Өткен сенбіде Ғ.Мүсірепов атындағы аудандық балалар және жасөспірімдердің спорт мектебінде еркін күрестен жаттықтырушылар Мұхтар мен Жәкен Өсіповтерді еске алуға арналған еркін күрестен республикалық ашық турнир өтті.
Сағыныш ҚАСЫМТАЙҚЫЗЫ,
журналист.
Ауданымызда осымен екінші рет өткізіліп отырған турнирге Астана, Теміртау, Қостанай, Көкшетау, Щучье қалаларынан, Айыртау, Мамлют, Уәлиханов және Ғ.Мүсірепов атындағы аудандардан 1999-2002 жылдары туған 132 мектеп оқушысы қатысып, шаршы алаңда бақ пен баптарын сынасты. Сонымен қатар 15 бапкер жарыстың алқа мүшесіне кіріп, жас палуандардың жеңісі мен жеңілісін бағалады.
Ашық турнирдің ресми бөлімінде мінберге көтерілген аудан әкімі Марат Тасмағанбетов өз сөзінде жас спортшыларды және келген көрермендерді мерекемен құттықтап, ауданымызда өткен спорт саласындағы іс-шараларға тоқталып өтті. Содан кейін сөз алған Мұхтар мен Жәкен Өсіповтермен 17 жыл қызметтес болған Шұқыркөл орта мектебі оқу ісінің меңгерушісі Әбусағит Досмағанбетов пен марқұмдардың жұбайлары Рымжан Таңатқанқызы мен Вера Андреевна спорттық шараны ұйымдастырған аудан азаматтарына алғыстарын білдіріп, бақ сынасқалы келген жасөспірімдерге сәттілік тіледі.
Жастар арасында саламатты өмір салтын насихаттаған сайыс екі күнге созылды. Дода қорытындысы бойынша 1999-2001 ж.т. арасында А.Морозов (22 кг.), Р.Қабдулғаз (24 кг.), А.Есқанов (26 кг.), Р.Мәліков (28 кг.), Р.Сарлыбаев (32 кг.), Т.Бүркібай (35 кг.), 2000-2002 ж.т. арасында М.Бикин (35 кг.), Д.Фесенко (38 кг.), С.Қайыргелдин (42 кг.), А.Дәулетбеков (46 кг.), Р.Дүйсенов (50 кг.), А.Жамалиев (54 кг.), А.Жолдасов (58 кг.), Б.Жәмішев (63 кг.), А.Зікрин (73 кг.) және Қ. Саражол (+73 кг.) үздіктер қатарынан көрініп, жеңістің биік тұғырына көтерілді.
Бәсекелі дода барысында “Ең кішкентай палуан” аталымының жеңімпазы атанған Айыртау ауданының 6 жасар палуаны Р. Тансықбаев шаңсорғыш сыйлығын иеленді. Ал “Ең үздік еркін күрес әдіс-тәсілдерін көрсеткен палуан” аталымының иегері Р. Мәліковке шағынтолқынды пеш берілсе, соңғы “Жеңіске деген ұмтылысы үшін” аталымы жарысқа Привольный ауылынан екі күн қатарынан жаяу келіп-кетіп жүрген жас палуан М.Меңдікиновқа бұйырып, оған да заттай сыйлық табыс етілді.
Жарыста жеңіске жеткендер медальдармен қоса мадақтама қағаздармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Ғ.Мүсірепов атындағы аудан.