Облыс орталығындағы Бірінші лицейдің 11-сынып оқушысы Тимур Хасенов жаратылыстану-математика бағытында өткен президенттік олимпиадада облыс намысын республикалық кезеңде қорғап, алтын медальға ие болды. Маған олимпиада жеңімпазы Тимур Хасеновпен және оны даярлап жүрген ұстаз Наталья Толдыкинамен кездесіп, әңгімеге тартудың сәті түсті.
– Наталья Анатольевна, өз еңбек жолыңыз туралы айтсаңыз?
– Мен Петропавл қаласында туып-өстім, №10 мектепте оқыдым. Онда республикалық, халықаралық олимпиадалардың жүлдегерлерін даярлаған химия пәнінен сабақ беретін Любовь Чернявская деген мұғалімім болды. Қазір зейнет жасында. Химияны таңдауыма сол кісінің ықпалы болды деп ойлаймын. Ол кезде қалада таңдау аз болатын. Пәнге деген қызығушылығымның арқасында Петропавл қаласындағы бұрынғы Ушинский атындағы педагогикалық институтты химия-биология мамандығы бойынша бітіріп, өзім оқыған №10 орта мектепте 19 жыл еңбек еттім. Алдынан талай олимпиада жеңімпаздары шықты. Кейін жалпы орта білім беретін Бірінші лицейде жоғары зияткерлікті дамыту сыныптары ашылып, осында шақырылдым. Жалпы педагогикалық өтілім – 29 жыл. Санатым жоғары.
– Олимпиада жеңімпаздарын даярлаудағы әдіс-тәсілдеріңізбен бөліссеңіз?
– Лицейде өте жақсы ұжым қалыптасқан, бұл – табысты еңбек етудің бірден-бір жолы. Қазір жеке бір пәнді бөліп алып, соны ғана оқытуға болмайды. Өйткені, химия, биология, физика, математика ғылымдарын бір-бірінен бөле-жарып оқыту мүмкін емес. Биология пәні де олимпиадалық деңгейде өте күрделеніп барады. Грантпен оқуға түсу үшін өте жақсы дайындық, мықты ұжым болу керек. Біздің лицейде оқушыларды жоғары деңгейде даярлай алатын Лариса Батырева, Любовь Панфилова, Надежда Осипова сияқты өте мықты ұстаздар бар. Олардың алдынан талай олимпиада жеңімпаздары, “Болашақ” бағдарламасының иегерлері шыққан. Ұжымда басқа да білікті ұстаздар көп. Біз бір-бірімізбен тығыз байланыста әрі тәжірибе алмаса отырып жұмыс істейміз, соның арқасында алдымыздан осындай жеңімпаздар тәрбиеленіп шығады. Бірінші лицей әрқашан бірінші болуы үшін еңбектенудеміз.
– Көп баланың арасынан болашағынан үміт күттіретін оқушыны қалай танисыз?
– Ондай балалар баға үшін немесе бір оқуға түсу үшін оқымайды, сабақта өтіп жатқан тақырыпты терең білуге ұмтылады. Оқушының білімге деген құштарлығы зор болады. Тимур да сондай оқушы. Сабақ үстінде оқулықтағымен шектеліп қана қоймай, бағдарламадан тыс сұрақтарды қояды. Тимурдың пәнге деген қызығушылығын байқаған соң оны факультативтік сабаққа шақырдым. Ол өте ізденгіш, өзі қызыққан сұрақтарға жауап таппай тынбайды. Интернеттен іздестіріп, әдебиеттерді парақтап, мұғалімдерден сұрап, білімін тереңдете түседі. Қазір ондай білім-құмар, мақсаткер, табанды оқушы саусақпен санарлық. Тимур барлық пән мұғалімдерінің берген білімін жақсы меңгеріп, президенттік олимпиада барысында орынды пайдалана білді. Оқушы мен мұғалімдердің бірлескен еңбегінің нәтижесі бір жерден көрінді. Тимурдың жеңісінде өзінің еңбегі зор. Кез келген мамандық та, іс те еңбек сіңіруді қажет етеді. Ең басты жеңіс – өз-өзіңді жеңе білу.
– Тимур, Сіз лицейге алғаш келгенде тестілеуден өте алмапсыз, оған не себеп болды?
– Мен Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның орталығы Новоишимде туып, бастауыш сыныптарды сонда оқыдым. Петропавлға көшіп келгенде ағылшын тілін білмегендіктен, лицейге қабылдамады. Сосын басқа мектепте оқи жүріп, ағылшын тілін үйрендім де, лицейге қайтып келдім.
– Бейіндік пән ретінде химияны неге таңдадыңыз, қиын емес пе?
– Меніңше, әр пән оны терең білмегенде қиын сияқты көрінеді, оқып, үйренсең, еш қиындығы жоқ. Наталья Анатольевна менің пәнге деген қызығушылығымды оята білді. Сондықтан лицейде өз қабілетімізге, қызығушылығымызға қарай бейіндік пәнді таңдаған кезде ойланбастан химияны таңдадым. Қазір оған өкінбеймін. Химия біздің күнделікті өмірімізде кең қолданылады. Киім-кешек, құрылыс материалдары, тамақтың құрамында да химиялық элементтер көп кездеседі. Қазіргі таңда күнделікті өмірді химиясыз елестету мүмкін емес. Оның бәрін зерттеп, білу мені өте қызықтырады.
– Мектеп бітіруіңізге де аз уақыт қалды. Болашақта қандай мамандықты таңдайсыз?
– Болашақта фармацевт болып дәрі-дәрмек өндірсем немесе инженер-технолог болсам деймін. Қазір елімізде алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындары болып саналатын Назарбаев Университеті, Қазақстан-Британ техникалық университеті, Мәскеу университетінің Қазақстандағы филиалының біріне түссем деген ойым бар. “Болашаққа” түсуді де армандаймын. Мұғалімдерімнің берген білімін Отанымыздың игілігіне жаратсам деймін.
– Президенттік олимпиадада жеңіске жеткенде қандай сезімде болдыңыз? Бос уақытыңыз бола ма, онда немен айналысасыз?
– Президенттік олимпиадада жеңіске жету оңай болған жоқ. Химия, биология, физика, математикадан сынақтан өттік. Менің барлық пәндерден жоғары нәтиже көрсетуіме сол пән мұғалімдерінің сіңірген еңбегі зор деп білемін. Менің Наталья Анатольевнаға және басқа да мұғалімдерге, мектеп басшылығына алғысым шексіз. Наталья Анатольевна уақытымен санаспай, менімен демалыс уақытында да жұмыс істейді. Лицей басшылығы республикалық олимпиадада жақсы көрсеткіштерге жеткен оқушыларға ай сайынғы стипендия тағайындады. Бұл бізді одан әрі жеңіске ынталандырады. Бос уақытым болғанда достарыммен бірге денсаулығымды сауықтыруға арнаймын. Үстел теннисін жақсы көремін.
– Әңгімелеріңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.