Еліміздің коньки спортындағы ең үлкен олжасы – қостанайлық Денис Кузиннің әлем чемпионатында жеңіп алған алтын алқасы. Мұны біз ерлікке балауға тиіспіз. Өйткені, бұған дейін алтын алқаға ешбір қазақстандық конькишінің қолы жеткен емес.
Виктор БОНДАРЕНКО.
Ол Сочи Олимпиадасында да елімізге алтын алқа тарту ететін үміткеріміздің бірі саналуда. Өткен жылдың соңында Д. Кузин 1000 метр қашықтықта Қазақстан чемпиондығын жеңіп алып, өзінің шеберлігі мен бабын тағы бір мәрте айғақтады.
Бұл қашықтықта біздің жерлесіміз Роман Креч екінші нәтиже көрсетті. Өңіріміздің тағы бір өкілі – Иван Аржанников үшінші орын алды. Есесіне Р. Креч өзінің оң жамбасына келетін 500 метр қашықтықта алдына жан салмады. 5000 метрге жылдам сырғанауда Сочи Олимпиадасына лицензия иеленіп отырған Дмитрий Бабенконың жұлдызы жанды. Артур Сергиенко үшінші орынды місе тұтса, 10000 метрде ол өзіне қарсылас шақ келтірмеді.
Ал әйелдер орта және шалғай қашықтықтарда бүгінгі таңда оларға өзге өңірлерден шығатын қарсыластар жоғын дәлелдеді. Атап айтқанда, Татьяна Сокирко 1500 және 5000 метр қашықтықтарда алтыннан қос алқа тақса, Елена Урванцева өзінің сүйікті 3000 метрінде алдына адам түсірмеді. Сөйтіп, солтүстікқазақстандықтар кімнің кім екеніне көз жеткізген жеңістерін жерлестеріне тарту етті.