«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Бесіктен Безінбейік

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бүгінгі таңда ақшасы бар адамға дүкеннен небір жақсы, қолайлы заттарды сатып алуға болады. Солардың бірі – памперс (бұл тек біреуінің ғана атауы, негізінде олардың түрлері өте көп). Ананың қызметін айтарлықтай жеңілдететін ыңғайлы болғандықтан, памперстің пайдасы да аз емес. Бұған кез келген ананың көзі жетті деп әбден айтуға болады.

Біріншіден, ананың уақытын үнемдейді, үй ішіндегі тазалықты сақтайды. Екіншіден, жас ананың жаялық жуудан қолы босайды, оның орнына үй шаруасымен айналысуға мүмкіндік алады. Үшіншіден, баланың түнгі ұйқысы тыныш болады. Бұл сәбидің дамуына үлкен әсер етеді. Ал далаға серуендеуге немесе емханаға, қонаққа бара қалған кезде бірреттік жаялық – таптырмас көмекші. Міне, саусақпен санап отырсақ, оның қаншама пайдасы барына көзіміз жетеді. Осындай нәтижелерден кейін: “Бұрынғы кезде аналарымыз, әжелеріміз қалай бала бақты екен?” деген ой еріксіз санаңды жаулап алады.

Әрине, бұл мәселе киелі бесік арқылы шешімін тапқан ғой. Жоғарыда атап өткен қолайлы жағдайлардың барлығын дерлік бесікке келген кезде де айтуға болады. Кейбір кездерде әжелеріміз памперсті көргенде: “Баланың бұтын қаптап тастайтын не өзі, бұрын онсыз да сендерді өсіргенбіз, одан да бесікке бөлесе қайтеді…” деп түсініспеушілік танытатын кездері жиі болып тұрады. Мұндай қарсылықты түсінуге болады. Себебі, үлкендер жағы бесіктің пайдасы әлдеқайда мол екендігін түсінеді және соны жастарға айтып, жеткізуге тырысады. Бірақ қазіргі жас аналардың таңдауы басқа. Әрине, көпшілікке топырақ шашудан аулақпыз. Бірақ бүгінгі келіндердің көбі баланы бесікке бөлегеннен гөрі, памперс кигізіп қойғанды оңай көреді. Қалай болғанда да бұл да тегін дүние емес. Сондықтан да оның өзіне қолы жетпейтіндер де бар. Мәселен, бірреттік жаялықтың біреуі ғана 65-70 теңге тұрады. Оны әрбір үш сағат сайын ауыстырып тұру қажет. Сонда есептей берсеңіз, тәулігіне бір балаға кем дегенде 5-6-уы керек (түрлі жағдайға байланысты 1-2 сағат сайын да ауыстырып отыратын кездері болады). Енді ақша жағын есептейтін болсақ, бір күнге шамамен алғанда 400 теңге жұмсалады. Ал айына бір баланың өзіне 200-дей памперс қажет екендігін назарда ұстайтын болсақ, санай беріңіз қанша қаражат кететінін…  

Міне, мұндай пайдалы дүниенің қалтаға айтарлықтай ауыртпалық түсіретін жақтары осындай. Медицина қызметкерлері болса оның пайдасын жоққа шығарып отырған жоқ, дегенмен де сирек кигізгенді тілге тиек етеді. Үнемі памперс киіп жүрген бала еш бақылаусыз “өз жұмысын” тындыра береді. Бұл кейін уақыты келгенде түбекке үйретуде айтарлықтай қиындық туғызады.

Осы жайында оқырмандардың ойын тыңдап көрейік.

Нүризат Қоңқашева,

“Алтын алқа” иегері:

– Мен он бір бала туып, жеткіздім. Барлығын да бесікке бөледім. Бұл жағынан келгенде ешбір қиындық болған жоқ. Ол кезде атамның өз қолымен істеп берген бесігіне, санап отырсам, елу жылдан астам уақыт болған екен. Шүкір, қазір немере, тіпті, шөберелерімді бөлеп отырмын. Бір отбасының ғана емес, білдей бір ұрпақты сабақтастырып отырған осындай киелі бесікті алтынмен қапталса да, ешбір жаялыққа айырбастамас едім.

Сапар Дүйсенова,

көпбалалы ана:

– Бауырымнан жеті бала тарады. Біреуіне де бірреттік жаялық қолданып көрген емеспін. Бесікке бөледім. Ол таза әрі қолайлы. Бала тыныш ұйықтап, жылы жатады. Меніңше, бұл өте маңызды сияқты. Әрине, әркімнің ойы әртүрлі, біреулер бесікке бөлеп жатуды қиынсынады. Екіншілері бесікке бөлеуді білмейді, әсіресе, ата-анасынан бөлек тұратын жас келіндер енелерінен сұрауға ұялады немесе ыңғайсызданады. Сөйтіп, “бала бағу да білмейді екен…”дегендей сөздерді естігенше, памперсті қолданғанды дұрыс санайды. Қазір ондай жаялықтардың теледидардан түрлі-түрлісін көрсетіп жатыр ғой. Соған қарағанда бір пайдасы бар ғой деп ойлаймын.

 

Сауал барысында көпшіліктің баланы бесікке бөлегенді қош көретіндеріне көзіміз жетті. Бұған да қуанып қалдық. Себебі, әр үйдің төрінен табылатын киелі бесіктің орнын памперс ешқашан алмастыра алмасы анық.

Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp