«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТЕХНИКАСЫН ТҰЛПАРДАЙ МӘПЕЛЕЙДІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Тоқтар ЗІКІРИН,
“Солтүстік Қазақстан”.
Ауыл шаруашылығы кәсіпорнының өндірісін дұрыс жолға қою үшін оның мықты материалдық-техникалық базасы, соның ішінде, әсіресе, машина-трактор шеберханасы мен машина ауласы болуы қажет. Олай болмайынша, қаншалықты осызаманғы жоғары өнімді техникалармен жарақтанғанымен, тиісті техникалық күтім болмаса, күткендегідей нәтижеге жету қиын. Бұл орайда өндірістің осы буынын толық сақтап қалған және оны жылма-жыл жетілдіріп келе жатқан Ғ. Мүсірепов атындағы ауданның “Целинное – 2004” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жағдайы кеңшар кезіндегіден артық болмаса, кем емес. Қазір орталықтан жылытылатын осы өндіріс учаскелерінде техника жабдықтаушылары мен жөндеушілеріне қажетті өндірістік және тұрмыстық жағдай жасалған, техникаларды күтіп ұстау мен жөндеудің озық технологиялары қолданылады.

Серіктестіктің бұл саладағы жетістіктеріне сыртынан қарап та көз тояды. Айталық, көршілес Шал ақын ауданының шаруашылықтарында мұндай нысандардың тоз-тозы шықса, целинныйлықтар оны жаңғыртып, жаңарта түсуге ұмтылуда. Соның бір айғағы – машина-трактор шеберханасының есіктеріне осызаманғы көтеріп жиналатын қақпақтар қойғаны. Оның жанындағы бұрынғы техникалық бөлшектер қоймасын жөндеп, шатырын жаңартып, ішіне орталықтан берілетін жылу енгізіп, одан жаңа техникалар тұратын жылы орын жасапты. Әрине, осындай ұқыптылықпен күтілген техника мерзімінен бұрын тозбайды. Бұл жайында серіктестіктің бас инженері Вахид Бузуртановтың өз пайымдауы бар.

– Бүгінде негізінен шетелдік жоғары өнімді техникалармен жарақтануға тырысамыз. Құны қыруар қаржы тұратын оларды барынша күтіп ұстамаса болмайды. Терістіктің сақылдаған сары аязында ашық аспан астында тұрған техникалардың рәзеңке және пластмассадан жасалған тетіктері, электроникалық басқару пульттері бүлінеді. Оған жол бермес үшін жаңадан алынған екі “Вектор” және бес “Челленджер” комбайны, “Челленджер” маркалы үш дәрі шашқыш агрегат пен орта сыныпты алты трактор МТШ жанындағы жылы орынға қойылды, – дейді Вахид Магомедұлы.

Оның өзі – Ұлы Отан соғысы кезінде Қазақстанға жер ауып келген ингуш ұлтының ұрпағы. Елімізде жоғары білім алып, отыз жылдан астам өзінің туған жерінде техника маманы болып қызмет ететін оның Отан деген асыл ұғымды тек Қазақстанмен ғана байланыстыратыны шынайы жүрек сөзі. “Кіндік кескен топырағым осы, маған Қазақстаннан артық жер жоқ”, – дейді ол.

Шаруашылықтағы техникалық қызмет көрсету жағдайына қаныға түсу үшін шеберхана ішін аралап көрдік. Бірден көңіл аудартатыны – бұрынғы кеңшарлар кезіндей шеберхана ішіндегі цехтардың барлығының жұмыс істеп тұрғаны болды. Машина-трактор шеберханасының меңгерушісі Андрей Бесараб ондағы орталық алаңда қазір көктемгі егіс жұмыстарына қатысатын төрт “К-700” және бір “Т-4” тракторының жөнделіп жатқанын айтты. Олардың ауыр бөліктерін көтеріп-түсіретін төбедегі жылжымалы кран жұмыс істейді.

Сол қанаттағы бірінші темір жону цехында үш токарьлық және бір фрезерлік станок қойылған. Онда ауданның үздік темір жону шебері болып танылған Виктор Москалу және жас токарь Сергей Грасько еңбек етеді. Техниканың тозған тетіктерін жонып ауыстыратын және жаңартатын солар. Оның күрделі түрлерін бас токарьдың өзі жасайды. Виктор Иванович бұрын Целинный темір жол бөлімшесінде жұмыс істеген. Оған шаруашылықтан жайлы пәтер беріп, зайыбымен екеуін жұмысқа шақырған серіктестік директоры Серік Ыбыраевтың өзі. Жұмысшы отбасы бүгінде ауызсуы үйге енгізілген, орталық жылу жүйесіне қосылған жайлы пәтерде тұрады. Өздеріне мұндай тұрмыстық жағдай жасалғанына олар өте разы, Наталья Алексеевна ауылдағы орта мектепте медбибі болып қызмет атқарады. Олардың екеуінікін қосқанда айлық табыстары 1 мың АҚШ долларына жақындап қалады, өйткені Виктор Ивановичтің айлық еңбекақысы 100 мың теңгеден кем емес.

Шеберхананың электр және аккумулятор цехтары бір жерде. Онда электр моторлары жөнделіп, аккумуляторларға техникалық күтім жасалады. Осы қос міндетті Николай Моркель бір өзі мінсіз атқарып отыр. Ілуде біреуде болмаса, кездесе бермейтін ұста цехы қашанда көрік қыздыратын қызу жұмыс үстінде екен. Ондағы ұста Виктор Лукин зейнеткерлік жасына қарамастан, қаруы қайтпаған жан екенін аңғартады. Отта балқыған сом темірлерді балғасымен жаныштай ұрып, оларға әп-сәтте қажетті түр бере қояды. Көктемгі егіс тырмаларының жиырма шақты данасын дайындап қойыпты. Ұстаның қолынан шыққан үшкір тырма тістері зауыттікінен аумайды. Оған қоса осы күзден бері екінші қар айырғышты жинақтау үстінде.

Сондай-ақ шеберханада мотор, жағармай аппараттары, слесарьлық цехтардың да қалыпты жағдайда жұмыс істеп тұрғанына куә болдық. Сыртқы ауласында дәнекерлеу жұмыстарын жүргізуге қажетті оттегі станциясы да бар екен. Бір сөзбен айтқанда, осылардың бәрі қолдағы бар техникаларды күтіп ұстауға бағытталып отырғаны байқалады. Ондағы өндіріс буындарының бірін-бірі толықтырып, ортақ мақсатта бір арнада жұмыс істеуі тәнті етеді. Тіпті, оның өзі күнделікті жұмысқа жегіліп жүрген техникалардың ақауын жедел жөндеп, іске қосу үшін де қажет.

Серіктестіктің машина ауласындағы реттілікті айтпай кету мүмкін емес. Ол жұмыстан бос техникалар сақталатын орын болып саналады. Оны сақтап қалған шаруашылықтар некен-саяқ, соның бірі “Целинный – 2004” ЖШС-і екені сөзсіз. Ал ең бастысы, ауладағы техникалардың оған қойылатын талап дәрежесінде сақталып отырғандығы көңілге қонады. Көктемгі егіске дейін қажеті жоқ оннан аса “К-700” тракторлары әзірлік сапына қойылған, сыртқы тұрпаттарынан кемшілік көрінбейді. Сол сияқты тағы бір қатарда әзірге пайдаланылмайтын ЗИЛ-130, “КамАЗ” және “ГАЗ-53” автокөліктері тізілген. Ауланың алдыңғы қатарында тұрған 16 НЮ-Холланд комбайндарын орақтың он төрт маусымына қатысқан деп айтарлықтай емес, бәрі жарқырап тұрған жаңа техникалар сияқты. Екі “Бурго” және төрт “Морис” егіс кешендері де осы жерде сақталады. Ауладағы барлық ауыл шаруашылығы техникаларының жинақты тәртіпте тұрғаны қызықтырады.

Шаруашылықтың осындай материалдық-техникалық әлеуетпен өндірісті одан әрі дамыта түсуге мүмкіндігі зор.

Суретті түсірген  

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp