Бестерек орта мектебінің ұстазы Салтанат Қожағұлованың ұстаздық еңбек өтілі көп болмаса да, ол өз пәні бойынша шәкірттерге терең білім беріп, сабақтарын интерактивті және ақпараттық технологияларды пайдалана отыра жүргізетін жаңашыл ұстаздардың бірі. Оның осындай жетістіктерінің қыр-сырын білу үшін жас ұстазды әңгімеге тартқан едік.
– Салтанат Ғабдоллақызы, ұстаздық қызметті, оның ішінде қазақ тілі мен әдебиеті саласын таңдауыңызға не ықпал етті?
– Мұғалім болу менің бала кезгі арманым еді. Әсіресе, мектеп табалдырығын жаңа аттаған бүлдіршіндердің “Әліппесін” қолдарына ұстатып, алғашқы әріптерін үйрету болатын. Алғашқы ұстазымның арқасында мен ұстаздық жолды таңдап, Көкшетау қаласының “Көкше” академиясына оқуға түсіп, оны 2011 жылы қазақ тілі және әдебиеті мамандығы бойынша тамамдадым. Қазіргі уақытта Бестерек орта мектебінде қызмет етіп келе жатқаныма тура 5 жыл болды. Өз жұмысым көңілімнен шығуда. Оқушыларыммен тығыз қарым-қатынас орнатып, әріптестеріммен бірлесе ұйымшылдықпен жұмыс істегенді ұнатамын.
– Өзіңіздің және оқушыларыңыздың жетістіктеріне тоқталып өтсеңіз.
– Менің шәкірттерім көптеген облыстық, аудандық, мектепішілік байқауларға белсене қатысып, біраз жетістіктерге қол жеткізді. Атап айтсақ, үстіміздегі жылы аудандық “Жарқын болашақ” байқауында оқушыларым Сымбат Хабиден – І, Аида Зейнилхабиденова, Бейбарыс Хоршат, Таңсауле Хайрам – ІІ, Әйгерім Әзімқызы, Ақнұр Екпешқызы ІІІ орынды жеңіп алды. Сонымен қатар шәкірттерім аудандық пән олимпиадасына қатысып, Аманкелді Бауыржан – І, ал Қанат Сатыбалды ІІ орынға ие болды. Сүйікті шәкірттерімнің бірі – Сымбат Хабиден аудандық Абай оқуларында топ жарды. Ал өзіме тоқталар болсам, мен аудандық “Жүзден – жүйрік” байқауында үздік атанып, жеңіс тұғырына көтерілдім. Интернет олимпиадасына қатысып, аудан бойынша ең үздік нәтижеге қол жеткіздім.
– “Ұстаз” деген атқа сай болу үшін маман бойында қандай қасиеттер болу қажет?
– Белгілі ғұлама Әбу Насыр Әл-Фараби: “Ұстаз… жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінген, көрген, естіген және аңғарған нәрселердің бәрін жадында сақтайтын, еш нәрсені ұмытпайтын алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі, мейлінше шешен, өнер-білімге құштар, аса қанағатшыл, жаны асқақ және ар-намысын ардақтайтын, жақындарына да, жат адамдарына да әділ, жұрттың бәріне жақсылық пен ізгілік көрсетіп, қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін, батыл, ержүрек болу керек”, деп айтқан екен. Мен қазіргі ұстаздар осы ғұламаның айтқанына сай болса деймін. Рухани байлық, әлеуметтік тұрғыдан дамушылық, жан-жақтылық, шығармашылық – бұл қасиеттердің барлығы ұстаз бойынан табыла білсе, нұр үстіне нұр болар еді.
– Оқушыларыңызға сабақ беру барысында қандай жаңашыл әдіс-тәсілдерді пайдаланасыз?
– Қазіргі уақытта оқу жүйесі заман талабына сай жыл сайын күрделеніп келеді. Сондықтан мен әр кез сабаққа ерекше ынтамен дайындаламын. Әр сабағыма жоспар құрып, кейін сабақтың мақсатын жүзеге асыру, күтілетін нәтиже қандай болмақ, міне, осы сауалдар аясында жұмыс істеймін. Сабақ барысында оқушыларды білім нәрімен сусындату үшін тер төгемін. Менің ойымша, нағыз шебер ұстаз әр кез ізденіс үстінде болуы қажет. Өзім де осы талапқа сай болуға тырысудамын. Сондықтан аудан және облыс көлемінде өткізілетін жиналыстар мен тренинг сабақтарға үзбей қатысып келемін.
– Өткен жылы жалпы білім беретін мектеп педагогтерін Кембридж университетінің білім берудегі тәсілдеріне үш деңгейлі курс арқылы оқыту жаппай қолға алынған еді. Сіз де осы курстарға қатысқан екенсіз. Аталмыш курстың ерекшелігі қандай?
– Елбасымыз өз сөзінде: “Болашақта еңбек етіп, өмір сүретіндер – бүгінгі мектеп оқушылары. Мұғалім оларды қалай тәрбиелесе, Қазақстан сол деңгейде болады, сондықтан ұстазға жүктелетін міндет ауыр”, – деген болатын. Республикамызда барлық жалпы білім беретін мектептердің педагог қызметкерлері біліктілігін арттыру мақсатында Кембридж университетінің орта мектептегі оқытудың жеті модулі бойынша арнайы курстарда оқыды. Мен де бұл курстан сырт қалмадым. Курс жайлы толық айтар болсам, бұл бағдарламаның басты ерекшелігі – оқушылар ынтымақтаса жұмыс істейді. Сондай-ақ бұрынғыдай сабақты мұғалім түсіндірмейді, оқушыларға тек бағыт-бағдар береді. Ал оқушы өзі ізденіп, сабақ үстінде оқушылар жаңа тақырыпты бір-біріне түсіндіреді. Мен әр сабағымда жаңаша әдіс-тәсілдерді пайдаланғанды ұнатамын. Енді осы курстан үйренгенімді де сабақ барысында қолданып жүрмін.
– Біраз тәжірибесі бар маман ретінде өзіңіз сияқты жас мұғалімдерге қандай кеңес берер едіңіз?
– Бүгінгі заман ағымынан кеш қалғың келмесе, жас кезіңнен бастап білімді жинақтауға алтын уақытыңды аямаған дұрыс. Қазіргі жастар қызметте өсуге құмар секілді. Оларға айтар кеңесім: асықпаған жөн, ең әуелі мамандықты жақсы меңгеріп, тәжірибе жинақтау қажет. Мұғалімнен өнеге-білім алып, өмір теңізіне құлаш ұрған кез келген шәкірт ұстазымен мақтанады. Себебі, мұғалім – мектептің жүрегі, бала жанының бағбаны. Иә, бұл ұстаздарға арналған теңеулер. Мен де осы теңеулерге сай болуға бар күш-жігерімді жұмсаймын.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Рая ХАЙРАТ.
Ақжар ауданы.