Петропавл қаласының прокуратурасы тұтынушылар құқығын қорғауға бағытталған заңнаманың қолданылуына орай тексеріс жүргізді. Прокуратура қызметкерлері өкілетті органдар өкілдерімен бірлесіп, қаладағы сауда үйлері мен супермаркеттерді аралап, бірқатар санитарлық және ветеринарлық заң бұзушылықтың бетін ашты.
Гүлбике КУБЕНОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Тексеріс нәтижесінде жарамдылық мерзімі өтіп кеткен тауарлар тәркіленді, сондай-ақ сапасын растайтын құжаты жоқ жалпы салмағы 402 килограмнан астам азық-түлік сөрелерден алынып тасталды.
Бұдан басқа облыс орталығы аумағында заңсыз жұмыс істеп келген шұжық цехы анықталып отыр. Мәселен, “Т” жеке кәсіпкерлігінің шұжық цехын тексеру кезінде өндіріс ғимаратында санитарлық-эпидемиологиялық нормалардың бұзылып келгені белгілі болған. Бұл аздай, аталмыш цехтың қызметкерлері тауар жарамдылығына қатысты сертификаттың мерзімінің өтіп кеткеніне қарамастан, пісірілген және жартылай сүрленген шұжықтардың түр-түрін өндіре берген. Кейін оларды орталық базарларда сатқан. Прокуратура қызметкерлері жалпы салмағы 300 килограмм шұжық өнімдерін жарамсыз деп танып, өкілетті органға цехтың жұмысын тоқтату жөнінде ұсыным жолдады.
Сонымен қатар супермаркеттер мен сауда үйлеріндегі кейбір тауарлардың жарамдылық мерзімінің өтіп кеткендігі және арнайы белгілерінің жоқтығы анықталған.
Петропавл қаласы прокуратурасының баспасөз қызметі хабарлағандай, тексеріс қорытындысы бойынша өкілетті органдарға заң бұзушылықты жою жөнінен 12 ұсыным енгізіліп, 17 тұлға әкімшілік жауапқа тартылды. Сотқа 4 арыз берілді, соның бірі – қызметті тоқтату бойынша.