«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БОЛАШАҚ ҒЫЛЫМ мен ӨНДІРІСТІҢ БІРЛЕСУІНДЕ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Марат ЫСҚАҚОВ,

облыстық Индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысы.

Солтүстік Қазақстан облысы өнеркәсіп кешені дамыған өңірлердің қатарына жатады. Облыста 792 кәсіпорын мен өндіріс орны өнеркәсіп өнімдерін шығарады, онда 19670 адам еңбек етеді. Олар жалпы өңірлік өнімнің (ЖӨӨ) оннан бірінен (1/10) астамын шығарады. ЖӨӨ-дегі өнеркәсіп үлесі 2008 жылғы 9,1 пайыздан 2012 жылы 10,6 пайызға дейін өсті.

Өнеркәсіп өнімі көлемінің өсімі оң серпін байқатады. Бес жылғы кезеңде 2008 жылдан бастап оның көлемі 24,6 пайызға өсті немесе орта есеппен жылына 4,6 пайыз.

Сала дамуының негізгі бағыттары: облыста өндірілген ауыл шаруашылығы өнімдерін (астық, ет, сүт) өңдеу, машина жасау өнімдерін өндіру (жылжымалы темір жол составы, мұнай мен газ шығаруға және өңдеуге арналған құрал-сайман), электр қуатын өндіру және тарату. Сонымен бірге құрылыс материалдары, дайын металл, резеңке, пластмасса бұйымдары, химия, металлургия өнеркәсібі өнімдері, киімдер, былғары өнімдері, жиһаздар сияқты өнеркәсіп өнімдері де шығарылады.

Машина жасау ауыл шаруашылығымен бірге облыстың бренді саналады.Ұлы Отан соғысы жылдары Петропавлға Ресейдің орталық бөлігінен ең дамыған өнеркәсіп кәсіпорындарының көшірілуіне байланысты машина жасау ерекше өріс алды. В.В.Куйбышев атындағы зауыт (“ЗИКСТО” АҚ), атқарушы механизмдер зауыты (“Мұнаймаш” АҚ), С.М.Киров атындағы зауыт, шағын литражды двигательдер зауыты сияқты кәсіпорындар соғыс жылдары майдан үшін өнім шығарды.

Кеңестік кезеңде 1960 жылы Петропавл ауыр машина жасау зауытының салынуымен аталмыш сала жаңаша серпін алды. Өткен ғасырдың 90-шы жылдарының басында кәсіпорын әскери-өнеркәсіп кешені үшін өнім шығаруға маманданды және онда 35 мың жоғары білікті маман еңбек етті.

Тарихтың жаңа кезеңінде машина жасау кәсіпорны конверсиядан өтіп, өздерінің өнеркәсіптік әлеуетін сақтап қалды және өздерінің өндірісін азаматтық өнімге көшірді. Еліміздің жетекші кешендері үшін бәсекеге қабілетті жаңа өнім түрлерін шығару игерілді, инновациялар белсенді түрде енгізіле бастады. Кәсіпорын шығаратын бұрғылау кешендері, жүк вагондары, мұнай сорғылары және басқа өнімдер ең жоғары әлемдік сапа үлгісіне сәйкес келеді.

Бүгінгі күні облыстағы өнеркәсіп өндірісі көлемінің бестен бірі машина жасау үлесіне тиесілі немесе ұқсату өнеркәсібі көлемінің үштен біріне тең.

Кәсіпорын жаңғырту үдерісіне белсенді кірісіп кетті. Олар өз өндірістерін дамыту үшін мемлекеттік қолдау тетіктерін тиімді пайдаланады.

“ЗИКСТО” АҚ республикада бірінші болып жүк вагондары өндірісін игерді, “Мұнаймаш” АҚ “Өнімділік – 2020” бағдарламасы аясында өз өндірісін жаңғыртты. “ПАМЖЗ” АҚ, С.М.Киров атындағы зауыт және басқалары өз өндірістерін жаңғыртуға даму институттарының қолдауын пайдаланды.

Индустрияландырудың бірінші бесжылдығы барысында өңірлік Индустрияландыру картасы аясында инвестиция көлемі 41 млрд. теңгедей болатын және 1800 жұмыс орнын құратын 30 жоба жүзеге асырылуда. Қазіргі уақытқа дейін сомасы 25,8 млрд. теңгенің 26 жобасы іске қосылды, 1 мыңдай жұмыс орны ашылды. Жыл соңына дейін тағы бір жоба өндіріске енгізіледі, ол – сүт өңдеу жөнінде заманауи технологияларға негізделген “Зенченко және К” КС-нің сүт өңдеу зауыты. Индустрияландыру картасындағы басқа жобалар іске қосылу мерзімі бойынша индустрияландырудың екінші бесжылдығына өтеді. Олардың арасынан 2018 жылы пайдалануға берілетін құрамында қалайы бар бір миллион тонна кенді өңдеуге арналған Сырымбет тау кенметаллургия комбинатының құрылысын ерекше атауға болады.Ол – 70 млн. доллар инвестиция, 500-ден астам жұмыс орнын құру, жаңа технологияларды енгізу. Бүгінде “Сырымбет” кен орнында геологиялық-барлау жұмыстары жүргізілуде.

Индустрияландыру картасымен бірге өңір экономикасы үшін бірнеше маңызды жобалар жүзеге асырылып жатыр. 2014 жылы Петропавл ауыр машина жасау зауыты энергетикалық қазандық жабдықтарын сериялап шығару жөніндегі жобаны аяқтайды, ол кәсіпорынның бірегей өніммен энергетикалық жабдықтар нарығына шығуына және республиканың барлық ГЭС-терін тапсырыспен қамтуына мүмкіндік береді.

Индустрияландырудың екінші бесжылдығында біздің кәсіпорындарда инновацияларды енгізу жалғасады.

“ПАМЖЗ” АҚ “Ақ бұлақ” бағдарламасы аясында Қазгеология Ұлттық геологиялық-барлау компаниясы үшін бұрғылау қондырғыларын бірлесе игеру өндірісіне қатысатын болады. “ЗИКСТО” АҚ 500 мың шақырымға дейін көтеріңкі жөндеуаралық қормен жартылай вагондар мен жүк арбашаларын шығаруды, жүк вагондарының қалыпты дәнекерлеу арбашалары үлгісін әзірлеуді жоспарлап отыр. “Мұнаймаш” АҚ ақпараттық терминалдар көмегімен өндірісті қолдау мен бақылаудың заманауи жүйесін игеруде. Киров атындағы зауыт темір жол, мұнай-газ кешендері мен ҚР Қорғаныс министрлігі мұқтаждығы үшін радиоэлектронды аспаптар өндіруді, сандық теледидар ұйымдастыруға арналған техникалық құралдарды дамытады.

Облыстың минералдық-шикізаттық әлеуетін игеру мақсатында бірнеше жобаларды жүзеге асыруға арналған жұмыс жалғасын табады. Мысалы, Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның “Бақсы” кен орнында мысалтын кенін зерттеу және өндіру жұмысы. Ол зор әлеуетке ие, оны игеру кен байыту комбинаттары құрылысын салуға және шикізатты тереңдете өңдеуге арналған жаңа өндіріс орындарын құруға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта 6 жыл бойы құны 1 млрд. теңгенің барлау жұмыстарын жүргізуді қарастыратын келісімшарт жасалды.

Айыртау мен Ғ.Мүсірепов атындағы аудандардың қиылысқан жеріндегі “Володарское” кен орнынан полиметалдарды барлау және өндіру де қолға алынбақ. Венгерлік компания 6 жыл бойы барлау жұмысына 5 млрд. теңге жұмсамақ.

Құрылыс материалдары өндірісін дамытудың болашағы да зор. Облыста құм, қиыршық тас, бетон өнімдері, есік-терезе, сэндвич панельдер, құбырлар және басқа бұйымдар сияқты құрылыста қолданылатын өнімдердің түр-түрі шығарылады.

“Петропавл құрылыс материалдары зауыты” ЖШС-нің қатысуымен 2014 жылы облыста үй құрылысы комбинатын құру мәселесі қолға алынбақ.

“Есиль Строй KZ” ЖШС кірпіш зауыты құрылысы үшін грант алуға Технологиялық даму агенттігіне өтінім берді.

Осы бағытта өсу әлеуеті “Қолжетімді тұрғын үй – 2020”, “Ақ бұлақ”, “ТКШ-ны жаңғырту” мемлекеттік бағдарламаларына қатысу арқылы қамтамасыз етіледі.

Бұған қоса өңір жел энергиясын дамытуды да жоспарлап отыр. Оған “Зенченко және К” КС мысал бола алады. Онда орнатылған қуаты 1,5 мегаваттық екі жел энергиясы қондырғысы шаруашылықтың электр қуатына мұқтаждығын жауып отыр. Баламалы энергетиканы дамыту қоршаған ортаға түсетін салмақты азайтады. Бұл біздің “жасыл экономикаға” қосқан үлесіміз болмақ.

Өңірдің инновациялық инфрақұрылымымен 3 ғылыми ұйым айналысады. Онда 325 маман ғылыми-зерттеу жүргізіп, оларды өндіріске енгізуге дайындайды. Бұдан басқа мұнай-газ жабдықтарын жобалауға арналған Конструкторлық бюро жұмыс істейді.

2012 жылы сомасы 325 млн. теңгенің ғылыми-техникалық жұмыстары орындалды. Ауыл шаруашылығы, жаратылыстану және гуманитарлық ғылымдар саласындағы зерттеу ғылыми-техникалық қызметтің басым бағыттары саналады. Кәсіпорындардың 2012 жылғы инновациялық белсенділігі 10,4 пайыз болып, олар сомасы 6019,2 млн. теңгенің инновациялық өнімдерін шығарды.

Өңірдің индустриялық-инновациялық дамуы Петропавл қаласында индустриялық аймақ құруға және оны дамытуға жағдай жасайтын болады. Бүгінгі күні индустриялық аймақ құру тұжырымдамасы әзірленіп, оны орналастыруға арналған 148 гектар жер учаскесі белгіленді.

Қазір кәсіпорын интеграция жағдайында жұмыс істей отырып, әріптес елдер нарығының қысымын сезінуде. Сондықтан өндіріс орындарының басшылары өзіндік бәсекелестікті қамтамасыз ету үшін өндірісті толық жаңғырту, ең алдыңғы озық технологияларды пайдалану қажеттігін жақсы біледі. Өйткені, болашақ ғылым мен өндірістің бірлесе тиімді іс атқаруында жатыр.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp