«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“БІРЛІК” КЛУБЫ татулықты насихаттаған жастардың басын қосты

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Еліміздегі этносаралық бірлік пен татулықты сақтау мен нығайтуда зор үлес қосып отырған Қазақстан халқы Ассамблеясы өз қатарына жас буындарды тартуға ерекше көңіл бөлуде. Ол түсінікті де. Жалынды, албырт жастарға өзінің ғана емес, өзгенің де құндылықтарын қастерлеуге үйрету көп мәселені шешеді. Осы мақсатқа жету үшін түрлі деңгейдегі жастар қанаттары мен клубтары құрылды. Өткен жылы Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы да “Бірлік” жастар клубын құрды. Аталмыш клубтың алдағы уақытта атқарар жұмысын білмек болып, оның төрайымы Наира Заргарянмен кездестік. 

– Наира, қоғамдық жұмыспен айналысып жүргеніңізге көп болды ма?

– 2010 жылдан бері айналысып жүрмін. Бұған “Кентрон” армян этнобірлестігінің жастар қанатындағы таныстарым түрткі болды. Оларды бұрыннан танитынмын. Соларға еріп, этнобірлестік құрамына қосылдым. Мені мұнда жақсы қарсы алды. Түрлі мәдени шараларға қатысып, түсінігімді кеңейте бастадым.

– Өзіңіз басқарып отырған “Бірлік” жастар клубының мақсаты қандай?

– “Бірлік” жастар клубының құрамына ассамблеядағы этнобірлестіктер жанындағы жастар қанаттары кіреді. Олардың саны – 11. Әр жастар қанатының жетекшісі осы “Бірлік” клубының белді мүшесі. Біздің мақсатымыз – аға буын қалыптастырған, осы күнге дейін сақтаған бірлік пен татулықты нығайту. Бұл жұмысты жастар арасында тиімді жүргізу үшін бірқатар жоспарларымыз бар. Соның бірі – туған өлкенің, өңірімізде өмір сүріп жатқан этностардың тарихын, мәдениетін таныстыру үшін жастар жиі пайдаланатын әлеуметтік желілерде қауымдастық құру. Қазір бұл жоспарға қажетті ақпарат жинаудамыз. Қаңтар айында бір әлеуметтік желіде қауымдастықты құруды көздеп отырмыз. Біздің бұл ойымыз өңіріміздегі жастар ұйымдары тарапынан қолдауға ие болады деген үміттемін.

– Жастардың осындай қоғамдық жұмыстарға қатысу белсенділігі қай деңгейде?

– Бұрын жастар белсендірек болатын. Ал қазір қатарластарымның тарапынан мұндай белсенділік байқалмайды. Оларды шараларға қатыстыру үшін ынталандыру қажет. Мәселен, көптеген қатарластарым бір шараны өткізгеннен кейін бұл жұмысты әрі қарай жалғастыруға құлық танытпайды. Менің ойымша, бастаған ісіңе немқұрайдылықпен қарасаң, қызығушылық жоғалады. Қазір ассамблея құрамындағы жастар осыны бастан өткеруде. Десек те “Бірлік” клубы құрылғаннан бері жастар арасында серпіліс пайда болды. Олар клубтың жұмысына қызығушылық танытып, ойларын айтып, жоспарларымен бөлісуде.

– Бұрын жастар қанаттары бірігіп концерттер өткізгенімен, бір клубтың астында жоспарларымен, идеяларымен бөлісіп жұмыс істеген жоқ. “Бірлік” клубының жұмыс жоспарын құрған кезде түсініспеушілік болмай ма?

– Жоқ. Себебі, біз бір-бірімізді көптен танимыз. Біздің қарым-қатысамыз ассамблея аясымен шектеліп қалмайды. Қоғамдық жұмыстан тыс уақытта да бір-бірімізбен хабарласып тұрамыз. Біздің арамызда түрі, тілі, діні өзге деген түсінік жойылған. Ел саясатының көздеп отырғаны да осы ғой.

– “Бірлік” клубы құрылғалы қандай жұмыс атқарды?

– Қарттар күніне арналған мәдени шара өткізілді. Сондай-ақ республикалық “Менің Қазақстаным. Бірлік – Единство” конкурсына қатысып, “Жемчужина Севера” бейнеролигіміз үздіктер қатарына кіріп, үшінші орын алды. Бұл бейнероликте өңіріміздің тарихы мен мақтан тұтатын мәдени орындарды көрсеттік.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp