«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАУІП ТӨНДІРГЕН ҚАҚПАҚСЫЗ ҚҰДЫҚТАР көбеймесе, азаймай тұр

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Петропавл қаласы жылдан-жылға көркейіп, құлашын кеңінен жайып келеді. Жаңадан бой көтерген көпқабатты үйлер, ғимараттар – барлығы да көңіліңе қуаныш ұялатады. Жаз кезіндегі әдемілік өз алдына, ал аппақ ұлпа қардан қалың шапан жамылған қаламыздың қысқы көрінісі бір бөлек әңгіме ғой…

Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әсіресе, таңғы мезгілді айтсаңшы! Таза ауа кеудеңді керіп, ұйқыңды шайдай ашады. Күн суыған сайын қоғамдық көлікке мінушілер саны көбейіп, жаяу адамдардың қатары азая бастайды. Бірақ қандай ызғар болса да жаяу жүретіндер де бар. Біреулер осылайша денсаулықтарын шыңдаса, екіншілері үйлерінің жұмысқа жақындығын пайдаланады. Соңғылардың қатарына мен де қосыламын. Үйім жұмыстан он минуттай жерде орналасқандықтан, асықпай жаяу жүремін. Нақтырақ айтар болсам, С. Мұқанов, Вознесенский көшелерінің бойымен жүріп өтемін. Көшелердің жағдайы жақсы. Жаз айында жөндеу жұмыстары жасалған. Бірақ көшенің шетінен орын алған құдықтарға қарасаң, қақпақсыз жатқандығын көріп, жаның түршігеді. Әп-әдемі көріністі бұзып, осы жермен жүріп тұратындарға қиындық туғызатын осындай қатерлі құдықтар саны бір көшенің бойында ғана үшеу екен. Үлкендер, әрине, мұндай құдықтарды көрсе, анадайдан айналып өтер. Ал ойын баласын осындай қауіпті жерлерге бір тылсым күшпен тартып тұратыны бар емес пе? Мені алаңдататыны да осы. Қақпақсыз жатқан осындай бір құдық екі қабатты үйдің қасында бар екен. Балаларына алаң болған тұрғындар оның қақпағын өз күштерімен жапқан. Сөйтіп, үстіне ауырлау болсын деп темір-терсек, ағаш жапқан екен. Бірақ көп ұзамай олардың барлығын біреулер алып кеткен. Нәтижесінде “апанның аузы” қайта ашылып қалған. Біз әңгіме еткен үйдің қасында тағы бір қақпақсыз құдықты көзім шалды. Оның бетін де тұрғындар өздері жапқан, бірақ ауыр темірді алғысы келгендер көтере алмаған ба, әйтеуір жартылай ашылып қалған екен. Табақтай тесікті бір қарағанда көрмей де қаласың. Ол аппақ қардың астында жатыр. Бірақ шетінен байқамай басып кетсең, ішіне құлап кетуің де мүмкін. Астында гүрілдеп су болса ағып жатыр, қайнаған қазандай буы бұрқырап: “жақындап келіп қарашы…” деп тұрғандай. Ойнап жүрген бала-шаға осыны қызықтап барып қалса, қайтеміз? Құдай бетін аулақ қылсын, ондай оқыс оқиғаларды жаңалықтардан естіп-көріп жүрміз ғой. Тек солардан сабақ алсақ болар еді. Әрине, бұл құдықтардың қақпағын ешкім де сырттан келіп әкеткен жоқ. Оңай ақшаға құныққандардың ісі ғой бұл. Ондай жауапсыз адамдармен қоғам болып күресу керек.

Мен әңгіме еткелі отырған Вознесенский көшесінің қақ ортасында осындай аузы ашық жатқан ор бар. Өзі үлкен, оны жауып жатқан да ешкім жоқ. Жаздыгүні бұл жер нағыз қоқыс төгетін жерге айналады. Екі жолдың қиылысынан олай-бұлай жүрген еріншектердің барлығы оған қоқыстарын лақтырып кететін. Сөйтіп, жап-жақсы көшенің шырайын бұзуға өз “үлестерін” қосуға тартынып қалмайтындар да бар арамызда. Қазір, әйтеуір, қыс болған соң бұл былықтардың беті жабылып, ұлпа қардың астында қалды. Осы жолмен сабаққа баратын оқушылар өте көп. Ойнап жүріп, орға жығылып кетсе, кім кінәлі болады? Осындай орлар мен қақпақсыз қалған құдықтар саны қала ішінде аз емес. Жаз айында маңайларын шөп басса, қыста қалың қардан байқалмай қалуы әбден мүмкін. Балаларының өміріне алаң болған жақын жердегі тұрғындар шамалары келгенше бетін жауып қояды әйтеуір. Бірақ бұл мәселенің шешімі емес қой. Керісінше, қауіп екі есе көбейе түседі. Жол бойындағы осындай құдықтың біреуінің ішіне тұрғындар түрлі нәрселер тастаған, сөйтіп ол орта беліне дейін толып қалған, ал қалған екінші бөлігін қазір қалың қар жауып тастаған. Жермен-жексен болып жатқан құдықты бірден байқау оңай емес. Сондықтан болар, оның үстіне екі ұзын талдың басына шүберек байлап, түйреп қойған. Бұл “Байқаңыз, мына жер қауіпті…” деген белгі болар, сірә. Мұндай “таптырмас айлаға” не дейсіз? Үлкендер болса түсінер, ал кішкентай балалар осы талды аламыз деп алданып қалып, ішіне құлап жатса, кімнен не сұраймыз?

Бала “алма” дегенді алады, “барма” дегенге барады, “баспа” дегенді басады. Өйтпесе ол бала бола ма? Міне, ешкінің лағындай орғып-орғып ойнап жүрген осындай кішкентай бүлдіршіндерге көбіне ата-аналары “құдықтың қасына барма, айналып өт” деп құлақтарына құйып жатады. Дұрыс, абай болған жөн. Бірақ сол қатерлі құдықтардың қақпағын қолды қылғандардың өздерінде де бала-шаға, іні-қарындас дегендей бауырлар бар емес пе? “Сонда ақша үшін біреудің өміріне қауіп туғызуға бола ма?” деген ой туындайды осындайда.

Осы мәселе төңірегінде аталмыш көше тұрғындарының айтар өкпе-назы да аз емес.

Гүлнәр есімді келіншек күнде осы жермен қызын балабақшаға апарады екен.

– Қызымның жасы төртте. Балабақшаға өзім апарып, алып келемін. Жолда жүргенде қолынан ұстап, қасымнан бір елі жібермеймін. Көрдіңіз бе: қанша құдық қақпақсыз жатыр, содан қорқамын. Бала емес пе, қызықтап қасына барып, құлап кетсе, қайтемін? Жазда да, қыс та да осы көрініс, өз күшімізбен жауып шаршадық. Ашылмастай етіп құлыптап тастаса қайтеді? – дейді ашуға булыққан жас ана.

Осы көшенің қарт тұрғындарының бірі – Айдархан атай да қақпақсыз құдықтармен арпалысып жүрген жандардың бірі екен:

– Мына жерде дүкен бар. Қолдарына тиын-тебен тисе, кішкентай балалар соған келеді. Солардан қорқамын. Байқамай түсіп кетсе, денсаулықтарына зақым келеді ғой. Ойын баласы бірде байқайды, бірде мән де бермей, асығып жүгіріп өтеді. Өткен жазда қалалық әкімдіктегі жауапты адамдарға телефон шалып, айтқанбыз арызымызды. Тиісті адамдар келіп, бір-екі ашық жатқан құдықтарға қақпақ жапқан. Сөйтіп тыныш-талып едік. Бірақ аздаған уақыттан соң қақпақтар тағы да жоғалып кетті. Енді өзіміз түрлі темірлермен жауып қойдық, басқа амал жоқ, – дейді қарт тұрғын.

Суретті түсірген  

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp