Нұрсайын ШӘРІП,
“Солтүстік Қазақстан”.
Бүгінгі күнімізді телефон байланысынсыз көзге елестету мүмкін емес. Бұрындары үйге орнататын телефонға зар болып жүрсек, енді ұялы байланыс өмірге сыналап енгелі бар мәселені “аттың жалында, түйенің қомында” жүріп-ақ шешетін күйге жеттік. Қазір, бала-шағаны қоса есептегенде, отбасының барлық мүшесінде кемінде бір-бір телефон бар десек, қателеспейміз. Әйтеуір, ғылым мен техниканың қарыштап дамуы сымсыз байланысты қарым-қатынасымыздың алдыңғы қатарына шығарды. Қалай десек те, қазақы тілмен айтқанда, байланыстың осы түрімен амандық-саулық сұрасатындардың қатары көбейе түсті. Тек сөйлесетін адамыңның байланыс нөмірін білсең болғаны. Ал ұмытып қалсаң ше? Онда облыс орталығында тұрғандықтан, “Анықтама бөліміне” хабарласып, тамырыңның не танысыңның нөмірін біліп алуға асығасың.
Осы мақсатта Петропавлда күндіз ақысыз 1-18 және ақылы 1-69 қызметтері жұмыс істейді. Осыны білетін жандар әрі күндіз, әрі тегін деп алғашқы 1-18-ді теріп, іздеген адамының нөмірін тезірек білуге жанталасады. Интернет заманы ғой, жолыңыз түсіп, “анықтама” бос болса, телефон “құлағын” қолға алғаннан “автожауапкер” айтқан міндеттерді орындауға тура келеді. Былайша айтқанда, қазақша тілдескіңіз келсе, “1”-ді, орысшаны таңдасаңыз “2”-ні басасыз. Содан кейін шыдамай тұрсаңыз да, асықпаңыз, АТС-тің “ар жақтағы” ұзақ сонар музыкалық әуенін тыңдайсыз. Сіздің қажетті нөмірді тезірек білгіңіз келіп тұрғаныңызда о жақтың шаруасы жоқ. Әуен бітті-ау дегенде ғана тілегіңізді айта бастайсыз. Олар керек кісіңіздің мекен-жайын тәптіштеп сұрай бастайды да, “білмеймін” десеңіз, “онда 1-69-ға хабарласыңыз”, – деп, байланысты “үзіп” тастайды. Содан “Жазған құлда шаршау жоқ” дегендей, айтқан нөмірін теріп, тағы да “автожауапкер” айтқан талаптарды бұлжытпай орындауға кірісесіз. Қазақшасын немесе орысшасын таңдасаңыз да, көп жағдайда “В настоящее время мы не можем ответить. Звоните попозже” деген жауап аласыз, яғни байланыс желісі бос болмай шығады. Сөйтіп, “ақысызы” мен “ақылысынан” керек нөміріңізді ала алмай арам тер боласыз. Сенбейсіз бе? Сенбесеңіз, осы тез анықтама бермейтін “Анықтамаға” қоңырау шалып көріңіз. Іздегеніңізді таппасаңыз да, Сізге ұнасын-ұнамасын, ұзақ сонар әуен тыңдап қаласыз…