Осыдан бір айдай бұрын – Тәуелсіздігіміз 22-ші рет тойланатын күні еліміздің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін 9 солтүстікқазақстандық – “Құрмет” орденімен, 8-і – “Ерен еңбегі үшін” медалімен, 5 адам – “Шапағат” медалімен, 9 еңбеккер Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен марапатталды. Солардың қатарында коммуналдық қызмет көрсету саласында он жыл үздіксіз еңбек еткен петропавлдық Марат Мұқашев та бар. Ол “Ерен еңбегі үшін” медалін төсіне тақты.
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
– Медальді табыстаған кезде іштей қобалжып қалдым. Мамандығым құрылысшы болғанымен, он жыл еңбек етіп келе жатқан бұл саланың мен үшін орны бөлек. Жас болса ұлғайып қалғандықтан, жаңадан еңбек жолын бастаудың реті келмей, екі қолға бір күрек таба алмай жүрген кезде “Горводоканал” кәсіпорнына бақылаушы болып жұмысқа орналасқан едім. Содан бері бұл жұмысты көңілімнен шыққан еңбек жолым деп мақтан ете аламын. Былтырғы жылдың қыркүйегінде зейнеткерлік демалысқа шықсам, бүгінде “Коммунсервис” ЖШС-де қызмет атқарамын, – дейді Марат Мұртазаұлы.
Марат Мұртазаұлы түске дейін құжаттарын реттеп, түс ауа өзіне бекітілген нысандарды аралап, кешке дейін өз міндеттерін толық атқарып үлгереді. Күнұзаққа мекемелерді жаяу аралау – қарттың өз қалауы. “Қозғалыс дегеніміз – өмір” деген тұжырымын алға тартқан ол бұл тәсілдің денсаулыққа өте пайдалы екенін айтады.
Марат Мұртазаұлы аталмыш коммуналдық қызмет көрсету кәсіпорны қызмет көрсететін заңды тұлғалармен жұмыс істейді. Оның міндеттері шарт жасау құжаттарын толтыру, төлемдердің сомасын шығару және оны тұтынушыларға жеткізу болып табылады. Бүгінде оның қарамағында 500-ден аса заңды тұлға бар. Бақылаушы жұмысындағы ең бір қауырт кезең жыл басы саналады. Онда олар әр тұтынушымен қайтара шарт жасап, барлық құжаттарды жаңартып, оны таратып үлгерулері керек.
– Қандай жұмыс болсын оңай емес. Бізде өз қызметімізде мұқияттылық пен жауапкершілікті бірінші кезекке қою керек. Өйткені, қаржы төлемі бар жерде тиянақсыз жұмыс атқарылса, өз абыройың тұрмақ, кәсіпорынның беделіне көлеңке түсіресің. Сондықтан бізден әр есепшоттың, әр құжаттың дұрыс болуы талап етіледі, – дейді ол.
Марат Мұртазаұлы жеті жыл “Коммунхоз” ММК-да еңбек еткен кезде кәсіпорын әкімшілігі оның бойындағы осы қасиеттерін жоғары бағалап, еңбекқор жанды мемлекетіміздің марапатына лайық деп таныған. Сондай-ақ оны жаңадан ашылып жатқан “Коммунсервис” кәсіпорнына білікті маман ретінде жолдаған. Өзінің жұмысын жақсы атқарып жатқан еңбеккерге алғыстарын білдірген бүгінгі әкімшілік одан әрі қарай да жұмыс істей беруін өтінді. Бойынан күш-қуаты таймаса, Марат Мұртазаұлының да көздегені осы. Бүгінде немере сүйіп, 40 жыл отасқан зайыбымен бірге бақытты өмір кешіп жүрген ол өзіне тағы бір міндетті жүктейтінін жасырмады.
– Жас болса келді. Қартайған сайын адамның ойы да өзгереді екен. Сондықтан елімнің, отбасымның, ұрпағымның амандығын тілеп, әр таңымды Жаратқан иеме құлшылық етуден бастауды жөн көріп отырмын. Оны бұрыннан түйсінген едім. Бірақ күйбең тіршілікпен реті келмей, енді, міне, Пайғамбар жасына жеткен кезде қолға алдым. Ештен кеш жақсы емес пе?! – деді өз шешімін нық қабылдаған қарт.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.