Қазіргі заман талабына сай мұғалім болу үшін мен өз алдыма сындарлы оқуды дамыту, оқушыны сыни тұрғыдан ойландыру, әдеби тілде сөйлеуге дағдыландыру мен шығармашылық қабілеттерін арттыру мақсатын қойып, осы бағытта нәтижеге жету үшін Кембридж оқуы бойынша үш айлық курстың тиімділігі мен маңыздылығын түсіне алдым. Осы курстың негізінде өз сабақтарымды түрлендіріп, өзгертіп оқушыларға өздігінен білім алуға мүмкіндік жасадым. Өйткені, сыни тұрғыдан ойлауға үйретуде қолданылатын әртүрлі әдіс-тәсілдер арқылы бала өзі ізденіп, тақырыпты өздігінен меңгере алуға тырысады. Курсқа дейінгі сабақтарымда оқушылар тек қана тыңдаушы болса, енді олар ізденуші, ойланушы мен өз ойын дәлелдеуші, ал мұғалім тек қана бақылаушы мен бағыттаушы болып табылады.
Егер ұстаздың оқушы жайлы түсінігі “таза тақта” бейнесі ретінде болса (оқушы сабаққа таза тақта немесе парақ сияқты еш нәрсе “жазылмаған” күйінде келеді, ал мұғалім сабақ бойы оны біліммен “толтыруы” керек), онда оқушының білімді игеруі екіталай, өйткені білімді игеруге оның тікелей қатысы болмайды, яғни үрдісте білімді ырықсыз қабылдаушы рөлін ғана ойнайды» деген сөз. Мұғалімнің басты мақсаты – оқушыны білімді өздігінен игеру амалдары мен тәсілдерін үйретіп, оның өзіндік түсінік қалыптастыруына тиімді жағдай жасап, бағыт-бағдар сілтеу. Басқаша сөзбен айтқанда, оқу мен оқытудың басты мақсатын дәстүрлі “Өмір бойы азық боларлықтай білім беру” үлгісінен “Өмір бойы оқып үйрену” қағидасына ауыстыру керек.
Сыни тұрғыдан ойлауға үйрету модулі оқушының еркін сөйлеуге, пікір алмасуға, сыныптастарының ойын тыңдауға, проблеманың шешу жолдарын іздей отырып, қиындықты шешуге бағытталған. Сыни тұрғыдан ойлау – бақылаудың, тәжірибенің, ойлау мен талқылаудың нәтижесінде алынған ақпаратты ойлауға, бағалауға, талдауға және синтездеуге бағытталған пәндік шешім. Ол болашақта әрекет жасауға негіз бола алады. Сыни тұрғыдан ойлау көбінесе қарсы пікір айтуға, баламалы шешімдерді қабылдауға, ойлау және іс-әрекетімізге жаңа немесе түрлендірілген тәсілдерді енгізуге дайын болуға, ұйымдастырылған қоғамдық әрекеттерге және басқаларды сыни тұрғыдан ойлауға баулуды білдіреді.
Қазіргі заман талабына сай қалыптан тыс ойлай алатын, белсенді, шығармашыл, шұғыл шешімдер қабылдай білетін оқушыларды тәрбиелеуіміз керек. Сол себептен де сабақта тек білімділік мақсаттарды шешіп қоймай, оқушылардың жеке қасиеттерін, қабілеттерін дамытудың жолдарын қарастыруды көздедім. Осындай жолдарды қарастыру барысында, яғни оқушы санасында болып жатқан өзгерістерді оқушының көңіл күйінен, сөйлеу әдебінен бақылап, оның дамуын жан-жақты зерттей отырып, өз сабақтарымды соған сай өзгертіп отыруға жағдай жасай отыра, дәстүрлі сабақтарымды өзгертуге тырыстым. Оқушылар сабақ барысында пайда болған жаңа идеяларын айта бастайды және бір-бірінің идеяларын толықтырып, кей кезде өзгертіп те отырады. Байқағаным – нашар оқитын оқушылар да бір-екі сөз айтса да, өз ойын жеткізе алады екен. Сондықтан да мен тәжірибе барысында әр балаға, яғни сыныптағы барлық оқушыларды жұмысқа тарту, олардың білімін нығайтуға, ой-өрісін кеңейтуге мүмкіндік жасап, ұялшақ баланы сөйлету үшін жаңа әдіс-тәсілдермен жұмыс жасауды жөн көрдім. Бұл жерде “Ойын – үйренудің тиімді әдісі” деген аксиоманы ұмытпаған абзал, яғни, әр әдіс пен тәсілдің негізінде ойынның идеялары, элементтері жатуы керек. Мәселен, топтық немесе жұптық жұмыстың өзінде ойынның батпандай табы мен жұрнақтары бар емес пе? Әрине, оқушылар “Бүкіл сабақ бойы ойнап, уақытымызды қызықты өткізеді екенбіз ғой!” деген жаңсақ түсінікті қалыптастырмаған жөн, керісінше, оларда “Ойнап жүріп, күрделі мәселелерді шешеміз!” деген көзқарас басым болуы қажет. Ойын мұнда танымдық әрекеттің ең тиімді әдісі ретінде қарастырылып, жүзеге асырылады.
Оқушылар шығармашылықтың табы жоқ, тек репродукцияға негізделген әрекеттерді (мысалы, көшіру, қайталау секілді) атқаруды ұнатпайды, алайда олар өз ойынан жаңа идеялар құрастыруға, жаңа ұсыныстар мен құрылымдарды жасауға әуес болады. Сол себепті мұғалімдер негізінен шығармашылық жұмыстарды ұсынып отырған абзал, мұнда олар теориялық мәліметтер мен түсініктерін қолдана отырып (қайталау мен еске түсіруді дәп осы кезде қолдануға болады), жаңа мазмұн қарастырады. Әр сабақ оқушылардың бірлескен әрекеттерінен құралуы қажет. Сондықтан да, өз сабақтарымды жиі топқа бөліп, ойын түрінде өткізуді көздеймін. Әдебиет сабағында оқушыларды сыни тұрғыдан ойлауға үйрету мақсатында мен проблемалық сұрақ, кластер, Венн диаграммасы, “балық сүйегі”, “автор орындығы”, сөзжұмбақ, сұхбат, кубизм стратегиясы сияқты әдіс-тәсілдерді қолданамын. Тақырыпты ашу, баланы сыни тұрғыдан ойлауға үйрету, логикалық ой-өрістерін дамыту, әдеби сөйлеуге дағдыландыру мақсатында, мысалы, “Қырық өтірік” ертегісінің тақырыбы бойынша “Сіз өтірік айтасыз ба?” атты проблемалық сұрақты қоя отырып, сабақ жүргіземін. Оқушылар жан-жақты ойланады және де аз да болса сөздік қорлары молаяды, есте сақтау қабілеті дамиды. Балалар арасында ынтымақтастық атмосферасын жақсарту үшін, яғни топтағы жұмысты жақсарту негізінде кластер әдісін қолданамын. Кластерді толтыру барысында оқушылар топпен жұмыс жасай отыра, өз білімін ортаға салып, одан әрі толықтырып, жүйелейді. Бұл тапсырманың нәтижесінде оқушылар сабақта алған материалды жетік меңгергені байқалып, оқушылар жаңа білім игеру жұмысына асқан құштарлықпен араласып, оқу үрдісіне деген қызығушылығы арттырылады, өзіндік пікір мен түсінік қалыптасады.
Оқушыларды сыни тұрғыдан ойлауға үйрету мақсатында Венн диаграммасы әдісін қолдануды көздеймін, себебі, осы тапсырма арқылы оқушылардың ізденімпаздық қасиеттері дамытылып, сыни ойлай алады. Сыни тұрғыдан ойлау модулінде “Автор орындығы” әдісін қолдануды жөн көрдім. Балалар ”Қырық өтірік” ертегісі бойынша “Егер мен Тазша болсам” деген тақырып негізінде ойланып, бір шындық сөзді қоспай эссе жазды. Оқу мен оқытуда оқушыларды осындай ойлау түрлеріне ынталандыру керек. Әр сабақта оқушылар ой қозғауы керек, терең ойға шомуы қажет, ойтолғанысқа берілуі шарт.
Балаларды сыни ойлауға үйрету, шығармашылыққа баулу, ойлары мен қиялдарын дамыту, есте сақтау қабілеттерін арттыру мақсатында сұхбат әдісін қолдандым. Осы әдісті сабақтың соңында пайдалану тиімді болады деп ойлаймын, өйткені сабақтың соңында оқушылар журналист пен мұғалімнің рөліне кіріп, сабақта алған білімдерін қайталайды. Сабақты бекіту үшін мен INSERT әдісін, деңгейлік тапсырмаларды жиі жүргіземін. Себебі, осы жұмыс арқылы оқушылар өз ойын еркін жеткізе алады, білмегенін сұрақ-жауап арқылы біле алады, сабақта алған білімдері бойынша түсінгендерін өз сөздерімен жеткізіп, ойларын нақтылайды. Бұл әдісте көбінесе үлестірмелі карточка қолданылады. Оқушылардың білім деңгейіне байланысты деңгейлік тапсырмаларды қолданамын, себебі, осы тапсырма арқылы оқушылар сабақ бойынша алған білімді жазбаша түрде жеткізеді. Жазбаша түрде тапсырғанда, оқушылардың сауаттылығы байқалады. Сондықтан да осы тапсырманы қолдануға тырысамын. Және де тапсырманы орындау барысында балалар сыни тұрғыдан ойлай алады, шығармашылық тұрғыда көзқарасын білдіреді, сөздік қорлары молаяды. Бағалау кезінде де осы әдіс тиімді.
Құзыретті мұғалім балаға қажетті білімді беру үшін көп ізденісте, шығармашылық ізденісте болуы керек. Дәстүрлі оқыту формасын ұмытып, тек қана жаңа идеялармен алға басу керек деп ойлаймын, сонда ғана оқушыны сын тұрғысынан ойландыра алады, сонда ғана бала тек сабақта емес, сонымен қатар сыныптан тыс іс-шараларда, олимпиадалар мен байқауларға қатысқанда, жалпы қоғамдық өмірде де сыни тұрғыдан көп ойлана алады.
Гүлдина ЖҮСІПБЕКОВА,
Возвышенка орта мектебінің мұғалімі.
Мағжан Жұмабаев ауданы.