«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АДАЛ ЕҢБЕГІМЕН АБЫРОЙҒА БӨЛЕНГЕН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Аудан әкімдігінде “Нұр Отан” партиясының мүшесі, аудандық мәслихаттың депутаты, “Гусаковка” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Навои Сердалиннің 55 жасқа толуына байланысты салтанатты жиын болып өтті.

Бағлан ҚОЖАҚОВ,

журналист.

Осы күні мерейтой иесі шынайы құттықтауларды қабылдады. Аудан әкімі Ағзам Тастеміров көпшілік алдында мерейтой иесі Навои Мақатайұлына өзінің құттықтау хатын оқып, арнайы сыйлығын табыстады. Көрсетілген құрмет жерлесіміздің ауданның ауыл шаруашылығы саласын дамытудағы үлесінің зор екенін байқатады.

Н.М. Сердалин 1958 жылы Көкшетау облысы Уәлиханов ауданында дүниеге келіп, балалық шағы осы облыстың Щучье ауданына қарасты Лесное ауылында өтеді. Аталмыш ауылдың сегізжылдық мектебін бітірген соң, Навои Мақатайұлы 1973 жылы Зеренді ауданы Шағалалы ауыл шаруашылығы техникумына механик мамандығы бойынша оқуға түседі. 1977 жылы аталмыш оқу орнын аяқтаған соң, екі жыл 1977-1979 жылдары КСРО-ның Қарулы күштері қатарында әскери міндетін өтейді. Әскер қатарынан оралған соң, 1979 жылы алғашқы еңбек жолын өзінің балалық шағы өткен Щучье ауданына қарасты “Первомайское” кеңшарының машина-трактор шеберханасында механик-бақылаушы болып бастайды. Өзінің білімдарлығымен, жұмысқа деген алғырлығымен көзге түскен Навои Мақатайұлы 1981 жылдан бастап машина-трактор шеберханасын басқарады. Жұмысты оқумен қатар ала жүре 1984 жылы Целиноград ауыл шаруашылығы институтының механика бөлімін тамамдаған соң, бірден оны жоғары білімді жас маман ретінде Арықбалық ауданына жібереді. Жоғары оқу орнын бітіріп келген Навои Сердалин ауыл шаруашылығының әр саласында әртүрлі қызметтер атқара келе, автомобиль паркінің меңгерушісі, Арықбалық ААБ-нің пайдалану жөніндегі инженері, “Гусаковка”, “Новосветловка” кеңшарларында бас инженер болып істейді. Ал 1998 жылы “Гусаковка” өндірістік кооперативі базасында “Гусаковка” ЖШС-і құрылып, Навои Мақатайұлы сол серіктестікке директор болып тағайындалады.

Мемлекет тәуелсіздігінің қиын жылдарында серіктестік қиыншылықтарға қарамастан, дәнді және майлы дақылдардың, көпжылдық шөптердің репродуктивті тұқымдарын өндірумен және сыртқа шығарумен айналысты. Жыл сайын агротехниканың ережелерін сақтаудың арқасында тұрақты өнімге қол жеткізіліп, бидай шығымдылығы гектарынан 10,5-тен 18,5 центнерге көтерілді. Былтырғы жылы серіктестік 10 мың гектардан астам алқаптың 8433 гектарына дәнді дақылдар сеуіп, оларды толығымен орып, гектарынан орташа алғанда 14 центнерден өнім өндіріп, қамбаға да құйып алған, 838 гектарына – майлы дақылдар, ал 830 гектар алқапқа біржылдық шөптер отырғызылыпты.

Сонымен қатар серіктестікте мал шаруашылығы да дамуда, қырдың қызыл асылтұқымды ірі қара мал саны мың бастан 1657-ге өсті, ал қазақтың асылтұқымды ақ бас сиырлары 208 басты құрайды. Екі мыңға жуық ірі қарадан жас тайыншалар мен бұзаулар да бар. Сүт және ет өнімдері жыл сайын артуда. Шаруашылық “асылтұқымдық” дәрежесін алды, өзге шаруашылықтардың сұранысы бойынша асылтұқымды қара мал өсірумен айналысуда.

Жыл сайын серіктестіктің машина-трактор паркі де жаңартылуда. 15 комбайн, культиватор, “Челенджер” бүріккіші, үш “Джон Дир” тұқым себу кешені, үш “Джон Дир”, екі “Мега-350”, бір “Тукан” комбайндары, 9 тіркемелі жатка және “КамАЗ” автомобильдері мен жаңа заманауи тракторлар сатып алынған.

Навои Мақатайұлы ауылдың әлеуметтік-мәдени саласына және ауылдарды көркейту ісіне де үнемі қаражат бөледі. Ауданда өтетін атжарыстарға ұдайы демеушілік жасайды. Шаруашылық есебінен ауылда су құбыры салынып, ауыл ішіндегі және ауылдар арасындағы жолдарға жүйелі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Ауылда тұрғындар үшін монша, наубайхана, округ орталығында жастарға арналған демалыс орталығын да ашып берді.

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында Навои Мақатайұлы серіктестік ғимараты мен демалыс орталығының алаңына асфальт төсеп, ауыл тұрғындарына сыйлық жасады. Ол үнемі мектептің және ауылдық дәрігерлік емдеу мекемесінің жөндеу жұмыстарына демеушілік көмек көрсетеді. Гусаковка ауылында 40 балаға арналған шағын орталық ашылғанда серіктестік басшысы демеушілік жасап, жөндеу жұмыстарын шаруашылық есебінен атқарды.

Ол үнемі соғыс және еңбек ардагерлеріне материалдық көмек көрсетіп, тұрғындардың аз қамтылған бөлігіне жыл сайын жеке шаруашылығын жүргізу үшін мал азығын бөледі, қажетінде жанармаймен де қамтамасыз етеді.

Көп жылдан бері Навои Сердалин басқаратын серіктестік аудандағы жетім және ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған Айыртау мектеп-интернатындағы төртінші отбасының демеушісі болып табылады. Жыл сайын интернатта өткізілетін әртүрлі мерекелер мен шараларда серіктестік басшысы үнемі қарамағындағы отбасы тәрбиеленушілерімен тығыз байланыс орнатып, ұдайы материалдық көмек көрсетіп тұрады.

Беделді азамат аудандық мәслихатқа үш рет депутат болып сайланды. Халық қалаулысы ретінде ол көп жұмыс атқарып, жастарды мәдениетке және адамгершілікке тәрбиелеумен айналысуда. Үш шақырылым бойы ол ауыл шаруашылығы және экология саласы, экономика, бюджет, салық және қаржы салалары мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның құрамында. Азаматтарды қабылдап, олардың өмірлік мәселелеріне жанашырлықпен қарайды. Ауылдық округтер әкімдерімен тығыз байланыста жұмыс істейді.

Жоғарыдағы жеткен жетістіктері ел алдында еленіп, Навои Мақатайұлы Сердалин 2001 жылы “Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл”, 2006 жылы “Қазақстан Республикасының Парламентіне 10 жыл” мерекелік медальдарымен, 2008 жылы “Ерен еңбегі үшін” медалімен, облыс әкімінің Құрмет грамотасымен және 2009 жылы республикалық ауыл шаруашылығы қызметкерлері кәсіподағының І дәрежелі “Еңбек даңқы” белгісімен марапатталды.

  Суретті түсірген автор.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp