«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕҢБЕГІ ЕЛЕНГЕН ЭЛЕКТРШІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Тоқтар ЗІКІРИН,

“Солтүстік Қазақстан”.

Ахметқали Шаяхин – бұрынғы Петропавл құрылыс тресінің темір-бетон бұйымдары зауытының байырғы жұмысшыларының бірі. Осындағы еңбек жолын 1978 жылы қатардағы электрші қызметінен бастаған ол аты өзгергенмен, заты өзгермеген “Единство” ЖШС-інде кәсіпорынның бас электршісі міндетін атқарып келді.

– Қазір кәсіпорынның басшысы ауысып, оның жетекшілігі “Единство” ЖШС-і құрылған күннен басқарған Марат Мергенов зейнет демалысына шыққан соң, “ЗИКСТО” зауытының бұрынғы директоры Игорь Коровиннің қолына тиді. Енді бізде темір-бетон бұйымдарын шығаратын шағын зауыттың орнына ірі үй құрылысы комбинатын ашу көзделіп отырғандықтан, өндірісті жаңғыртатын қайта құру жұмыстары қызу жүріп жатыр. Сондықтан өндіріске келген жоғары білімді жас маманға жол беріп, қатардағы инженер-электршілік қызметке ауыстым. Ал оның өзінің де жауапкершілігі бастан асады, зауыттың қайта құрылуына байланысты келіп жатқан жаңа шетелдік қондырғыларды сенімді электр желілерімен жабдықтау жеңіл жұмыс емес. Бұл жерде менің бай тәжірибемнің пайдасы тиюде, – дейді Ахметқали Жәукеұлы.

Ауыл перзентінің осындай кәсіптік шеберлікке жетуі оның өз ісіне деген сүйіспеншілігінен болса керек. Бұрындары Бостандық ауылының сегізжылдық, қаладағы №2 қазақ мектеп-интернатын бітірген және екі жыл міндетті әскер қатарында болған шағынан басқа өмір жолдары осы кәсіппен тығыз байланысты. Петропавлдың ауыл шаруашылығын механикаландыру техникумында білім алып, одан кейін Қарағанды облысындағы Қарқаралы ауданының Ынталы кеңшарында екі жылдай инженер-электрші қызметін атқарды. Елге оралған соң осы темір-бетон зауытына жұмысқа кіріп, әлі күнге дейін соның төңірегінде жүр.

Зауыттар жабылып қалған сонау қиын кезеңде бір жылдай жұмыссыз отырып, кейін қаланың бір ұн диірменінде және “Петропавл – Астық” элеваторында электрші болып еңбек етті. 2008 жылы зауыттың бетон шығару және өнімдер дайындайтын цехтарын аман алып қалып, өз өндірісін ашқан Марат Мергеновтің шақыруымен кәсіпорынға қайта оралды.

Қай кезде де қара жұмыстан қашқақтап көрмеген Ахметқали Жәукеұлы ауыр сым орамаларын иығына артып алып, өндірістің осал тұсына көмекке келуге әзір. Темір-бетон бұйымдарын шығарудың технологиясы өте күрделі, қалыпқа құйылған ерітінділер дұрыс кеуіп, сапалы дайын өнімге айналуы үшін электрлі жылытқыш қуаты үзілмеуі тиіс. Ал оны қамтамасыз ету осындай еңбек саңлақтарының ғана қолынан келеді. Маңдай тер, ақ адал еңбегі үшін зауыт электршісі өткен жылғы Құрылысшылар күні салтанатында облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды.

Суретті түсірген

  Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp