Солтүстік Қазақстан көлік прокуратурасы баспасөз конференциясын өткізіп, онда былтырғы жылдың жұмысын қорытындылады.
Гүлбике КУБЕНОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Өткен мерзімде аталмыш прокуратура 71 тексеріс жүргізіп, нәтижесінде 328 заң бұзушылықты анықтаған. Оларды жою бойынша шаралар қолдана отырып, 61 ұсыным қарастырылған. Солардың негізінде 36 адам – тәртіптік, 73-і – әкімшілік, 3-еуі материалдық жазаға тартылды. 5 ұйғарым орындалып, нәтижесінде көлік қызметкерлерінің конституциялық құқықтары қорғалған. Прокурорлық әрекет ету шаралары бойынша сомасы 28 млн. теңгеден асатын берешек қайтарылған.
Жауыр болған тақырып – Петропавл қаласы халықаралық әуежайының берешегі былтыр 32,9 млн. теңге мөлшерінде жабылғанымен, әлі күнге толығымен өтелмей отыр. Солтүстік Қазақстан көлік прокуроры Нұрболат Қатуовтың айтуынша, әуежайдың жалақы бойынша қалған қарызы – 10 млн. теңге. Бұған қоса 2007 жылдан бері өтелмей келген салық бойынша 33 млн. теңге көлеміндегі берешек бар. Әуежайдың бүгінгі тапқан табысы қызметкерлердің жалақысы мен алаңды жарықтандыру, жанар-жағармай сатып алудан қалмай отыр. Дегенмен де, әуе қатынасы тоқтаған емес. Бүгінде мұнда жүз шақты адам қызмет етеді. Алдағы уақытта ұшып-қону жолын және ғимаратты жөндеу жұмыстары жүргізілмек.
Көлік прокуратурасы өкілетті органдардың рұқсатынсыз әрекет еткен шаруашылық субъектісін жауапқа тартқан. Аталмыш субъект өз бетінше мұнай құбырын бөлшектеп, “ҚазТрансОйл” АҚ-ның тораптық құбырынан заңсыз мұнай тасымалдаған. Сондай-ақ көлік прокуратурасы Қытайдан Петропавлға темір жол арқылы заңсыз тауар әкелгендердің үстінен қозғалған қылмыстық істі аяқтаған. Көлеңкелі сауда жасамақ болған фирманың иелері де анықталып отыр. 2 вагон халық тұтыну тауарларының (киім-кешек) құны 650 млн. теңгеге бағаланған. Контрабанда қылмысын жасаған үш тұлға 10 жылдан астам уақытқа бас бостандығынан айрылып отыр. Сот орындаушылары тұтқындалған мүлікті мемлекет меншігіне өткізді.