2014 жылы Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістіктің құқықтық базасын кодификациялау негізінде қалыптастыратын Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартты қабылдау жоспарлануда. Бұл туралы бұрнағы күні Қазақстан Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің дәстүрлі брифингінде Экономика және бюджеттік жоспарлау вице-министрі Тимур Жақсылықов мәлім етті.
– Бұл – Қазақстан үшін өте маңызды құжат. Себебі, ол алдағы көптеген жылдарға мемлекетіміздің сыртқы экономикалық саясатының негіздерін анықтайды, – деді Тимур Жақсылықов өз сөзінде.
Вице-министр өз сөзінде Қазақстанның еуразиялық ықпалдастыққа қатысудағы негізгі мақсаттарының бірі өткізу нарығын кеңейту, инвестициялар, оның ішінде экономиканың қайта өңдеуші секторларына инвестициялар тарту екендігін жеткізді. Қазақстанның өңдеу өнеркәсібіне тікелей шетелдік инвестициялар көлемінің өсуі осының көрсеткіші болып табылады. Мәселен, Кеден одағы құрылған сәттен бастап Қазақстанның өңдеуші өнеркәсібіне тартылған тікелей шетелдік инвестиция көлемі 88 пайызға – 2009 жылғы 1,8 миллиардтан 2012 жылы 3,4 миллиард АҚШ долларына ұлғайды. Бұл ретте тікелей инвестицияның жалпы көлемі жоғарыда аталған кезеңде 34 пайызға – 21,4 миллиардтан 28,3 миллиард АҚШ долларына дейін өсті.
Тимур Мекешұлы қызметтердің, капитал мен жұмыс күшінің қозғалыс еркіндігін қамтамасыз ететін Бірыңғай экономикалық кеңістіктің әлеуетінің маңыздылығына тоқталып, келіссөздер үдерісінде отандық бизнес мүдделерін барынша ескеруге ұмтылатындықтарын жеткізді. Бұл ретте еліміздің Ұлттық кәсіпкерлер палатасы интеграциялық үдерістер шеңберінде республика ұстанымын әзірлеуге белсене қатыспақ. Брифинг соңында Тимур Жақсылықов БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.
(Өз тілшімізден).