Волейболдан ерлер арасында Ұлттық лига шеберлерінің республикалық ХХІІ чемпионатының І турының 2-кезеңі 8 қаңтарда облыс орталығындағы “Жеңіс” спорт кешенінде басталды. Үш күнге созылған жарыста Петропавлдың “Есіл” командасы өнер көрсетті. Жерлестеріміздің ойын өрнегін жанкүйерлермен бірге өңір басшысы Самат Ескендіров те тамашалады.
Нұрсайын ШӘРІП,
“Солтүстік Қазақстан”.
Бұл топта Оралдың “Конденсат-Жайықмұнай”, Алматының “Алматы”, Павлодардың “Павлодар”, Өскеменнің “Шығыс-Свинец-Строй”, Хромтаудың “ТНК-Қазхром”, Атыраудың “Атырау”, Петропавлдың “Есіл”, Жамбылдың “Тараз” командалары күш сынасады. Чемпионаттың І турының 1-кезеңінде 18 ұпай жинаған оралдықтар көш бастаса, жерлестеріміз 6 ұпаймен 7-орында келеді.
Петропавлда өткен сайысқа Орал, Хромтау, Атырау және Петропавл қалаларының командалары қатысты. Жарыстың алғашқы күні “ТНК-Қазхром” мен “Атырау” командалары кездесіп, хромтаулықтар 3:1 есебімен жеңіске жетті.
Додалы сайыстың алғашқы күні жан-күйерлер асыға күткен ең негізгі кездесу оралдықтар мен петропавлдықтар арасында өтті. Игорь Никольченко жаттықтыратын оралдық “Конденсат-Жайықмұнай” командасында 4 Азия чемпионы, ҚР Президенті кубогының иегерлері өнер көрсетеді. Сондықтан болар, жарыстың көшін бастап келе жатқан команда бірінші партияда алғашқы болып есеп ашты. Алайда, жергілікті жанкүйерлерден, бұл жарысты арнайы тамашалап отырған облыс әкімінен қолдау көріп отырған есілдіктер қарымта қайтарып, алғашқы партияның соңына дейін тегеурінді қимыл танытып отырды. Оны 23:23,..31:31 есептерінен-ақ байқауға болатын еді. Дегенмен, жерлестеріміз соңғы сәттерде оралдықтардың жойқын шабуылдарына “қақпақ” қоя алмай, 31:33 есебімен есе жіберіп алды.
Ойынның 2-партиясы да алма-кезек есеп айырысумен өтті. Дегенмен, жерлестеріміз бұл ойында жанкүйерлерін жерге қаратқан жоқ. Партияны жеңіспен аяқтады. Алайда, келесі екі ойын қонақтардың пайдасына шешілді. Сөйтіп есілдіктер алғашқы күні оралдықтардан 1:4 есебімен жеңіліп қалды.
Келесі күні оралдықтар мен хромтаулықтар кездесіп, “Конденсат-Жайықмұнай” 3:0 есебімен жеңіске жетті.
Жергілікті жанкүйерлер кешегі жеңілістен кейін “Есіл” мен “Атырау” командалары арасында өтетін осы күнгі сайыстан зор үміт күтті. Бірақ Александр Рябко баптайтын жерлестеріміз ойын басталған сәттен бастап қонақтардың бірінші болып есеп ашуына жол беріп, 22:22-ге дейін “соңынан қуушылар” рөлін ғана атқарды. Дегенмен, жанкүйерлер алдындағы жауапкершілік ойыншылардың көш бастауға деген жігерін жани түскенін байқатты. Ол ойын барысында көрініс тауып жатты. 28:28, 28:29, 31:31 есептері соған айғақ. Сайыста есілдіктердің мәртебесі үстем болды. Есеп 33:31.
Екінші ойын да алғашқы сценарийдей әсер қалдырды. Партияның ортасынан аса жерлестеріміз оза шабуылдаушылар қатарынан көрініп, жерлестерінің бұл күнгі сенімін ақтап шықты.
Үшінші ойын да жерлестеріміздің пайдасына шешілді. Сөйтіп, бұл күнгі сайыс 3:0 есебімен аяқталды.
Кеше Петропавлдың “Есіл” командасы хромтаулықтармен, ал атыраулықтар оралдықтармен кездесті. Чемпионаттың бұл туры наурыз айына дейін жалғасады.
Суреттерді түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.