коммуникацияларды, шатырларды, кіреберістерді жөндеп, жылу үнемдеу жөніндегі шараларды өткізуге шешім қабылдауда.

Қуаттарды тиімді пайдалану – мемлекеттік саясат, бәсекеге қабілетті экономика факторларының бірі болып табылады. Сондықтан қуат үнемдеу – бәріміздің бірлесіп шешетін ортақ міндетіміз.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp