“Мұғалімдіктің басты шарты – шыдамдылық пен оқушыға деген сүйіспеншілік. Осы екеуі болса, мектепке бір кірсең, қайтып кете алмайсың. Оны мен өз басымнан өткердім”, – деп әңгімесін бастаған Берік Жомартов Тайынша ауданындағы орыс тілінде оқытатын Дашка-Николаевка негізгі мектебінде өзге ұлттың балаларына қазақ тілінен сабақ береді. Бұған дейін Кантемир орта мектебінде қызмет атқарған Берік Базарбайұлы 16 жыл ұстаздығының 7 жылын осы мектепте өткеріп келеді.
Дашка-Николаевка негізгі мектебінде алпыс шақты бала білім алады. Мектепте бала саны аз болғанымен, біріктірілген сыныптар жоқ. Білім ошағының материалдық-техникалық жабдықталуы көптеген ауылдық мектептерге қарағанда көш ілгері, Интернетке шығуға, жұмыс істеуге мүмкіндіктері бар. Тек бір олқы тұсы – интерактивті тақта жоқ.
Қазіргі мұғалімнің міндеті – жан-жақты дамыған, сыни тұрғыдан ойлайтын, өздігінен жұмыс істеуге дайындалған, шығармашыл оқушы тәрбиелеу. Ол үшін ұстаздың өзі соған дайын болуы керек. Берік Жомартов “Өзге ұлттың балаларын сауатты жазуға, оқуға үйрету” мәселесі бойынша жұмыс істейді. Балалардың барлығы бірдей қазақ тілін меңгеруге құлшыныс білдірмесе де, тілді үйренуге қызығушылық танытатын оқушылар бар. Олар өз еріктерімен аудан, облыс көлемінде ұйымдастырылатын олимпиадалар мен Абай, Мағжан, Шәкәрім, Махамбет оқуларына қатысып, жүлделі орындарды иеленіп жүр.
Ұстаз – шәкірттің мектепте үлгі тұтар тұлғасы. Сондықтан оқушыларына үлгі болу үшін Берік Базарбайұлының өзі де аудан, облыс көлемінде мұғалімдер арасында ұйымдастырылатын түрлі шаралардан қалыс қалмайды. Өзінің іс-тәжірибесімен бөлісу үшін Тайынша қаласында қазақ тілі мен әдебиеті пәндері мұғалімдерінің арасында шеберлік сыныбын берген. “Жүзден – жүйрік” байқауының аудандық кезеңінде жеңімпаз болса, облыстық турда жүлделі орынға ие болған.
– Жаңа форматты мұғалім – қазіргі заман талабы. Біз түрлі деңгейдегі байқауларға қатыса отырып, өзіміздің кемшіліктерімізді байқаймыз, шыңдаламыз, білімімізді жетілдіреміз. “Жүзден – жүйрік” байқауында өз тәжірибемді ортаға сала отырып, өзге мұғалімдердің жаңа әдіс-тәсілдерінен үйрендім. Өзімнің әріптестеріме айтарым: байқауларға қатысудан қашпау керек. Тәжірибемді тарату мақсатында “Ойын технологиялары арқылы балалардың тілін дамыту” деген әдістемелік құралымды шығардым. Онда ұстаздық еткен жылдарымдағы жинақтаған материалдарымды әріптестеріме ұсындым. Бастауыш буыннан 5-сыныпқа келгенде оқушылар өтпелі кезеңді бастарынан өткереді. Олардың тәртібінде, сабақ үлгерімінде көптеген ауытқушылық пайда болады. Көпшілігі сабақ барысында мұғалімді тыңдамай, өз беттерімен отырады. Осындай кезеңдерде сабақтарыма ойын элементтерін жиі енгіземін. Өзге ұлт балаларына қазақ тілін үйрету зор шеберлікті қажет етеді. Ойынның түрлері жеткілікті. Олар: рөлдік, сюжеттік, дидактикалық, ұлттық, тағы басқа ойындар. Тек соларды уақтылы, қажет жерінде ұтымды қолдана білген жөн, – дейді бірінші санатты ұстаз.
Жүйелі жұмыстың нәтижесінде мемлекеттік аралық тестілеуден өткен кезде оқушылары аудан бойынша бірінші орын алған. Алдынан түлеген шәкірттерінің арасында мұғалімдік жолын таңдағандары бар. Олар қазір еліміздің әр жерінде ұстаз болып жүр. Бұл – ұстаз мерейі.
Биылғы оқу жылында мектеп бағдарламасына “Абайтану” курсы енгізілуіне орай Берік Базарбайұлы “Абайдың қара сөзін сыни тұрғыдан ойлау технологиясы арқылы балаларға түсіндіру” бағытында жұмыс атқаруда. Ұстаздың айтуынша, Абайдың қара сөздерінің астарын түсіну, оның мағынасын, сырын ұғынудың өскелең ұрпақ үшін тәрбиелік мәні зор. Сондықтан ол оқушыларын жан-жақты сауаттылыққа, ұйымшылдыққа үйретіп қана қоймай, Абайдың қара сөздері негізінде тәрбиелеп те жүр. Нағыз адам тұлғасын қалыптастыру үшін алдымен тәрбие қажет, тәрбиесіз берілген білім білім болмайды. Сондықтан ол өзін ең алдымен тәрбиеші, содан кейін мұғалім ретінде санайды.
– Мектепке баланы тәрбиелейтін ер адамдар керек. Білім саласында еңбек етіп жүрген ер мұғалімдер сонау 1990 жылдардағы қиын кезеңде мектепті тастап кетті. Қазір мектепте жұмыс істегісі келетін ер-азаматтар саусақпен санарлық. Мұғалім – қызығынан қиындығы басым мамандық. Ол әдістемелерді көп қолдануды, ізденуді, жазуды, ерінбей еңбектенуді керек етеді. Ұстаздық жолымды алғашқы бастаған кезде 16 жыл мұғалім боламын деп ойлаған жоқ едім, қазір маған ұстаздықтан асқан мамандық жоқ сияқты. Мүмкін оған 40 жылдан астам өмірін бастауыш сыныптың кішкентай бүлдіршіндеріне арнап, ұстаздық еткен, КСРО-ның “ҚР Білім беру ісінің үздік қызметкері” атағын алған анамның да ықпалы болған шығар? Бізге анамыздың еңбек жолы – өнеге. Өйткені, ағам Талғат, әпкем Роза, зайыбым Айнұр да ұстаздар, әрқайсысы бір-бір мектепті басқарып отыр. Әпкем Райхан, қарындасым Айжан да мұғалім. Маған қайта мамандық таңдау мүмкіндігі берілсе, тағы да мұғалімдікті қалар едім, – дейді өзге ұлт өкілдерінің балаларын қазақша сөйлету үшін тер төгіп жүрген ұстаз Берік Жомартов.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.