«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БЕС КҮНДЕ – 13 ӨРТ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жаңа жылдың алғашқы бес күнінде облыста 13 өрт болып, алдын ала жасалған есеп бойынша 600 мың теңгеден астам материалдық шығын келді. Отта 1 адам қайғылы қазаға ұшырады.

Қызылжар ауданындағы Налобино ауылының 47 жастағы тұрғыны үшін Жаңа жылдың бірінші күні қайғылы аяқталды. Мереке қарсаңында ерлі-зайыптылар үйдегі линолеумді ауыстырып, пеш алдындағы шоқтан қорғайтын қаңылтырды орнына қоюға ұмытып кеткен. Ал пештің қақпағы толық жабылмай, одан жанып жатқан көмір түскен. Өрттің шығуына және үй иесінің қайғылы қазаға ұшырауына осы қаңылтырдың жоқтығы себеп болған. От тақтай сәкіні, үйдің қабырғалары мен төбесін, мүліктерді жарамсыз еткен.

Өрт қауіпсіздігін сақтамай, темекі шегу Жамбыл ауданындағы Железное ауылының 52 жастағы тұрғынының баспанасыз қалуына әкеліп соқтырды.  

Облыс орталығының Н.Болатбаев көшесіндегі 9 қабатты үйдің бір пәтерінен шыққан өртке теледидар сымдарының қысқа тұйықталуы себеп болды. От жалыны жеке мүліктерді, пластикалық терезені жарамсыз етіп, пәтердің ішін ыстады. Өрт сөндіру кезінде 60 адам қауіпсіз жерге көшірілді.

Осындай төтенше жағдайлар Қызылжар ауданындағы Соколовка, Ғ.Мүсіреповтегі – Новоишимка, Ақжардағы – Ленинград, Айыртаудағы – Саумалкөл, М.Жұмабаевтағы – Возвышенка, Есіл ауданындағы Явленка ауылдарында да орын алды.

Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның Гаршино ауылындағы “СП Гаршино” ЖШС-нің екі қабатты кеңсесінен шыққан өрт ғимараттың шатырын зақымдады. Оған пеш өңешінің ақауы себеп болып отыр.

Петропавлдағы Кошуков көшесінде бесқабатты үйдің 1-ші қабатында орналасқан “Камелот” дәмханасында тоңазытқыш сымдарының қысқа тұйықталуынан түн ортасында шыққан өрт тұрмыстық техниканы, асүйдің есігін, ағаштан жасалған баспалдақтарды жарамсыз етті. Бұл кезде дәмхана жұмыс істемеген. От орнынан 1 газ баллоны, тұрғын үйден 27 адам, оның 3-еуі бала қауіпсіз жерге көшірілді.

Тайынша ауданының 102-шақырымындағы “Теңіз-Тайынша” өткелегінде жүк составының тепловозынан өрт шығып, оның “А” және “Б” секциясындағы электр жабдықтарды зақымдады.

Есіл ауданының орталығындағы автобекеттің дәмханасынан шыққан өрт асүйді, дәмхананы, пластикалық терезені, тұрмыстық техниканы бүлдірді.

  СҚО ТЖД-нің баспасөз қызметі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp