«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘСКЕРИ БІЛІМНІҢ “ӘЛІППЕСІ” БОЛҒАН орталыққа екі мыңнан астам оқушы келеді

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыс орталығындағы №40 орта мектептегі “Алғашқы әскери дайындық” орталығы – қала мектептерінің оқушыларын әскери-патриоттық салаға баулып жүрген бірден-бір ұйым. Сәті түсіп, орталық директорының оқу және тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Мұратбек Қожахметовпен жүздесіп, сұхбаттасқан едік. 

– Мұратбек Сәдуақасұлы, АӘД орталығының жұмыс істеп жатқанына он жеті жылға таяп қалған екен. Аталмыш орталықты құру қаншалықты қажет болды және оның мақсаты қандай?

– Мектептегі алғашқы әскери дайындық сабағының өскелең ұрпақтың бойына отансүйгіштік, патриоттық тәрбиені сіңіруде рөлі ерекше. Еліміз тәуелсіздік алған жылдары орта білім ошақтарында бір себептермен алғашқы әскери дайындық сабағы тоқтатылған болатын. Ал 1995 жылы қабылданған “Жалпыға бірдей әскери міндеттілік туралы” Заң негізінде жалпы білім беретін орта мектептерде алғашқы әскери дайындық сабағы қайтадан жүргізіле бастады. Мұндағы мақсат – мектепте оқушыларға патриоттық тәрбие беріп, оларды ұлтжандылыққа, Отанын, елін, жерін қорғауға, азаматтық борышы, негізгі конституциялық міндеттерін орындауға баулу.  

“Тәрбие басы – тал бесік” демекші, өскелең ұрпақты әскери қызметке дайындау мақсатында мектеп бағдарламасына алғашқы әскери дайындық сабағы енгізілгенін жеке басым құп көремін. Бұл сабақ барысында жастар шыдамдылығын шыңдай алады. Өзіміз көріп жүргендей, облыс орталығында алғашқы әскери дайындық орталығы Үкімет қаулысына сәйкес 1997 жылы құрылған. Содан бері орталық облыс орталығының мектеп оқушыларына 136 сағаттық бағдарлама бойынша алғашқы әскери дайындық пәнінен сабақ жүргізеді. Орталықта өңірдің 33 оқу орнының 10-11-сынып оқушылары оқиды. Тек үстіміздегі оқу жылында оқушылар саны екі мыңнан асты.

– Бүгінде орталықтың материалдық базасы қаншалықты жетілдірілген?

– Жоғарыда айтқанымдай, аталмыш орталықтың ашылғанына он жеті жылдай уақыт өтті. Осы уақыт аралығында материалдық базаны жетілдіру ісі қолға алынбады деп айта алмаймын. Алғашқы әскери дайындық пәнін оқу-материалдық базасыз, көрнекі құралдарсыз оқыту әсте мүмкін емес. Сондықтан орталықта оқушыларға бар жағдай жасалған. Бүгінде орталықта “Тактикалық дайындық”, “Әскери топография”, “Азаматтық қорғаныс”, “Санитарлық-медициналық дайындық” сияқты 6 оқу сыныбы, интерактивті тақта, жастарға әскери-патриоттық тағылым беретін 120 бейнефильм, 2-і “АК-47”, 15 “АК-74” және 3 “Юнкер” автоматтарының оқу макеттері, 56 пневматикалық винтовка, 1820 газ тұмылдырығы және тағы басқалар бар. Оқушылар қажетті оқу құралдарымен толық қамтылған. Тек соңғы екі жылдың ішінде орталықтың материалдық-техникалық базасын нығайтуға облыс бюджетінен 3 миллион теңге қаражат бөлінген.

Сондай-ақ орталықтың өз “Жауынгерлік даңқ” мұражайы бар. Әріптестеріміздің “Поиск” қоғамдық бірлестігі мүшелерімен бірлесіп, Ресейдің Новгород облысына сапар шегуінің арқасында мұражайымыз 316-атқыштар дивизиясы ұрысқа қатысқан жерлерден ҰОС-ның жәдігерлеріне толды. Бұл бүгінде 1-11-сынып оқушыларына әскери-патриоттық тәрбие беруде зор пайдасын тигізуде.

– Ал орталықта білікті мамандар мәселесі қаншалықты шешілген?

– Жеткіншектерге алғашқы әскери дайындық бойынша білім беретін 12 ұстаздың 11-і – жоғары білімді мамандар. Оқытушылардың елу пайызы – жоғары және бірінші санаттағы мамандар. Соңғы 5 жылдың ішінде әріптестеріміз Алматы, Астана және өзіміздің облыс орталығында біліктіліктерін арттырып қайтты.

– Ал сабақтар қалай жүргізіледі? Осыған аз-кем тоқталып өтсеңіз.

– Оқу пәнінің мазмұны мен құрылымы кіріспе сабақтан, әскери іс негізі тарауынан, азаматтық қорғаныс пен медициналық білім негіздерінен тұрады. Қолдарына қару алмас бұрын оқушылар ең алдымен теориялық білім алады. Тек содан кейін ғана практикалық сабақтар барысында қару-жарақ пен әскери-техникалық мүлiктердi, жеке қорғаныс құралдарын, аспаптар және басқа да жабдықтарды қолдана отырып, оқытылған материалдарды бекiтеді.

Пәннің мұғалімдері оқушылардың сабаққа үлкен қызығушылықпен қатысып, әр сабаққа үлкен дайындықпен келетінін атап өткім келеді. Сабақ барысында оқушыларға әскери киім киюді, сапқа тұруды және саптық элементтерді орындауды үйретеміз. Жоғары сынып оқушыларына Отан қорғаудың негізгі теориясы, дүниежүзілік соғыстардың тарихы, олардың себептерімен таныстырып, дене бітімінің жасына сай дамуына қараймыз. Алғашқы әскери дайындық сабағының өзге пәндерден айырмашылығы айтарлықтай. Мәселен, дәрістер барысында мектеп бітірушілер үшін өз еркімен әскери борышын өтеудің қажеттілігі, сенімді түрде әскери қызметке саналы дайындық, өмірде болып жатқан саяси-әскери жағдайларға талдау жасау, әскери талаптарды түсіну, АӘД сабақтарында терең және нақты біліммен қарулану, әскери-патриоттық шараларға белсене қатысу қажеттігі ескеріледі. АӘД-тың өзге пәндерден артықшылығы осы дер едім. Ең бастысы – әскери-патриоттық тәрбие жасөспірімдерді еліне деген сүйіспеншілікке, ұлттық әскер құрамында адал қызмет атқаруға, адамгершілік қасиеттерді бойына сіңіруге баулиды.

– Осы қызметке қалай келгеніңіз жайында айтып өтсеңіз?

– Мен 1955 жылы Омбы облысының Шарбақкөл ауданындағы Кішібаранқол ауылында дүниеге келдім. 1972 жылы Алматыдағы Абай атындағы педагогикалық институтқа түсіп, химия және биология мамандығы бойынша оқыдым. Оны 1977 жылы бітіргеннен кейін Солтүстік Қазақстан облысының Пресновка ауылында оқушыларға бір жарым жыл сабақ бердім. Ал 1978 жылы әскерге шақырылып, бастапқыда “Отар” полигонында, ал кейін Алматыда әскери борышымды өтедім. Сол жылы әскери басшылық мені қатарластарыммен бірге Ауғанстанға жіберді. 1980 жылы әскери борыш өтеудің мерзімі бітіп, запастағы лейтенант офицері шенінде елге оралдым. Әкем 45 жыл мұғалім болған. Ұлы Отан соғысына қатысып, ел қорғаған. Сондықтан болар, әскери қызметке бүйрегім бұрғаны рас. Омбы қаласында 25 жыл ішкі істер органында қызмет атқардым. 1996 жылы зейнеткерлікке шығып, кейін отбасыммен бірге Қазақстанға көшіп келдік. Себебі, туысқандарымның басым бөлігі КСРО кезінде елге қоныс аударған болатын. Ал 2002 жылдан бастап аталмыш орталыққа қызметке орналастым. Содан бері 11 жыл өтіп, оның соңғы 3 жылында орталық директорының оқу және тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарып келемін.

– Үстіміздегі жылы АӘД орталығы оқушылармен бірлесіп, қандай жұмыстарды жүзеге асырды? Жалпы мектеп оқушылары арасында оқу-жаттығу жиындары жиі өткізіле ме?

– Мектепте оқушыларға әскери-патриоттық тәрбие беру тек қана 10-11-сыныптарда өтілетін алғашқы әскеридайындық сабағында ғана емес, сонымен қатар сыныпта және сыныптан тыс өткізілетін іс-шаралар арқылы беріледі. Атап айтқанда, бір жылдық АӘД бағдарламасының қорытындысы ретінде орталық көктем уақытында қала мектептері түлектерінің арасында оқу-жаттығу жиыны мен медициналық практика өткізеді. Оқушылар санының көптігіне байланысты жиынға қатысушыларды екі топқа бөліп, кезең-кезеңмен өткіземіз.

Үстіміздегі жылғы жиынға жалпы 465 бозбала мен 574 бойжеткен қатысты. Олар екі лекке бөлініп, бес күн қатарынан 30 сағаттық бағдарлама бойынша жаттықты. Қыз балалар 1-ші және 3-ші қалалық ауруханаларда тәжірибе жинақтап, бастапқы әскери дайындық орталығында зардап шегушіге алғашқы көмек көрсетуді үйреніп, тест түріндегі сынақтан өтті. Ал ұлдар болса әскери өмірдің аз да болса дәмін татып көрді. Ол үшін №40 орта мектеп аумағында ұйымдастырылған 5 дайындық алаңында оқу-жаттығуда сап түзеген түлектерден бес взвод жасақталды. Олар тактикалық дайындықтан өтіп, әскери қызметтің негіздерін үйренді. Азаматтық қорғаныстың қыр-сыры мен әскери топографияның әдістерін, атыс даярлығын меңгерді. Оқу-жаттығу жиындары аяқталысымен, ең үздік мектеп ұжымдары, дене шынықтыру және АӘД сабағының мұғалімдері марапатталды. Жиынға қатысқан түлектердің барлығына салтанатты түрде куәлік беріліп, солардың ішінде жоғары нәтиже көрсеткендер аталып өтілді. Орталық №40 мектепке көшірілген соң біраз мәселе шешімін тапты. Дайындыққа келушілердің басым бөлігі ыстық тамақпен қамтылып, мектеп ауласындағы спорттық алаң жеткіншектердің дене бітімдерін қалыптастыруға септігін тигізуде. Ал мектептің акт және спорт залдары әскери-патриоттық жұмыстар жүргізуге ыңғайлы.

– Ал орталық түлектері ше? Оқушылармен өткізілген кездесулерге келіп, білгендерімен бөлісе ме?

– Мектебімізді бітірген оқушылардың жүзге жуығы әскери оқуға түсіп, өмірлерін әскермен байланыстырды. Олар қолдары босай қалған жағдайда міндетті түрде орталық ұжымымен хабарласып, аман-саулығымызды біліп отырады. Осындайда түлектерімізді орталыққа шақырып, кездесулер өткізуді дәстүрге айналдырдық.

– Соңғы сұрақ: Сіз мектептерге АӘД пәні керек деп ойлайсыз ба?

– Отанды қорғау – бәріміздің міндетіміз. Бұл – еліміздегі әрбір азаматтың Отан алдындағы парызы. Бозбала ертең денсаулығына, отбасылық жағдайына байланысты әскерге шақыртылмауы да мүмкін. Десек те АӘД пәні барысында олар біраз нәрсенің бетін ашып, біраз нәрсені үйренеді. Атап айтсақ, балалар қару-жарақпен танысып, көздеу әдістерін қалыптастырады және ату кезіндегі техника қауіпсіздігін оқып үйренеді. Әскери-патриоттық тәрбие беру кабинетінде бозбалалар әскери тактикамен, әскери топографиямен, инженерлік дайындықтармен жете танысады. Бұйрыққа бағыну, қару-жарақты қолдана білу де бар. Бұл өз кезегінде алдағы уақытта септігін тигізетіні сөзсіз. Сондықтан қалай дегенмен мектепте АӘД пәні қажет деп ойлаймын.

Сөз соңында көп жылғы қызмет өтілі бар білікті ұстаз болсақ та, жұмысқа жаңа орналасқан жас маман болсақ та, әр уақытта көмек қолын созып, қолдау көрсетіп отыратын орталық басшысы Петр Озеровке алғысымыз шексіз. Себебі, басшы қандай болса, ұжым да сондай болмақ. Он жеті жыл табысты қызмет атқарып келе жатқан орталық ұжымының айтары осы.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp