М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің Тіл және әдебиет институтында “Қазақ тілі мен әдебиеті” мамандығы бойынша өзге этнос өкілдері де білім алып жүр. Осы орайда СҚМУ-де қазақ тілінде білім алып, бүгінде өз өмір жолын тапқан жастардың бірімен тілдесуді жөн санадық. Ол – Алена Юмакулова.
– Алена, алдымен өзіңіз жайлы айтып өтсеңіз?
– Туған жерімді айтар болсам, мен Солтүстік Қазақстан облысының Есіл ауданындағы Оседлое ауылында тудым. Ата-анамның кенже қызымын. Орыс ұлтының өкілімін. Мені солтүстікқазақстандықтар Герасимова деген тегіммен жақсы танитын болар. Өткен жылы тұрмысқа шықтым. Жұбайымның анасы қазақ. Қайын енемді өз анамнан кем көрмеймін. Ал отбасымыздың тірегі, асқарымыз болып отырған ардақты әкеміздің ұлты татар. Жұбайым қазақ тілін нашар біледі. Бірақ аздап сөйлеуге тырысады. Үнемі менен және анасынан сөздердің дұрыс айтылуы мен аудармасын сұрап, жаттап жүреді.
– Орыс тілді ортадан шыққан Сіздің қазақша білім алуыңызға не түрткі болды?
– Мектепте орысша оқығаныммен, қазақ тіліне деген ынта-ықыласым зор болатын. Қазақша үйреніп кетуіме тағы бір себеп – мектептегі қазақ тілі пәнінің ұстаздары. Олар мені түрлі байқауларға қатыстыратын. 7-cыныптан бастап Абай оқуларына қатысып, жүлделі орындарға ие болдым. Ұлы ақынның шығармаларына ғашық болып, 65 өлеңін жаттап алдым.
Мектепте оқып жүрген кезімде журналист болуды армандадым. Ал оқуға түсер кезде мемлекеттік тілді үйрену мен балалық арманымды орындау жөнінде екі ой болды.
Мектепті тамамдаған соң Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің “Қазақ тілі мен әдебиеті” мамандығына оқуға түстім. Мемлекеттік тілді үйрену, оның ұңғыл-шұңғылына бойлау қиын болғанымен, университет ұстаздарының кәсіби біліктілігі мен қазақ достарымның көмегі маған барынша зор мүмкіндік берді.
Мемлекеттік тілдің тізгіні – жастарда. Қазақ филологиясындағы оқытушыларымыз бізге сапалы дәріс берді. Оқытушыларымыздың арқасында біз (өзге ұлт өкілдерінің 9 қызы) қазақ тілінің өркендеп, дамуына ниеттес екендігімізді білдірдік. Оларға мың да бір рахмет! Біз енді өз кезегімізде ел болашағына сөзбен емес, іспен үлестерімізді қосамыз. “Қазақстанның болашағы – жастардың қолында”, – деп Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, мемлекет тарапынан жастарға көрсетілген қолдаудың барлығы бізге көмегін тигізуде.
– Университетте білім алған алғашқы жылдары қазақ тілін меңгеруге байланысты ең қиналған және есте қалған қызықты оқиғаны айтып берсеңіз?
– Әрине, университетте өзге ұлт тілінде оқу қиын болды. Әсіресе, бірінші оқу жылы. Өйткені бірінші семестрдің емтихандары түгел қазақ тілінде және ауызша болды. Ал біз – басқа ұлт өкілдерінің 9 қызы орыстілді мектептерді бітірдік. Сондай-ақ жоғары оқу орындарының бағдарламасы жалпы білім беретін орта мектеп бағдарламасынан өзгеше. Көлемді мәтіндерді жан-жақты түсіне алып, орысшаға аудардық. Тіпті, кейбір абзацтарды, сөйлемдерді жаттап алдық. Бос уақыт мүлдем болған жоқ. Күнделікті дәрістер, өзіндік жұмыстар, кітапхана… Жаңа сөзді естігенде жазып алып, оның мағынасын білуге тырыстық. Жазып алған сөз есте қалады емес пе?! Қазақ тілінде кітаптарды көп оқыдық, сөздік кітаптарды да жиі қолдандық. Сөздіксіз бастапқыда алысқа ұзау мүмкін емес еді. Міне, осылай әр күнді мәнді, ұтымды өткіздік.
Ең есте қалған қызғылықты оқиғалардың бірі – біз университетте оқыған 4 жыл бойы: “Осы оқу орнын бітіргеннен кейін университет алдында тұрып, бар дауысымен “Я свободен” деген әнді айтамыз” деп келістік. Бірақ уақыт өте келе, университетті бітіріп шыққаннан кейін бұл келісіміміз туралы ұмыттық. Бүгінде сол жылдарды ерекше бір сезіммен есіме алып, университетте қайта оқығым келеді…
– Жалпы мемлекеттік тілді меңгеру арқылы Сіз қандай табысқа жеттіңіз?
– Қазақ тілін білгенімнің арқасында көптеген байқауларға қатыстым. Атап айтсақ, 2008 жылы Петропавл қаласында өткен “Біз өзіміздің бірлігімізбен және ұлттық келісімімізбен күштіміз” тақырыбындағы облыстық рефераттар байқауының І дәрежелі облыс әкімі сыйлықақысының иегерімін.
“Мақсұтым – тіл ұстартып, өнер шашпақ” атты қалалық және облыстық Абай оқулары байқауында жүлделі орындарға ие болдым. Мемлекеттік тілді жетік меңгерген өзге ұлт жастарының “Тілі бірдің – тілегі бір” атты республикалық форумына екі рет қатыстым. “Тіл шебері – 2012” республикалық байқауында үш тілді – қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік білетін жастар арасында 3-орын алдым. 2011 жылы Көкшетау қаласында өткен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығын тойлау аясында өткен “Ана тілі аруы” облыстық байқауына қатысып, 1-орынға ие болдым. Осы жылы “Жетістігі мол қазақстандық” облыстық байқауының “Жас жетекші” аталымының жеңімпазы атандым. 2012 жылдан бері Қазақстан халқы Ақмола облыстық Ассамблеясының мүшесімін, аталмыш қоғамдық институт жанындағы мемлекеттік тілді насихаттау жөніндегі орталықтың төрайымымын. Мемлекеттік тілді насихаттау мен дамытуға, ұлтаралық келісімді, төзімділік пен рухани бірлікті сақтау мен нығайтуға, облыс халқының барлық этностары мәдениеттерінің өзара дамуына қосқан елеулі үлесім үшін Ақмола облысы әкімінің Алғыс хатымен марапатталдым.
– Өзіңіз айтқандай, Сіз “Қазақстан-Петропавл” телеарнасында “Ақ тілек” бағдарламасының жүргізушісі болдыңыз. Бұл тілдік қорыңызды байытуға көмектесті ме?
– Телеарнада жұмыс істеу – бұл үлкен мектеп, тілді жаттықтыруға маған зор көмек берді. Қазақша ойлауға, ойды анық жеткізе білуге, мәтіндерді жазғанда грамматиканы есіме алуға тигізген септігі зор. Сол кезде мен деңгейімді тағы бір сатыға көтердім. Қазір қазақ тілі менің екінші туған тілім деп толық айта аламын. Кез келген тілді меңгерер алдында теледидар мен радио жаңалықтарын тыңдап, ақын-жазушылардың шығармаларына назар аударған жөн. Көшеде кетіп бара жатқан адамдардың сөйлегендеріне де назар салып, сөздің дұрыс айтылуына мән беру керек. Осы айтып отырған нәрселердің барлығы да тілді үйренуде үлкен даңғыл жол.
Ең бастысы, тілді үйренуде жалқаулықты ұмытып, білгеніңді тәжірибе арқылы дәлелдеу қажет. Өзің үшін бар әлемді ашатын да өзің боласың. Сенің өміріңнің бағыты алға қойған мақсатың болуы керек. Сонда ғана белестерден асып, қазақ тілін меңгеруде жоғары жетістіктерге жетіп, еліміздің парасатты да мерейі үстем азаматы боласың.
– Сізді облыс тұрғындары студент кезіңізден жақсы таниды. Осы бір танымалдылық өміріңізге қандай өзгеріс әкелді?
– Студент кезімде әкімдікте ұлты қазақ емес жастармен кездесу өтті. Сол кездесуде облыс, қала өміріндегі түрлі мәдени шараларға белсене атсалысуымыз керектігі айтылды. Осының нәтижесінде “Ақ тілек” сазды-құттықтау бағдарламасын жүргіздім. Жергілікті “Қазақстан-Петропавл” телеарнасында жұмыс істеу маған облыс тұрғындары арасында танымалдылық әкелді. Сондай-ақ мені 2011 жылы Ақмола облысы атынан Астана қаласында өткен “Нұр Отан” халықтық демократиялық партиясының XIV съезінде сөз сөйлеуге шақыру да белгілі бір деңгейде танымал ете түсті.
– Бүгінде Көкшетау қаласына тұрақтадыңыз. Бұл қалаға кетуіңізге не түрткі болды?
– 2010 жылы тағдыр жолы жер жанатты – киелі Көкшетау жеріне әкеліп, осында Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінде “Қазақ тілі және мемлекеттік тілде іс жүргізу” пәндерінің оқытушысы болып қызмет атқарып жүрдім. Арқаның кербез сұлу Көкшетауы мені жылы қарсы алды. Мұғалімдік қызмет атқару тәртібімен Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде жақсы танысқанмын. Шынымды айтсам, бірінші рет университетте сабақ өткізуге келгенде студенттер таңғалатын. Мемлекттік тілді орташа деңгейде білетін қазақ балалары да, өзге ұлт өкілдері де намыстанып, бір ерекше талпыныспен оқи бастады. Өйткені қазақ елінде, қазақ жерінде жүрген әр азамат мемлекеттік тілді білуі керек екендігін ерекше сезінді. Тілді үйрену барысында басымнан өткен жағдайларды мысал ретінде студенттерге айтып, сабақты қызықты өткізуге тырыстым. Сол уақытта тілді жақсы меңгеруге деген қызығушылық пайда болды. Көптеген сауалдар қойылды: “Үйрену үшін қандай амалдарды қолдануымыз қажет?”, “Сіз алғашқы кезде қазақша сөйлеуге ұялған жоқсыз ба?” және т.б. “Жұмыла көтерген жүк жеңіл” демекші, шәкірт пен ұстаздың иық тіресе жұмыс істеуінің нәтижесінде студенттер қалалық, облыстық мәнерлеп оқу сайыстарына, байқауларға қатысып, өз жетістіктерін көрсетті. Ал қазір Көкшетау қаласындағы физика-математикалық бағыттағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз хатшысы болып жұмыс істеймін.
– Алдына қойған мақсатына жете білетін Аленаның ендігі арманы қандай?
– Арманымды айта берсем, өте көп қой. Соның ішіндегі ең асқақ арманым мен тілегім – әлем тілдерін меңгеру. Қазақ: “Жеті жұрттың тілін біл” дейді ғой. Тілдерді меңгеруге, тезірек үйреніп алуға бар ынта-жігерімді салуға тырысамын. Соның арқасында, өзіңіз байқағандай, қазақ және орыс тілдерін еркін білемін және қазір ағылшын тілін үйреніп жатырмын.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Сурет Алена Юмакулованың жеке мұрағатынан алынды.