«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕҢБЕГІ ЖАНҒАН АНАР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Адамның адамшылығы жақсы ұстаздан басталады” деп Абай айтқандай, мектептің тірегі де, жүрегі де – мұғалім екені анық. Айыртау ауданындағы №2 Саумалкөл гимназия-мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Анар Сүлейменова – жаңа технологияны меңгерген білікті, жоғары білімді маман, алға қойған мақсаттарын рет-ретімен жүзеге асырып отырады.

Мұғалім сабағы нәтижелі өтуі үшін жаңа технологияларды кеңінен қолданып, дидактикалық материалдарды пайдалануға көп көңіл бөледі. Өз сабақтарын мультимедиалық кабинетте электрондық оқулықтарды және интерактивті тақтаны қолдана отырып өткізеді. Оқушыларынан шығармашылық еңбек пен тынымсыз ізденісті талап етеді. Әр сабағында топтық, жұптық жұмыстар жүргізеді. Шәкірттерінің білімін тестілеу әдісі арқылы бағалайды. Оқу үрдісінде уақыт үнемдеп, оқу материалын толық меңгеруі үшін, оқу материалдарының практикалық жағынан тиімді ұсынылуына мүмкіндік береді. Оқушылар ақпаратты тез қабылдап, жеңіл түсінуіне, өз бетінше жұмыс жасауына көп жағдай жасайды.

Шәкірттеріне еңбектің қыр-сырын үйретуден жалықпаған ұстаз кабинетін толық жабдықтады. “Қаратпа сөз”, “Қыс”, “Туған жер” атты ашық сабақтары өз деңгейінде өте тартымды өтті. “Қазақ тілім – асыл мұрам”, “Маужырап барқыт күз келді” сияқты тәрбие сағаттарын өткізіп, шеберлігін шыңдады. Жас ұрпаққа тәрбие беру барысында “Тапқыр болсаң, тауып көр”, “Білімділер жәрмеңкесі” атты сыныптан тыс жұмыстарын өткізді. Осындай шаралар арқылы оқушыларын өз тілін, елін, жерін, мәдениетін құрметтеуге үйретеді.  

Жас маман болса да, іс-тәжірибесімен аймақтық, аудандық семинарларда “Бастауыш сыныптарда ақпараттық-коммуникативтік технологияларды қолдану”, “Мұғалімнің жетістігі өз білімін жетілдіру” атты баяндамаларымен тәжірибе алмасты. Ұстаздың айтуынша, жастарымыз сауатты болса, онда қоғамымыздың да болашағы жарқын болары сөзсіз.

Ұлағатты ұстаз, сүйікті жар, мейірімді ана Анар Советқызы шәкірттерінің тек білімді, зерек, озық ойлы болуы емес, сонымен қатар Отанға және туған жерге деген сүйіспеншілік, имандылық, намысқойлық, жауапкершілік сезімдері бар, дендері сау азамат болып жетілуіне күш-жігерін аямай жұмсап жүр.

Мария ИСМАГУЛОВА,

№2 Саумалкөл гимназия-мектебі директорының орынбасары.

Айыртау ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp