Төлеген МҰҚАШЕВ,
Есіл аудандық мәслихаттың хатшысы.
Василий Шкодин – Қызылжар өңіріне танымал тұлға. Ол өзінің барлық өмірін ауыл шаруашылығына арнады. Мамандығы бойынша – агроном. 33 жылдан астам уақыт бойы ірі ауыл шаруашылық құрылымдарында басшылық қызмет атқарып келеді. Соңғы 22 жыл бойы – “Агрохимснаб” ЖШС-нің директоры. Бұл кәсіпорын ауданды тыңайтқыштармен және өсімдіктерді химиялық қорғау құралдарымен қамтамасыз етіп қана қоймайды. Оның 7 мың гектардан астам өз алқабы бар, жем-азық өндірісі дамуда, үш жыл бойы мал шаруашылығымен айналысады.
Василий Васильевич – өте іскер, өмірлік тәжірибесі бай адам. Егіншілікте де, мал шаруашылығында да заманауи технологияларды енгізумен айналысады. Соңғы 5 жыл ішінде ЖШС-і гектарынан 25 центнерден астам өнім алып келеді. Қысқа ғана мерзімде мал басы да анағұрлым ұлғайды. Василий Васильевич басқа адамдардың проблемаларына бейжай қарай алмайды. Кез келген уақытта барлығына моральдық қолдау және материалдық көмек көрсетуге дайын. Оның бұлжымас қағидасы – еңбек адамдарына әрқашан көңіл бөлу керек.
Сондай-ақ Василий Васильевич еліміздің болашағы болып табылатын өскелең ұрпаққа, оқушылар мен жастарға үлкен қамқорлық көрсетеді, ауылдарды абаттандыруға, мерекелер мен қоғамдық іс-шараларды өткізуге белсене атсалысады. Мысалы, Амангелді ауылындағы хоккей қорапшасының құрылысына – 300 мың теңге, жолдарды жөндеуге – 1 млн. теңге, көшелерді абаттандыруға 100 мың теңге бөлді.
“Агрохимснаб” ЖШС-нің демеушілік қаражаты есебінен ауылдың орта мектебінің алдына асфальт төселді. П.Чернецкий, Н. Барлыбаев, К.Ебжанов басқаратын басқа ЖШС-лермен бірлесіп, Амангелді ауылына дейін 2 млн. 808 мың теңгеге 770 шаршы метр асфальт төселді.
Аудандық мәслихат депутаты Василий Шкодиннің өндірісте жұмыстары көп болуына қарамастан, өз сайлау округінде ауыл тұрғындарының тұрмысын жақсартуға ықпал етуге тырысады. Ол мәслихаттағы “Нұр Отан” депутаттық фракциясын басқарады.
Халық қалаулысының басты мақсаты – сайлауалды науқан барысында ұсынған бағдарламасын іске асыру және сайлаушылардың талап-тілектері мен өтініштерін орындауға күш салу.
Есіл ауданы.