«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АУЫЛ ӘКІМДЕРІНІҢ ЕСЕПТЕРІ БАСТАЛДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыста алғашқылардың бірі болып Тайынша ауданына қарасты Алабота ауылдық округінің әкімі Ертай Қалиақпаров Аққұдық ауылының тұрғындары алдында атқарған жұмысы туралы есеп берді. Ауылды жерде былтыр 45 тұрақты жұмыс орны ашылса, туу көрсеткіші 43 пайызға дейін төмендеп кеткен. 

Самат Қайырденұлы,

журналист.

Тайынша ауданына қарасты Алабота ауылдық округіне бес елді мекен қарайды. Тұрғындарының саны бір жарым мыңға жуық. Былтыр бұл аймақта туу көрсеткішімен бірге өлім-жітім көрсеткіші де төмендеген. Болашақта мұнда дәрігерлік амбулатория салу жоспарда бар. Сондай-ақ Целинное ауылында 24 мың тонна астық сақтайтын жаңа элеватор іске қосылмақ. Жоба іске асса, жаңа жұмыс орындары ашылады.  

Ертай Қалиақпаровтың айтуынша, бұдан бөлек, округте майлы дақылдарды өңдейтін элеватордың құрылысы басталады. Сыйымдылығы – 15 мың тонна. “Екі бірдей астық қабылдайтын нысан толықтай халық игілігіне берілсе, ауыл тұрғындарына несібе табылатыны сөзсіз”, – деді әкім.

Бүгінде ауыл тұрғындары ауызсу мәселесінен қиыншылық көріп отыр. Елді мекенге 2012 жылы “Ақ бұлақ” бағдарламасы шеңберінде су құбыры тартылған. Алайда, тіршілік нәрі бірде бар, бірде жоқ.

Кездесу барысында тұрғындар өздеріне тиесілі үлес ақыларын сұрап қалып жатты. 2011 жылдан бастап тұрғындар жер үшін төленетін пайларын ала алмай отыр. Себебі, жерлері қай кәсіпорынның еншісінде кеткенін білмейді. Аудандағы ірі компаниялардың бірінің басшысы бұл мәселе болашақта шешілетіндігін жеткізді.

Округ аумағында өрт сөндіру қызметі жоқ. Тұрғындар сақтықта қорлық жоқ екендігін айтуда. Бұл мәселеге аудан әкімі Серік Салтықовтың өзі жауап берді. Ол әр ауылды өрт сөндіргіш машинамен қамтамасыз етуге мүмкіндік жоқ екенін, оған қаржы қарастырылмағанын айтып, дегенмен әр ауылда өртсөндірушілер жасағы болуы қажет екенін қадап айтты.

Жиын соңында Серік Салтықов көтерілген мәселелердің ешқайсысы аяқасты қалмауы қажет екендігін атап көрсетті.

Облыстағы ауыл әкімдерінің тұрғындар алдындағы есебі бір ай бойы өткізілетін болады.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp