Қаңтардың 8-і күні жалпы білім беретін пәндер бойынша жыл сайынғы оқушылар олимпиадасының облыстық кезеңі басталды. Ол екі күнге созылмақ. Пәндер олимпиадасында ең үздік білімімен дараланған оқушылар республикалық кезеңде облыс намысын қорғайтын болады.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Олимпиада 9-11-ші сынып оқушыларының арасында 15 пән бойынша екі бағытта өтіп жатыр. Қоғамдық-гуманитарлық пәндерді таңдағандар Петропавл қаласындағы №8 жалпы орта білім беретін эстетикалық тәрбие мектеп-кешенінде, жаратылыстану-математикалық бағыттағылар №17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешенінде білімдерін сынауда. Олимпиадаға облыстың аудандық, қалалық кезеңдерінің 500-ден астам жеңімпазы қатысуда.
Облыстық Білім басқармасы басшысының орынбасары Күлпаш Қалғожинаның айтуынша, олимпиадалық тапсырмаларды жалпы білім беретін бағдарламаларға сәйкес республикалық әдістемелік кеңес дайындап, республикалық ғылыми-тәжірибелік “Дарын” орталығы бекіткен. Тапсырмаларды бағалау да “Дарын” РҒТО бекіткен әдістемелік ұсыныстар өлшемдеріне сәйкес жүргізіледі.
Бірінші күні қатысушылар теориялық сыннан өтсе, екінші күні білімдерін тәжірибе жүзінде сынайтын болады.
Әр пән және сынып бойынша үздік танылған екі оқушы олимпиаданың республикалық IV кезеңіне қатысады. Олимпиаданың республикалық кезеңі 2014 жылдың наурыз айында жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндер бойынша Өскеменде және қоғамдық-гуманитарлық циклдегі сынақ Шымкентте өтеді.