Қазақстан Республикасының 2011-2020 жылдарға арналған тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту бағдарламасын қапы жібермей, кәдесіне жаратып отырған Ғ. Мүсірепов атындағы аудан тұрғындарға көрсетілетін тұрғын үй-коммуналдық қызметі сапасын жақсартуға жете мән беруде. Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыс жайында аудандық Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Александр Гусаковпен жолығып, сұхбаттасуымыздың сәті түсті.
– Александр Иванович, Новоишимка – ауыл деп аталғанымен, қалаға тән инфрақұрылымдары бар ірі елді мекен. Мұнда көпқабатты үйлердің бәрі дерлік сақталған. ТКШ-ны жаңғырту бағдарламасына бірден бел шешіп, кірісіп кетулеріңіз де сондықтан болар?
– Біздің облыста аталмыш бағдарламаның жүзеге асырылып жатқанына үшінші жыл. Алғашында 2011 жылы оған 395 миллион теңге ғана бөлінсе, 2013 жылы үйлердің жөндеу жұмысына 812,5 миллион теңге бағытталды. Ал былтыр ТКШ-ны жаңғырту жұмыстары бұрнағы жылдардың қайтарымды қаржыларының есебінен жүзеге асырылды. Ескі үйлерді жөндеу және қайта жаңғырту – үлкен проблема, сондықтан біз оған бірден қызығушылық таныттық. Аудандағы көппәтерлі үйлер саны – 111, оның 85-і Новоишимка ауылында орналасқан. Барлығы 2100 пәтерден тұратын олардың жалпы алаңы 256,8 мың шаршы метрді құрайды. Ауданның тұрғын үй қоры негізінен 70-80-шы жылдардың құрылысы болып табылады. Соған байланысты тозығы жету пайызы да жоғары. Әсіресе, көппәтерлі үйлердің көбінде шатырларының жағдайы алаңдатарлықтай болғандықтан, бірден соларды тәртіпке келтіруден бастадық. Бүгінде төрт көппәтерлі үйдің шатырына жөндеу жүргізілді.
ТКШ-ны жаңғырту бағдарламасына қатысу үшін заңнамаға сәйкес пәтер иелерінің үштен екісінің келісімін алу қажет. Осы мақсатта 2013 жылы пәтер иелерінің 58 жиналысы өтті, ал былтыр олармен осы мәселе бойынша 18 рет бас қостық.
– Тұрғын үй нысандарын жаңғырту жұмыстарын жүргізу үшін пәтер иелері кооперативтерінің құрылуы қолайлы екені белгілі. Сондай-ақ ол кондоминиум нысандарын тіркеуге және жалпыүйлік техникалық төлқұжаттарын дайындауға да оң ықпал етеді. Бұл жұмыстар қалай атқарылуда?
– Ауданымызда 9 пәтер иелері кооперативі жұмыс істейді, олар 10 көппәтерлі үйді қамтып отыр. Барлығы 343 пәтер ПИК қызметтерін тұтынуда, оларда тұратын тұрғындар саны 1413 адамды немесе аудан орталығы тұрғындарының 13,5 пайызын құрайды. Бұл ауыл тұрғындары үшін төмен көрсеткіш емес, яғни осыншама адам орталықтандырылған жылумен және сумен қамтылып отыр деген сөз. Сонымен бірге осы ПИК құрылымдарының негізінде әділет органдарында 10 кондоминиум нысаны тіркелген. Оларды тіркеудегі басты проблема техникалық төлқұжаттар дайындайтын қаржыға келіп тіреліп жүрген болса, оған 2012 жылы аудандық бюджеттен 1470 мың теңге бөлініп, шешімін тапты. Сол сияқты былтырғы жылы да осы мақсатқа 500 мың теңгенің қаржысы босатылып, толық игерілді.
– Енді жүргізілген жөндеу жұмыстары жайында сөз етсеңіз. Алдағы жылға тағы қандай үйлердің жобалау-сметалық құжаттамалары дайындалуда?
– Жоғарыда айтып өткенімдей, төрт көппәтерлі тұрғын үйде жөндеу жұмыстары жүргізілді. Оның екеуін өзіміздегі “ПМК-5” ЖШС-і атқарып шықты. Әуелбеков көшесіндегі сегіз пәтерлі 46-шы үйде жалпы сомасы 2 655,8 мың теңгеге шатыр жөндеу, кірме есіктерді ауыстыру және электр кабельдерін жаңарту жұмыстары атқарылды. Ал Ленин көшесіндегі 119 пәтерлі 4-ші үйде жалпы сомасы 30 924,0 мың теңгеге жайдақ жамылғының орнына шатыр тұрғызылды, қасбеті жөнделіп, плита жіктері бітелді, ортақ дәліздердің есік-терезелері жаңартылды және электромонтаждық жұмыстар жүргізілді.
2013 жылы 5 қарашадағы облыстық мәслихаттың сессиясында аудан орталығындағы үйлерді жөндеу жұмыстарына қосымша 22 675 мың теңге бөлінді. Оның 12 138 мың теңгесіне Станционная 1 мекенжайындағы 8 пәтерлік және 10 537 мың теңгесіне Ленин көшесіндегі 5-ші 60 пәтерлік үй жөндеуден өтті. Олардың құрылысын “Солтүстік-Құрылыс” ЖШС-і және “Көкше-Артель” ЖШС-і мердігерлік ұйымдары жүзеге асырды. Аталмыш құрылыс ұйымдары өздеріне жүктелген жұмыстың өтем сыйлығы ретінде Әуелбеков көшесіндегі №46 және Станционная көшесіндегі №1 үйлердің ауласына 120 шаршы метр асфальт төсеп берді, ондағы өскен ағаш көшеттерін тәртіпке келтірді.
Келесі кезекте Ворошилов, 3, Ленин, 8 және Абылай хан, 16 мекенжайларындағы үйлердің жобалау-сметалық құжаттамалары дайындалу үстінде. Ал Заречная көшесіндегі, 27 “а” үйінің 9 589 мың теңгеге бағаланған жөндеу сметасы тұрғындармен келісу кезеңінде. Сондай-ақ Школьная көшесіндегі 14-ші үйдің де техникалық құжаттамалары дайындалуда.
– Аудандағы көппәтерлі тұрғын үйлердің бәрі автономды жылыту қазандықтарымен жылытылатынын білеміз. Оларды ортақ жылу орталығына біріктіру ойластырылған ба?
– Еліміз күйзеліске ұшыраған тоқырау жылдарында көпқабатты үйлерімізді көрші аудандардағыдай қиратылып, бұзылудан осы автономды жылыту қазандықтарының арқасында аман алып қалдық. Олар әлі күнге дейін тиімді жұмыс істеп келеді. Десе де, жаңа өмір талабына және экологиялық талғам өлшемдеріне жауап беретін жылу орталығының қажеттігін ұғындық. Қазір бізде жалпы құны 617 671 мың теңге тұратын орталық жылу қазандығының жобалау-сметалық құжаттамасы дайын. Оның құрылысы жүзеге асырылып, іске қосылғаннан кейін аудан орталығындағы көппәтерлі үйлер мен әлеуметтік нысандардың барлығы да орталық жылу желісіне қосылатын болады. Ол үшін тұрғын үйлердің ішкі жылу беру желілеріне алдағы жаздан жаңғырту жұмыстарын бастау қажет. Бүгінде пәтер иелері кооперативтері мүшелерімен осы бағыттағы келісімге келу жұмыстары жүргізілуде.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Тоқтар ЗІКІРИН,
“Солтүстік Қазақстан”.
СУРЕТТЕРДЕ: А.Гусаков; Новоишимка ауылындағы жөнделген үйлер.
Суреттерді түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ.