Қазақстан Республикасы еңбек нарығындағы халықтың экономикалық тұрғыдан белсенділігі мен енжарлығын жете және жан-жақты сипаттайтын өзекті деректер алу үшін статистика органдары 2001 жылдан бастап республикадағы жұмыспен қамту және жұмыссыздық мәселелерін зерделеуге көмегін тигізетін халықтың жұмыспен қамтылуына тоқсан сайынғы іріктеме зерттеу өткізеді.
Халықтың жұмыспен қамтылуы бойынша зерттеу Қазақстанның ұлттық ерекшеліктерін ескере отырып, Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) әдіснамалық ережелері мен ұсынымдары және жұмыспен қамту және жұмыссыздық мәселелері бойынша Халықаралық Еңбек Статистиктарының Конференциясында (ХЕСК) қабылданған қарарлар негізінде жүзеге асырылады.
Зерттеу іріктемеге түскен үй шаруашылықтарын сауалнамалық сұрақтар қою жолымен облыстың барлық өңірлерінде өткізіледі. Зерттеуге қатысушы ретінде үй шаруашылығы (отбасы) мүлде кездейсоқ таңдап алынады.
2014 жылдан бастап, жұмыспен қамту бойынша тоқсан сайынғы зерттеуге қосымша облыс өңірлері бөлінісінде халықтың жұмыспен қамтылуы туралы ақпарат қалыптастыру үшін ай сайынғы зерттеу өткізілетін болады. Облыс өңірлері бөлінісіндегі көрсеткіштер “Жұмыспен қамту – 2020” Жол картасының” іске асырылуын бағалау және мониторингілеу үшін маңызды.
Сонымен, 2014 жылдан бастап, екі тәуелсіз іріктеме зерттеу өткізілетін болады: тоқсан сайынғы және ай сайынғы.
Облыс тұрғындарынан, егер Сіздердің отбасыларыңыз зерттеуге түссе, қажет ақпарат ұсынуларыңызды сұраймыз. Зерттеу нәтижелерінің сенімділігі Сіздердің толық әрі егжей-тегжейлі жауаптарыңызға байланысты.
Сіздерден алынған ақпарат аса құпияда ұсталатынына және тек статистикалық мақсаттарға пайдаланатынына кепілдік береміз. Сіздердің жауаптарыңыз жұмыс істеушілер мен жұмыссыздар саны, жұмысқа орналасудың түйінді мәселелері, жұмыс іздеу тәсілдері туралы құнды ақпарат алуға мүмкіндік береді. Бұл деректер жұмыспен қамту мен аймақтардың әлеуметтік дамуының әртүрлі бағдарламаларын әзірлеу үшін жиынтық күйінде пайдаланылады.
Барлық туындаған сұрақтар бойынша Сіздердің Солтүстік Қазақстан облысының Статистика департаментіне 46-23-65, 50-06-28 байланыс телефондары арқылы хабарласуларыңызға болады.
Облыстық Статистика департаменті.