Досжан Нұрсейітовтің Айыртау ауданындағы Имантау орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі болып еңбек етіп жүргеніне – 2 жыл. Теміртау қаласының тумасы Досжан Жандарбекұлы Е.Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін ойдағыдай тамамдағаннан кейін осы мектепке “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасы бойынша келген. Жас маман қазақ тілі мен әдебиеті пәндері мұғалімдерінің арасында өткен “Жүзден – жүйрік” байқауында жеңімпаз атанды.
Имантау орта мектебінің қазақ және орыс сыныптарында сабақ беретін Досжан Нұрсейітов өз сабақтарын тартымды да қызықты етіп өткізуге ұмтылады. Сондықтан еліміз бен шетелдік атақты педагогтердің әдістемелерін зерттеп, олардың өзіне ұнаған тұстарын сабақтарында пайдаланады.
– Ресейлік ғалым Дмитрий Петровтің “Кез келген тілді екі аптада үйренуге болады” деген мәлімдемесін алып, сабағын көріп, сол әдістеме негізінде қазақ тіліндегі баламасын жасап, өзімнің сабақтарыма лайықтап өңдедім. “Тіл үйренудің 12 сабағы” деген тақырыпта онлайн сабағын бердім. Ондағы мақсат – орыстілді оқушыларды 12 сабақтың ішінде ауызекі сөйлеуге үйрету. Ол жерде ғажап әдістеме де, формула да бар. Ең бастысы оқушы жүрегіне жол табу болды. Яғни, оқушының қалауын білу, оқушының не қалайтынын білсек, сол арқылы материалды түсінікті де жеңіл түрде беріп шығуға болатынына көз жеткіздім. Аудандық көлемдегі “Жүзден – жүйрік” байқауында бағымды сынап, жеңімпаз атанып, облыстық кезеңге өткен болатынмын. Облыстық байқауда да бағым жанып, бірінші орынды иелендім, – дейді Досжан Жандарбекұлы.
“Жүзден – жүйрік” байқауына қатысушылар бірнеше кезеңде бақ сынаған. Бірінші кезең сырттай өткен. Екінші турда қатысушылар тест орындап, оның нәтижесі бойынша үшінші кезеңге іріктелген. Онда қатысушылар өз таңдаулары бойынша қазақ тілі немесе әдебиеті пәндерінің авторлық оқулық макетін, я болмаса авторлық оқу-әдістемелік құралын (сөздік, хрестоматия, жұмыс дәптері, диктанттар мен мазмұндама мәтіндерінің жинағы, жаттығулар жинағы, т. б.) Қорғаған.
– Мен сайыстың үшінші кезеңіне “300 алтын сөз” атты авторлық сөздігімді ұсындым. “Әдістемелік идеялар жәрмеңкесі” деп аталған байқаудың төртінші турына 37 мұғалім өтті. Онда талапкерлер қазақ тілі мен әдебиеті пәндерін оқытудың өзекті мәселелерінің біріне қатысты өздерінің озық идеяларын талқыға салды. Бұл турда Дмитрий Петровтің “Кез келген тілді екі аптада үйренуге болады” деген әдістемесі негізінде қазақ тілінде жасаған “Тіл үйренудің 12 сабағы” атты әдістемелік жобамды қазылар алдында қорғадым, – дейді Досжан Нұрсейітов.
Досжан Жандарбекұлы “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасы бойынша үй, көтермеақы, жұмыс, толық сабақ жүктемесі, тағы сол сияқты жеңілдіктердің барлығын алған. Келісім жасаған 5 жылдың екі жылын өткерген. Бүгінгі күні Имантау орта мектебінде оқушылардың “Жас қалам” атты шығармашылық үйірмесін жүргізеді. Сонымен қатар ол “Тіл үйренудің 12 сабағы” жобасын ағылшын тілінде сөйлейтіндерді қазақ тіліне үйретуге лайықтап, әдістемелік құрал жазып жатыр. Алдағы уақытта осы алған бағыты бойынша жұмысын жалғастырмақ.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.