«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Гүл себетін тоқитын шебер әнші құстар аулап та табыс табады

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Тоқтар ЗІКІРИН,

“Солтүстік Қазақстан”.

Шал ақын ауданындағы Повозочное ауылының тумасы Сергей Пономарев мектептің 9-шы сыныбын аяқтағаннан кейін өзі сияқты ауыл балаларымен бірге Сергеевка қаласындағы №12 кәсіптік-техникалық училищеге оқуға түсті. Ондағы ойы механизатор мамандығын алып, ауылдағы ең қажетті кәсіп – егіншілікпен айналысу болатын. Басында сол таңдаған жолынан табылып, міндетті әскер қатарына шақырылғанша “Приишим” кеңшарында тракторшы-комбайншы болып еңбек етті. Тағдырдың жазуымен жарияланбаған Ауған соғысының ортасынан табылуына тура келді. Училищеде механизаторлықтан басқа, жүргізушілік куәлігін де алғандықтан, әскери автомашинаның руліне отырып, талай жорық жолдарынан өтті. Тәңірдің берген оққағары болар, нелер қанды тосқауылдардан аман өтіп, сызаттай жарақат алған жоқ. Десе де, осы майдан жолы оның өміріне өзгеріс енгізіп, әскерден оралған жас жігіт “ПАМЖ” зауытына слесарь болып орналасып, қала тұрғыны болуды қалады. Ел экономикасын есеңгіретіп, қорғаныс зауыттарын күйреткен тоқырау күйзелісіне дейін тәп-тәуір еңбек етіп жүрген ол бір-ақ күнде жұмыссыз болып шыға келді. “ПАМЖ” зауытынан кейін шағын литражды двигательдер зауытында да істеп көрген, көп ұзамай ол да тоқтап, амалсыздан өз қаракетіне кірісті.

Тұрғындардың бәрі табыстан қысылған 90-шы жылдардың басында оны себет тоқуға тартқан мына бір жай. Онда әр дүкеннің маңында жайма базар болатын. “Сокол” универсамының жанындағы сондай бір орында тал шыбықтан тоқылған себет сатып тұрған қариямен танысты. Жұмысына қызығушылық білдірген жігітке әлгі ақсақал оның аса қиын жұмыс емес екенін айтып, үйренгісі келсе, көмектесе алатынын білдірді. Сол қарияның Бензостройдағы үйіне үш рет барып, жұмыс жасау әдістеріне қанықты. Көкірегі ояу жанға соның өзі де жеткілікті еді. Қандай тал шыбықтарын таңдауды, оған қажетті құрал-жабдықтарын қолдануды білген соң өз бетінше жұмыс істей бастады. Алғашқы себеттерін қариядан үйренген украиндық жеміс-көкөніс салатын ыдыстарды тоқудан бастады. Сосын өзінің бүгінде брендтік өнімдері болып табылатын сыйлық гүлдерін салатын себеттер тоқуға кірісті.

– Қазір қалада осы іспен айналысатын жалғыз шебермін, сондықтан тапсырыс берушілерден іркіліс жоқ. Әсіресе, гүл павильондарынан тоқыма себеттеріме сұраныс көп түседі. Салтанатты шараларда гүл шоқтарын тартатын кеңірек себеттер де тоқимын. Өмірдің гүл сыйлайтын қызық-қуаныштары көп қой, солардың бәрінде дерлік менің қолымнан шыққан себеттер жүреді. Одан еңбегімнің қарымын көргендей болып, қанағат сезімге бөленемін. Сондай-ақ менің өнімдеріме жекелеген азаматтар да қызығушылық танытып, үй-жайы интерьерінің әсемдігі үшін де алып жатады. Себеттерім әзірге базарға шығармай-ақ өтуде, – дейді Сергей Михайлович.

Ал осы жұмыстың машақаты да аз емес. Оны біз Сергейдің үйінде болып, жұмыс жайымен танысқанда білдік. Тоқыма талына оның тек биылғы жылғы өскіні пайдаланылады екен. Бірақ оны жастай кеспей, күз түсе тал өскіндері аздап бекіп, қатайғаннан кейін дайындайды. Жазғы жас өскіндер сынғыш келеді, күзде және қысқа кесілгендері иілгіш болады екен. Қыстың көзі қырауда омбылап қар кешіп, Есілден тал кесіп әкелу қайдан жеңіл болсын?! Сосын оның түпкі жағын суға батырып, үйде ұстайды. Бусанған талдың қабығын сыдырып, қаққа жарып тілу жеңіл. Оны 23 түрлі қалыңдықта тіліп-жаратын арнайы қондырғысы бар. Себетке негіз болатын иінділер алдын ала қалыпқа салынып дайындалады. Сергей осы шеберлік әдіс-амалдарын жетік меңгерген.

– Бұл кәсіппен жиырма жылға жуық уақыт айналысып келе жатқандықтан, қыр-сырына әбден қанықпын. Материал таңдаудың мен үшін ешқандай қиындығы жоқ. Күннің ызғар-суығына қарамастан, Есілге барып, тал кесіп әкелу бір жағынан бой сергітер шынығу десе болады. Жақсы дайындалған материалмен жұмыс істеу де жеңіл, күніне кемінде 3-4 себет тоқуға тырысамын. Тапсырыстарға байланысты ірілі-ұсағы болады, себеттерімнің әрқайсысы 500-ден 3 000 теңгеге дейін сатылады. Яғни, өзімнің күнкөрісіме жетерлік нәпақа табамын, – дейді ол.

Зауыттан жұмыстан кеткелі интернационалист жауынгерге берілетін аз ғана жәрдемақыны ғана місе тұтып отырған оған, мүмкін, мұндай табыс табу жолы шындығында жоқтан ақша жасағандай көрінетін шығар? Қалай десек те өзгеге масыл болмай, табыс көзін тауып отырғаны тәнті етеді.

Сондай-ақ даланың тағы пайызторғай, сары шымшық және суықторғай сияқты әнші құстарын аулап, әуесқой құс ұстаушыларға сататыны да оның әлгі сөзін тірілте түсетіндей. Ол пәтерінде осындай әнші құстардың бірнеше торын ұстайды. Өзі жасаған арнайы құс аулайтын құралы бар, күніне 6-7 құс аулайды. Оларын 500-700 теңгеден әуесқой құс ұстаушылар жылдам алып кетеді.

Табиғат байлығына зиян келтірмей, оларды адамдардың пайдасына жарату үшін ебін тауып, кәдесіне жаратып отырған іскер жанның мұндай тірлігі осындай.

Суретті түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp