«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЯЗДА ОЙЫҚТА ШОМЫЛУ – олардың он жыл бойғы әдеті

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қақаған қыста ойықта шомылмақ түгіл, саусағыңды малуға жүрегің дауаламайтын мұздай суға түскенді тап қасында тұрып көремін деп ойламаппын да. Алайда, сөйтуге тура келді.

Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Оқиға былай болды: Петропавлдағы машина жасау колледжінде 2004 жылдан бері “Денсаулық” аталатын клуб жұмыс істеп, оның мүшелері адам ағзасын нығайтатын дене жаттығуларынан, жүгіруден, шынығу амалдарынан өзге, қыстыгүні ойықта шомылатыны жайлы әңгімені құлағым шалған соң сол адамдармен жолығуды ұйғарған едім. Осы мақсатымды жүзеге асыру ниетіммен клуб жетекшісі Анатолий Фурманюкті іздестіріп, хабарластым.

– Сіз дәл уақытында хабарласып тұрсыз. Біз сегізінші қаңтар күні “Есілде” ойыққа түспекпіз. Қолыңыз тисе, келіңіз. Сол жерде сөйлесейік, – деді Анатолий Павлович.

Кездестік. Әңгіме өрбіп кетті. Бүгінде “Борки” кентіндегі машина жасау колледжінің директоры А. Фурманюк Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжін марқұм Сүйіндік Бегалин басқарып тұрғанда оның тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары қызметін атқарған екен.

Студенттерді саламатты өмір салтын ұстануға тарту үшін ол “Денсаулық” клубын ашу жөнінде директорға ойын жетізгенде Сүйіндік Қазиханұлы қуана құптап:

– Мұныңыз дұрыс болған екен! Бізде оған сай орын да, құралдар да жеткілікті емес пе, – дейді.

Ойлағанын жүзеге асыруға түрткі болған мына жағдайды да жасырмады сұхбаттасым. Ол сол уақытта жүріс-тұрысы қиындап, тізесінің буындары сыздап ауырып қиналады. Медицинада “Остеоартроз” деп аталатын сырқатқа шалдыққанын дәрігерлерден білген соң сырқатпен күрес басталады. Алайда, дәрігерлер дәрмен көрсете алмайды. Амалы құрыған Анатолий Павлович өздігінен ізденеді. Сөйтіп жүріп атақты халық емшісі Порфирий Ивановтың “Өзіңді өзің емде!” әдісіне бой ұрып, басынан аяғына дейін мұздай сумен шайына бастайды.

– Міне, сол күннен бастап, темекіден де, басқа да зиянды әдеттерден де бойымды аулақ салдым.

А. Фурманюктің айтқаны осы.

Содан кейін ол бойына күш-қуаты қайта оралғанын сезіп, өзін үнемі шымыр бабында ұстауы және өзгелерді де тартуы үшін аталған клубты ұйымдастырады. Арада он жыл өте шығыпты. Әуелі өзі бастап, кейбір әріптестеріне үлгі бола жүріп, оларды да тартып, кейін жандарына студенттер де үйіріліп, айталық, отыз градус аязда мұздай судан шошынбай ойыққа түсуді әдетке айналдырады. Алғаш рет, клуб құрылардан бір жыл бұрын, сауықтыру мақсатында қысқы аязда табиғат аясына шығады. Бір топ адам ғана. Мұндай әдісті ол Порфирий Ивановтың әдістемелік нұсқаулықтарынан оқып алады.

Оның айтуынша, ешкім де көзжұмбайлыққа бара алмайды. Адамның жазғы аптапты да, қысқы аязды да елемеуіне, бұларға өз ағзасын машықтандыруына болады. Әрине, бұл үшін ағзаны алдымен соған даярлау керек. Мысалы, сақылдаған сары аязда ойыққа бірден түсу қиял ғана. Оған дейін адам көндігуі, далада яки үй жағдайында денені суық суға үйретуі керек. Бұл біраз уақыт алады. Тіпті, кейін адам денесі суық суды аңсап тұратын күй қалыптасады. Осыны көріп, әсіресе, қыстыгүні ойықта шомылып жатқаныңды байқаған өзге адамның бойында “Бұл менің де қолымнан келеді ғой” деген батылдық пайда болады.

Сондай адамның бірі – аталған колледждің өндірістік оқуды үйретушісі Александр Черный былай дейді:

– Мен Анатолий Павловичке бастапқы күннен серік болып келемін. Бізді көріп өзгелер де ерді. Олардың ішінде оқытушылар, студенттер, жастар бар.

Жастар демекші, осы “Денсаулық” клубының атын естіген бірінші және бесінші лицейдің оқушылары, құрылыс-экономика колледжінің студенттері оған мүшелікке өз еріктерімен ниет білдіріп, қатарға қосылған. Оның алдында машина жасау колледжі орналасқан ғимаратқа қатар қоныстанған Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледждің студенттері мен оқытушылары қуана ықылас қойған.

Біз – газетіміздің фототілшісі Амангелді Бекмұратов екеуміз барған күні ойыққа түсушілер аз болды. Үш-ақ адам.

Есілдің теріскейге қарай ағатын бағытында, жағалаудан онша алыс емес жерде ені сексен сантиметрдей, ұзындығы бір метрден асатын, тереңдігі орта бойлыдан биіктеу адамның кеуде тұсынан келетін төрт бұрышты ойық жасалыпты. Судың терістікке қарай ағып жатқаны анық байқалады.

Ойықтың ернеуіне ұзын сапты күрек қойылды. Шомылатын адам ойыққа түсерде сол күректен мықтап ұстанып алуға тиіс. Сақтықта қорлық жоқ.

Өзеннің қар басқан айдынына аса қалың емес жамылғы төсеніш жайылды. А. Фурманюк жылдам шешінді де, ойыққа түсіп кетті. Күректің сабынан қапсырған қалпы басы да көрінбейтіндей болып су астына бой ұрды. Және екі-үш мәрте қайталап, судан шығып, төсенішке аяқ басты да, термоспен арнайы ала келген ыстық шайды ішті, сүлгімен сүртінді.

Осы әрекетті Александр Черный да жасады. Ол, тіпті, ұзағырақ шомылды. Тап жанымнан өте бергенде шып-шымыр денесіне алақанымды тигізе қойдым. Әрине, сұп-суық. Алайда, ол мұны елең қылып тұрған жоқ, ыстық шайды ұрттап жатыр.

Үшінші кезек студентке келді. Ол да ойыққа түсті. Оқытушыларының жанынан орын алды. А. Фурманюк оған қалайша мұздап қалмаудың ақыл-кеңесін беріп жатыр.

– Мен осы колледже төртінші курста оқимын. Ақжар ауданының Жаңаауыл деген жерінен келгенмін. Мұздай суға түсуді осында үйрендім. Бірақ жастай ыстыққа да, аязға да машықтанып өстім. Өте ұнайды, – деді Дәурен Сағидолла деген студент.

Осыдан кейін ойықтың ернеуіне таяп келіп, суға қолымды батырдым. Үйдегі краннан ағып жататын суық су мынаның жанына қоныс та қона алмайды екен. Ызғары тас төбемнен шықты. Ойыққа түскендерге қарасам, киініп алған. Қалтырау деген мүлде сезілмейді. Бала кезімізде көкек шақырмай, көлге түсуге батылымыз бармайтыны есіме түсті.

– Сіз бүгін қатарымыз неге аз деп ойлап келе жатқан шығарсыз? Оның мәнісі мынада. Қазір студенттер қысқы каникулда. Жақында бәрі бас қосады. Қаңтардың он тоғызындағы демалыс күні Порфирий Ивановтың құрметіне бүкіл клуб мүшелері болып ойыққа түсеміз. Сонда кездесейік, – деді Анатолий Фурманюк биік жағалауда қалдырып кеткен көлігіне мініп жатып.

СУРЕТТЕ: А. Фурманюктің ойыққа түсіп жатқан сәті;

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp