Бұлбұл ҚАБЫКЕН,
Есләм Зікібаев атындағы Өрнек орта мектебінің 9-сынып оқушысы.
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 22 жылдығына, Абылай ханның туғанына 300 жыл толуына орай елордамыз – Астанадағы Қазақ гуманитарлық заң университеті ұйымдастырған зияткерлік байқауының 1-ші турына еліміздің түкпір-түкпірінен 125 талапкер қатысты. Олар университетте салтанатты түрде ашылған зияткерлік сайысқа шақырту алып, қазақ тілі, Қазақстан тарихы пәндерінен тест тапсырған еді. 3-ші турға білім сынынан сүрінбей өткен 25 қана талапкер қатысуға жолдама алған болатын. Белгілі мемлекет қайраткерлері, еліміздің Елтаңбасының авторы Жандарбек Мәлібеков, Қазақстанның мемлекеттік сыйлығының иегері, халық жазушысы Төлен Әбдік, филология ғылымының докторы, профессор Шерубай Құрманбайұлы, тарих ғылымының докторы, профессор Зиябек Қабулдинов, этнограф, тарих ғылымының кандидаты Қалиолла Ахмеджан сынды қазылар алқасының алдында 25 үміткер 3-ші турда сынақтан өтті. Аталмыш сайыстың 3-ші турынан сүрінбей өткен Жадыра Момын – Есләм Зікібаев атындағы Өрнек орта мектебінің 11-сынып оқушысы. Жадыра “Егемен Қазақстан” байқауының жеңімпазы және білім грантының иегері сер-тификатын иеленіп, Астанадан қуанышпен оралды. ҰБТ-дан жоғары балл алып, өзі қалаған мамандық иесі болуына әкесі Тілеген, анасы Бекзат пен ұстаздары барлық жағдайды жасауда.
Есіл ауданы.