Астана қаласындағы “Алатау” спорт сарайында өткен республикалық марафонда солтүстікқазақстандық Әскер Қожанов абсолюттік жеңімпаз атанды.
Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Аталмыш жарыста өңір намысын қорғаған “Надежда” әуесқойлар клубының мүшесі, Жамбыл ауданының тумасы Әскер Қожанов 12 сағаттық кезеңде бағын сынап, белгіленген уақытта 132,4 шақырым қашықтықты бағындырған.
“Self-transkendence” халықаралық бағдарламасы аясында өткен марафон барысында сағаттап сайысқан әуесқойлар мен ардагерлер 6 және 12 сағаттық қашықтыққа жүгіріп, сынға түсті. Еліміздің әр өңірінен қатысып, бәсекенің көркін қыздырған 12 желаяқ көрермендер мен жанкүйерлердің ыстық ықыласына бөленді.
– Жарыс таңғы сағат 8-де басталып, кешкі 20.00-де аяқталды. Осы жолы да жеңімпаздар қатарында болатыныма еш күмәнім болмады. Өзімнің ерік-жігерім, спорттың аталмыш түрінен озық болуға деген талпынысым ойлаған ойыма жеткізді, – деген Әскер Қожановтың айтуы бойынша, бұл жолғы марафонды өткізуге көптеген қоғамдық-спорттық және гуманитарлық жобалардың авторы, америкалық философ, спортшы Шри Чинмойдың клубы қолдау білдірген.
Жерлесіміздің айтуына қарағанда, бұл жолғы марафон еш қиындық туғызбаған. Себебі, айына 700-900 шақырымды еңсеріп, тәуліктік марафондарда топ жарып жүрген спортшыға 12 сағат түк емес.
– Өткен жылдың тамыз айында Астана қаласының Орталық саябағында өткен тәуліктік марафонда 182,7 шақырымды еңсерген едім. Онда сайыстарда үзеңгілес жолдастарым Алексей Давыдов пен Ильдар Халлилулин топ жарған болатын. Осы жолы, өкінішке қарай, олар түрлі себептермен марафонға қатыса алмады, – деген марафоншы аталмыш додаға дайындық барысында күніне 20-30 шақырым жүгіріп отырғандығын тілге тиек етті.
Спорттық шараның салтанатты марапаттау рәсімінде жеңімпаздарды Азияның, Африканың, Австралия мен Американың шөл далаларын жүгіріп өткен әлемдегі теңдессіз жалғыз тұлға, Гиннестің рекордтар кітабының жеті дүркін рекордшысы Марат Жыланбаев құттықтап, жеңімпаз атанғандар медальдармен, грамоталармен марапатталды.
Сайыста бірінші орыннан көрініп, Қазақстан чемпионы атанған жерлес желаяқ – 15 қаңтарда өтетін 100 шақырымдық бүкілресейлік марафонға жолдама алған жалғыз қазақстандық.
СУРЕТТЕ: марафон жеңімпазы Әскер Қожанов.
Суретті түсірген Қошан ҚАЛИ.