Туған ауыл кімге болса да ыстық емес пе?! Менің жүрегімді жаулап алған осынау бір сырлы сезім қолыма қалам алғызып, балалық шақты еске алуыма себеп болды. Қиялға қанат бітіріп, арманға жол ашқан балғын шаққа оралған сайын туған ауылыма, ата-анама деген сағыныштың таусылмасына көзім жетеді.
Өмір сыйлап, азамат етіп тәрбиелеген асыл анам Күлзәбира мен ардақты әкем Қажымұратқа деген алғысым шексіз. Біздің өмірден өз жолымызды тауып, жылы ұядан қанат қағып кеткенімізге де біраз жыл өтті. Бірақ ағып айлар, жылжып жылдар өтсе де, ата-анамды ерекше бір тебіреніспен еске аламын. Өткенге көз салып, ой түйінінен бір өткізіп алуды өзімнің азаматтық парызым деп санаймын. Әкем Қажымұрат Ережепұлының туған жері – Қарабұлақ ауылы. Әкем Қажымұрат Николаевка ауылында №2 бригадада есепші болып қызмет істеді. Бригада басшысы В.Трифонов пен әкем Қажымұрат он жеті жыл бойы бірге жұмыс істеді. Екеуі жұбы жазылмас жолдастар еді. Осы жылдар ішінде №2 бригада көптеген жетістіктерге жетіп, егіндері бітік шығып, егін шығымдылығы №1 бригаданы басқарған Социалистік Еңбек Ері Л.Белоглазовтан сәл ғана төменірек болатын.
1985 жылы денсаулығы келмей, қатты науқастанып, әкем төсек тартып, жүре алмай қалды. Денесінің сол жағының жаны кетіп, қатты сырқаттанды. Міне, осы кезде оның жақын досы В.Трифонов біздің үйге келіп, әкемнің хал-жағдайын сұрап, екеуі бірге өткен тамаша күндерді еске алып, біраз әңгіме-дүкен құрғаны есімде. Олар біраз отырып, қимастық сезіммен қоштасты. Осыдан кейін көп ұзамай – В.Трифонов, кейінірек әкем қайтыс болды. Екеуінің жолдастығын өлім айырды, тіршілікте сыйласып өткен қазақ пен орыс халықтарының достығы біз үшін үлгі болды. Ата-анам – тіршілікте бірін-бірі сыйлап өткен жандар. Әкем ауырып,сырқаттанған кезде анам әрдайым қасынан табылып, сөз айтқызбай, қабағынан-ақ ұғып түсінетін. Міне, ерлі-зайыптылар арасындағы сыйластықтың сыры қайда жатыр?! Әкеміз қайтқан соң бар ауыртпалық анамыздың мойнына түсті. Табиғатынан қайратты жан қиындыққа мойымады, Ермек, Еркаман, Сағындық, Асхат,Сәбит, Ғабит есімді балаларын және мені ер- жеткізді, ел қатарына қосты. Сөйтіп, еңбегі ақталып, немере, шөбере сүйіп, әкеміздің арманына қол жеткізіп кеткендей болды. Жүректі жұбататыны да осы.
1976-1977 жылдары отыз үйлі Қарабұлақ ауылы түгелімен Николаевка ауылына көшірілді. Николаевканың әкімі, осы елдің тумасы Темірхан Кәкімов өз ауылдастарына көшіп келген кезде қолдан келгенше барлық жақсы жағдайды жасады.
Біздің ауылдың аты Есілдің қасындағы аққан бұлақтан алынған. Осы күндері бұлақ көзі бар, суы мөлдір, таза, жанға шипалы. Қарабұлақ ауылы ерке Есілдің сол жағында орналасқан еді. Тарихы бай Қарабұлақ ауылынан Құлсары, Қиықсары әулиелер шыққан. Бүкіл аймаққа аты шыққан түйе балуандар Рамазан, Жапар, Кәкім, Әлжан, Қалжан, Қапыш аталарымыз ауылымыздың атын шығарған. Ал батыр, елші, әулие, емші, мәмілегер, сегіз қырлы, бір сырлы атамыз Құлсары Абылай ханның оң қолы, ең сенімді серіктерінің бірі еді. Ол жайында Бескөл ауылында тұратын шежіреші,өлкетанушы Мағжан Рақымов атамыз “Құлсары батыр” атты кітап жазған. Абылай хан заманында Құлсары батыр жоңғар, қытай әскерлерімен болған ұрыстарда асқан ерлік көрсеткен. Абылай ханның ең сенімді жолдасы, тірегі болған. Он екі ата Атығайдың басын біріктіріп, қалың әскер жинап, атағы бүкіл қазақ жеріне шыққан бабамыз тарихта өз орнын алды. Құлсары батырдың жеті мың жылқысы болып, ол Көбеш жерінен бастап, Бескөлге дейін көшіп-қонып жүрген. Мен тұрып жатқан Қызылжар ауданындағы, Архангелка ауылында Құлсары батырдың ағаштан салынған зәулім ағаш үйі болыпты.
Бұлақ ауылында Құлсары әулиеге мәрмәрдан кесене орнатылды. Бұл батыр қолбасшыға деген құрметтің бір белгісі.
Қарабұлақ құтты мекен еді. Отыз күн оразада ауыл адамдары кезекпен ауызашар беріп, Жаратқаннан жақсылық сұрайтын. Осылайша бірлігі жарасқан ұйымшыл ауылымызды төңіректің бәрі мақтап отыратын. Үлкендердің көрсеткен үлгісі, берген тәрбиесі жастардың бойына жақсылықтың нәріндей тарап, кейін жаңа қоныста өз жемісін бере бастады.
Ұлы әжем Мүштаридің жұбайы – атам Сәдуақас молда жастай қайтты. Соның себебінен әжеміз өмірдің бар ауыртпалығын бір адамдай көтеріп, балаларын өсіріп, жұрт қатарына қосты. Осындай қайсар әжеміздің бірі – Дариқа, оның күйеуі Есімсейіт қан майданда ерлікпен қаза тапқан. Дариқа әжеміз де қиындыққа қарамай, колхозда трактормен жер жыртып, егін шауып, жұрт қатарлы еңбек етіп, Есентай, Бейсенбай, Есілбайды өсіріп, өз алдына шаңырақтарын көтеріп, немере, шөбере сүйген аяулы жан. Жастайынан жесірілікті, өмірдің бейнетін көрсе де, қартайған шағында өмірдің зейнетін көріп, артына иманды, тәрбие көрген жақсы ұрпақ қалдырды. Есентай атамыз бен Қайыржан апамыз Дариқа әжемізден жақсы тәлім-тәрбие алып, ұлын – ұяға, қызын қияға қондырған бақытты отбасылардың бірі. Үлкен ұлы Қайрат кәсіпкер, шаруа қожалығын басқарып отыр. Біздің ауылдың жігіттері Жүніс ағамыз, Талғат Сейтжанов оған көмек көрсетті. Нәтижесінде жаңадан салынған ғимаратта ағаш шеберханасы, дәмхана, дүкен ашылып, іске қосылды. Дәмханасының атауын “Қарабұлақ” деп қойғандығы көңілге қандай қонымды?! Ал шеберханада үйге қажетті түрлі жиһаздар істеледі. Бұл ауыл адамдары үшін өте тиімді болып отыр. Сондай-ақ кәсіпкер асыл тұқымды жылқы, қара мал, қой өсірумен айналысады. Ол қолынан келгенше өз ауылдастарын жаңа жұмыс орындарымен қамтамасыз етіп отыр. Кеудесінде иманы бар ағамыз Қарабұлақ зиратында, зиратшыларға арналған үй салып берді. Қазір ол жерде ауыл жоқ, тек үлкен зираттар ғана бар.
Есентай атамыздың ортаншы баласы Амангелді, жаңа дәріхана ашты. Осы Қарабұлақ ауылының тумасы Серікбай Мекетов деген азамат та екі қабатты ғимаратты сатып алып, дүкен ашып, оны іске қосты. Қарабұлақ ауылынан шыққан азаматтар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту жөнінде бағдарламасын осылайша іске асырып, елдің көркеюіне шама-шарқынша өз үлестерін қосуда. Жоғарыда аты аталған азаматтар мектепке де демеушілік көмек көрсетуде. Ел азаматтарының ауызбіршілігін көргенде, кеудеңді қуаныш кернейді, әрине. Себебі, бұл азаматтардың түп-тамыры Қарабұлақ ауылынан тараған. Құлсары, Қиықсары сияқты қос ағайынды батырларды дүниеге әкелген отыз үйлі ауылымыз жайлы бір үзік сыр осындай, ағайын.
Қайыржан ЖАРАСБАЕВ,
Қызылжар ауданы,
Архангелка орта мектебінің
қазақ тілі пәнінің мұғалімі.