«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

САЛҒАН ЖЕРДЕН ЖҮЛДЕГЕР АТАНДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қостанай гуманитарлық институтын бітіргеннен кейін бірнеше жыл балабақшада жұмыс істеген Айсұлу Зұлқайнарованың Тимирязев ауданындағы аралас тілде оқытатын Белоградовка орта мектебіне орыс тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі болып ауысқанына – 8 жыл. Ол 2013 жылдың соңында облыс мұғалімдерінің арасында өткен “Инновациялық жобалар жәрмеңкесі” байқауында жүлделі үшінші орынды иеленді. 

Ұстаз “Орыс тілі сабақтарына жаңа технологияларды енгізе отырып, оқушылардың өздігімен жұмыс істеуін және тілдерін дамытуын жүзеге асыру” мәселесі бойынша жұмыс істеп жүр.

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, болашақта бәсекеге қабілетті ел болу үшін үш тілді жетік меңгерген, сауатты оқушыларды тәрбиелеуіміз керек. Бірақ соңғы кезде өскелең ұрпақтың тілі бүлініп барады және бұл өте өзекті мәселеге айналып отыр. Сондықтан мұғалімдер оқушыларды мектеп жасынан бастап таза, мәдениетті сөйлеуге үйретуіміз керек. Мен өзімнің инновациялық жобамда осы мәселені зерттедім. Зерттеуді мектеп оқушылары, студенттер мен жастар арасында сауалнама жүргізуден бастадым. Сондай-ақ оқушылармен тәжірибелік сабақтар өткіздім. Орыс әдебиеті пәнінен мәтіндер алып, ондағы сөздердің орындарын басқа сөздермен алмастырдық. Нәтижесінде сөздер мағынасынан айрылды, сөйлемнің мәні жойылғанына көз жеткізілді. Компьютер, шет тілдерінен енген сөздер тілдің бұзылуына әкелді. Сөздерге талдау жасау арқылы олардың түп негізі қанша пайыз өзгеріске ұшырағанын байқадық. Мәселен, лексиканың бұзылуына: компьютерлік технологиялар – 25%, компьютерлік ойындар мен түрлі фильмдер – 12%, қылмыстық детективтік фильмдер – 7%, т.с.с. әсер ететінін білдік, – дейді Айсұлу Аманжолқызы.  

Оның айтуынша, мектептің материалдық-техникалық жабдықталуы орташа деңгейде. Жаңа үлгіде жабдықталған физика, химия кабинеттері бар. Мектеп Интернетке қосылған, бірақ жылдамдығы нашар. Сондықтан онымен көбінесе түнде отырып жұмыс істеуге тура келіпті.

Интернетке шығу – ауыл мектептерінің ең өзекті мәселелерінің бірі. Ауыл мұғалімдерінің байқауға қатысу кезінде басқа да қиындықтармен бетпе-бет келуіне тура келеді. Мысал үшін мұғалімдер мен оқушылар арасында өткізілетін жобаларға қатысу барысында түрлі слайдтар әзірлеумен қатар жобаны көрнекті етіп ұсыну үшін банерлер де қажет. Шалғайда жатқан ауыл мұғалімдері банер дайындатуға облыс орталығына немесе Көкшетау қаласына арнайы барып, тапсырыс береді. Оның бәрі қаражатқа келіп тіреледі. Демеуші жоқ. Сондықтан да шығар, облыс деңгейінде өтетін түрлі байқауларға қатысатындар арасында ауылдық мектептердің оқушылары мен мұғалімдері аз. Ал жүлделі орындарға ие болатындары, тіпті, саусақпен санарлық. Осы жағдайларды ескерсек, облыс мұғалімдерінің арасында жарияланған “Инновациялық жобалар жәрмеңкесі” байқауында бағын сынауға бел буып, жүлделі орынға ие болған Айсұлу Аманжолқызының еңбегі ерлікке тең.

– Осы жылы 1-санатқа өтуге өтініш бергенмін. Сондықтан әріптесім екеуіміз бағымызды сынап көруге бел будық. Байқауда жүлделі орын аламын деп ойлаған жоқпын. Қазір дұрыс жасағаныма көзім жетті. Өйткені, басқалар жобаларын қорғаған кезде өзімнің олқы тұстарымды көріп отырдым. Бұл маған болашаққа сабақ болды. Байқау оңай болған жоқ, бірақ мақсатыма жеттім деп ойлаймын, – дейді Айсұлу Зұлқайнарова толқып.

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp