Ауызсу Ғ. Мүсірепов атындағы аудандағы Шөптікөл ауылының тұрғындарын көптен бері мазалап жүрген мәселелердің бірі болатын. Бұл сауал соңғы жылдары аудан әкімінің ауыл тұрғындары алдындағы есеп беру кездесулерінде жиі көтеріліп жүрді. Енді, міне, биылғы Жаңа жыл мерекесі қарсаңында шөптікөлдіктердің қотанында таза су аға бастады. “Ақ бұлақ” бағдарламасы бойынша жүзеге асқан бұл шараға жұртшылық дән разы.
Сағыныш ОРАЗБЕКОВА,
журналист.
Облыстық Құрылыс басқармасы 2012 жылы Шөптікөл ауылын жерасты суымен қамтамасыз ету жөніндегі жоспарлы ісін қолға алып, байқау жариялаған болатын. Тендерді Петропавл қаласының “Қанат-МСО” ЖШС жеңіп алғантын. Бірақ аталмыш серіктестік өзіне міндеттеген жұмыстарды дұрыс атқармай, тұрғындардың ауызсуға қол жеткізер күнін алыстатып жіберді. Жауапсыз серіктестікпен арадағы шарт бұзылып, жұмыс тоқтап қалған еді. Қазіргі таңда “Қанат-МСО” ЖШС-нің жауапсыз әрекеттері сотта қаралуда.
Қалған қаражатқа қайта жарияланған конкурсты жергілікті жеке кәсіпкерлік – “Бочаров А.Н.” жеңіп алып, бүгінде су құбырының құрылысы мен оны іске қосу жұмыстарын толық аяқтады. Осылайша Жаңа жыл қарсаңында ауыл тұрғындары таза сумен қамтамасыз етіліп, көңілдері орнықты. Қазіргі таңда 15 үйге және 2 мекемеге су тартылған. Қыстың қырауында құрылыс жүргізу оңай емес екендігі ескеріліп, қалған үйлерге су тарту жұмыстары жер бауыры жіпсігенде жүргізілетін болды.
Биіктігі 24 метр су мұнарасының жан-жағы санитарлық шарттарға сәйкес қоршалып, жанына ұңғыма құбырлар бұрғыланды. Резервуарлардың сыйымдылығы – 50 текше метр. Су айдайтын мұнараға іргетас орнатылып, 2,349 шақырымдық су құбыры стансаға дейін тартылды. Ұңғымаларға су толтырылып, залалсыздандыру жұмыстары атқарылды. Сорғылар орналасқан трансформатор орнатылып, электр қуаты тартылды. Тіршілік көзі болып табылатын суға ауыздары тиген жергілікті тұрғындардың қуанышын сөзбен жеткізу мүмкін емес.
Ғ.Мүсірепов атындағы аудан.