Петропавлдағы қазақ мектеп-гимназиясында “Назарбаев Зияткерлік мектептері” АҚ басқарма төрайымы Күләш Шамшидинова облысымыздың білім ошақтары, қалалық Білім бөлімі және облыстық Білім басқармасы басшыларымен кездесті.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Жиында Петропавл қаласында құрылысы жүріп жатқан Назарбаев Зияткерлік мектебінің 2014-2015 оқу жылында пайдалануға берілетіні жайында Күләш Шамшидинова хабардар етті.
Басқарма төрайымының айтуынша, бүгінге дейін еліміз бойынша мыңнан астам бала Назарбаев Зияткерлік мектептерін тамамдап, барлығы дерлік гранттарға ие болған. Назарбаев Зияткерлік мектебінде оқығысы келетіндер математика, физика, химия, биология пәндерін үздік білулері керек. Өйткені, бұл мектеп оқушыларды техникалық мамандықтарға даярлайтын болады.
– Аталмыш мектептерде оқитындар 7-ші сыныптан бастап іріктеледі. Алайда Петропавл қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебіне іріктеуде өзгеріс бар. Биыл біз 8-9- сыныптардың оқушыларын да іріктеп алатын боламыз. Олар математика, қазақ, орыс, ағылшын тілдерінен тест тапсырады. Егер ұпайлары шектеулі деңгейге жетсе, екінші кезеңге өтеді. Екінші кезеңде математикадан күрделендірілген бақылау жұмыстарының тапсырмаларын жазбаша орындайды. Мектеп химия-биология бағытында болатындықтан, бұл пәндерден де осындай күрделі тапсырмалар беріледі, – деді “Назарбаев Зияткерлік мектептері” АҚ-ның басқарма төрайымы.
Күләш Шамшидинованың айтуынша, келесі оқу жылының басынан бастап ашылады деп жоспарланып отырған Назарбаев Зияткерлік мектебіне мұғалімдер де іріктелінген. Қаламыздың білім ошақтарынан 40 мұғалім аталмыш мектепте жұмыс істеу үшін тестілеуден өтіпті. Сонымен қатар, педагогтер “Болашақ” түлектерінің арасынан да таңдалатын болады. Жаңа мектептің басшысы конкурстық негізде іріктеліп, қамқоршылық кеңестің қолдауымен ғана лауазымды қызметке тағайындалады.