Жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған облыстық мектеп-интернат тәрбиеленушілері Жаңа жылды көтеріңкі көңіл күймен қарсы алды. Өйткені, оларды Жаңа жылмен құттықтауға өздерінің қамқоршылары – энергетиктер келді.
“СевКазЭнерго” АҚ-ның өкілдері 25 жылдан астам уақыт бойы мектеп-интернат балаларының өміріне етене араласып келеді. Осы уақыт аралығында энергетиктер өздерінің қамқорлығындағы ұйымға көптеген қуанышқа толы сәттер сыйлады. Мектеп-интернаттың бесінші отбасында қазіргі кезеңде 18 оқушы тәрбиеленуде, оның 7-еуі биылғы жылы оқу бітіріп, үлкен өмірге қанат қағады.
Бұл жолы да энергетиктер мен Балалар үйінің “Жұлдыздар” отбасы мүшелері Жаңа жылды бірге қарсы алды. Балалардың арман-тілектерін айтып, көптен күтіп жүрген мерекесі қарсаңында оларды “СевКазЭнерго” АҚ-ның төрағасы Еділ Көпенов құттықтады.
– Жаңа жылда барлық арман-тілектеріңнің орындалуына тілектеспін. Қазір сендер үшін ең бастысы – оқу. Оқыңдар, білім алуға ұмтылыңдар, өйткені ол болашақта сендерге өте қажет. Сендердің әрқайсыларың өмірдегі лайықты орындарыңды табатындарыңа сенемін. Жаңа жыл құтты болсын! – деген Еділ Көпенов тату-тәтті отбасы мүшелерінің әрқайсысына жаңажылдық тәттілер мен боулинг орталығына билеттер тарту етті.
“СевКазЭнерго” АҚ-ның жұртшылықпен байланыс бөлімі.