«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕҢБЕКСҮЙГІШТІГІНІҢ АРҚАСЫНДА жетістіктерге жетіп жүр

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Максим Яварович орта мектептен кейін М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің “Автомобиль. Автомобиль шаруашылығы” факультетін бітірген. Бүгінгі күні Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжінде арнайы пәндерден сабақ береді. Жалпы еңбек өтілі – 11 жыл. Еңбекқорлығының арқасында бір жылдың ішінде талай жетістіктерге жеткен.

Ұстаз сабақтарында ақпараттық-коммуникативтік технологияларды, оқытудың мәселелік элементтерін, жобалау әдісін кеңінен қолданады. Бұл технологиялар студенттерге терең білім алуға мүмкіндік береді. Колледждің оқу-өндірістік цехтарында, машиналар алаңында зертханалық-тәжірибелік сабақтар өткізеді. Студенттер көлік жүргізудің негізгі дағдыларын полигонда алады. Жүйелі жұмыс жүргізу нәтижесі кәсіби дайындық деңгейін бағалау кезінде байқалады. 2012-2013 оқу жылдарында түлектердің орташа үлгерімі 88 балды құраған. Максим Валерьевичтің “В” және “С” санатындағы жүргізушілерді даярлау сабақтарына колледж студенттері зор қызығушылық танытады. Олар пәнге деген қызығушылықтың арқасында облыстық Жол полициясы басқармасында өтетін емтихандарын да 100% нәтижемен тапсырып жүр.

Максим Яваровичтің жетекшілігімен студенттер кәсіби шеберліктің әртүрлі байқауларына қатысады. Колледждер студенттерінің арасында өткен облыстық “Автомеханик кәсібінің үздігі” кәсіптік шеберлік байқауында шәкірті Андрей Золотарев 2-орынды жеңіп алған. Жалпыресейлік “Майские звезды” байқауында жылдамдықпен маневрлеу әдісі бойынша студенттер арасында Павел Паюк, жаттықтырушылармен сайыста Максим Валерьевичтің өзі бірінші орындарды иеленген. Ол – “Кәсіптік білім беру” мамандығы бойынша типтік бағдарламалардың авторы.

– Қазір мұғалімдердің беделін көтеру үшін түрлі деңгейлердегі жарыстар жиі ұйымдастырылады. Республикалық сайысқа әріптесім Гүл Әбілқасовамен бірлесіп “Бастауыш және орта кәсіби білім беру мекемелерінде техникалық мамандықтарды оқытудың ең үздік онлайн-моделін” жасадық. Ол еңбегіміз үшін 2-орын иеленіп, әрқайсысымыз 100 мың теңгеден сыйақы алдық. Үстіміздегі жылдың маусым айында кәсіптік-техникалық білім беру жүйесінің “Үздік педагог – 2013” облыстық байқауында үшінші орынды иелендім. Еңбегім жоғары бағаланып, педагогикалық қызметтегі табыстарым үшін 2013 жылы “Ыбырай Алтынсарин” төсбелгісімен марапатталдым. Таяуда кәсіптік-техникалық білім беру жүйесінің республикалық байқауына қатысып, “Үздік педагог – 2013” атандым. Бұл – менің ғана жеңісім емес, ұжымның жеңісі, өйткені, конкурсқа қажетті портфолионы дайындауға әдіскерлер мен әріптестерім көмектесті, – дейді Максим Валерьевич.

Астана қаласында өткен сырттай іріктеуге портфолиомен бірге атқарған жұмыстарын, жасаған инновациялық жобаларын, әдістемелік құралдарын, тағы басқаларын жіберген. Еліміздің кәсіптік-техникалық білім беру жүйесінде 35 мыңға жуық адам қызмет етсе, соның 30 мыңдайы осы байқауға сырттай қатысқан.

Конкурс үш бағытта: мектепке дейінгі білім мен тәрбие беру, жалпы білім беретін мекемелер және кәсіптік-техникалық білім беру саласы мамандары арасында өткен. Комиссияның шешімімен ол білім беру саласына, өскелең ұрпақты тәрбиелеуге қосқан үлесі үшін кәсіптік-техникалық білім беру жүйесінің “Үздік педагог – 2013” атағына ие болған. ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов мақтау қағазын, “Үздік педагог – 2013” медалін және 1 млн. 700 мың теңгенің сертификатын табыс еткен. Максим Валерьевич осы жетістігімен шектелмек емес.

– Ұстаз мамандығының мәртебесін арттыру үшін ұйымдастырылып жатқан түрлі байқаулар біліміңді жетілдіруді, ізденуді, еңбектенуді қажет етеді. Мұғалімдерге болашақтың білімді азаматтарын тәрбиелеу міндеті жүктелген. Бұл – біз үшін зор жауапкершілік. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: “Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам” бағдарламалық мақаласында: “Әлемдік өркениеттің барлық құндылықтары, барлық экономикалық және мәдени байлықтар виртуалды қаржы институттарымен емес, адамның еңбегімен жасалады”, – деген болатын. Сондықтан еңбек етуге, білгеніңді өзгеге үйретуге ерінбеу керек. Менің ең басты мақсатым – оқушыларға сапалы білім беру. Өзімнің білгенімді студенттеріме қызықты етіп жеткізуге, білімімді үнемі толықтырып отыруға тырысамын. Шетелдік әріптестерімнің тәжірибелерін зерттеймін. Осы жолда атқарып жүрген еңбегімді студенттерім де ақтап жүр. Ол мен үшін зор мақтаныш, – дейді Максим Яварович.

Ұстаз өзі жүргізетін арнайы пәндерінен бөлек білім ошағының және басқа оқу орындарының диплом қорғайтын студенттерімен қосымша жұмыстар өткізеді, диплом қорғауға жетекшілік етеді. “Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламасы бойынша курстық дайындықтардан өтіп жүрген мамандарды даярлауға атсалысады. Ұстаздың осындай еңбекқорлығын әділ бағалаған колледж басшылығы оны үстіміздегі жылы Норвегияға оқуға жіберуді жоспарлап отыр.

Суретті түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ.  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp