«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ИЫҒЫНА ПОГОН ТАҚҚАН, үйінің отын маздатқан

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бүгінгі таңда ішкі істер органдарында нәзік жандардың алар орны ерекше. Қайраттылықты қанат етіп, ауыр да жауапты жұмыс атқарып жүрген қазақ қыздарына қарап, қайран қаласың. Ерлерге бергісіз еңбек етіп, әйел затының ақылына көркі сай екенін іспен дәлелдеп жүрген қарлығаштарымыздың қатары күн санап артуда. Міне, көңілге қуаныш ұялататыны да осы. Қандай жұмысқа болмасын білек сыбана кірісіп, абыроймен атқарып жүрген осындай ай қабақ аруларымыздың бірі – полиция полковнигі Сәуле Андағұлова.

Әке жолын жалғастырып, саналы өмірін осы салаға арнаған Сәуле Тыныштыққызы облыстық Ішкі істер департаментінде штаб басқармасының бастығы болып қызмет етеді. Ол бала кезінде әкесінің еңбегіне еліктеп, өскенде әскери адам болсам деп армандайды екен. Ақыры алдына қойған мақсатына қол жеткізіп, қазірде қатарының алды болып, жемісті еңбек етуде.

– Біз отбасында төрт баламыз. Екі ұл, екі қыз. Мен ата-анамның тұла бойы тұңғышымын. Әкеміз ішкі істер органдарында еңбек етті. Қазір зейнет демалысында. Ол мені тәртіпке, жауапкершілікке, бастаған істі аяғына дейін жеткізуге, досқа адал болуға үйретті. Балалардың үлкені болған соң ба, әйтеуір, менің бойымда көздеген мақсатқа қол жеткізу, алға ұмтылу деген талпыныс табиғатымнан бар.  

Ол балалық шағын есіне түсіріп, бір күліп алды да, қызық бір әңгімесін айтып берді: – Әлі есімде, күз айы болатын, туысымыздың менен бір жас үлкен баласы мектепке барды. Оны көріп, менің де сөмке ұстап, оқушы болғым келді. Содан соңынан қалмай, мектепке бірге бардым. Жасым жетіде деп айттым мұғалімге. Сөйтіп, түске дейін оқушылармен сабақ оқыдым. Біраздан соң мені іздеп анам келді мектепке. “Мұның жасы бестен ғана асты, ол әлі балабақшаға барады, ренжімеңіз, балаларға еліктеп, кетіп қойыпты…”, – деп мән-жайды түсіндіріп жатыр ұстазға. Ал маған: “Сен неге өтірік сөйлейсің, жасың жетіде емес қой, енді мұндайды қайталаушы болма!” – деді ол. Сондағы ұялғаным әлі күнге есімнен кетпейді. Сол оқиғадан кейін мен енді қайтып өтірік сөйлемеймін деп өзіме сөз бердім. Міне, мектепке бірінші барғаным маған осылайша өмір бойы сабақ болды. Жалпы үйде де, түзде де өз басым сөзіме берік болып, адал жолмен жүргенді қалаймын. Бұл – менің өзіме де, өзгеге де қояр талабым, – дейді Сәуле Тыныштыққызы.

Қостанай облысында туып-өскенімен, Сәуле мектепті аяқтаған соң арманына ілесіп, өңірімізге келген. Сөйтіп, сәті түсіп, Ушинский атындағы институттың студенті атаныпты. Жоғары оқу орнында оқып жүріп, болашақ жұбайымен танысады. Ақыры екі жастың дәм-тұздары жарасып, отау көтереді.

– Серік екеуіміздің шаңырақ көтергенімізге он жеті жыл болды. Қазір ортамызда Мейірболат есімді ұл бала өсіп келеді. Түсіне білген адамға біздің жұмыс жеңіл емес. Жүктелген міндет нардың жүгіндей. Осы саланың барлық жұмысын қадағалаймыз, бақылаймыз, жоспарлаймыз. Қызметкерлердің жақсы жұмыс істеуі үшін барлық жағдайды жасауға тырысамыз. Бір сөзбен айтқанда, өз ісімізді абыроймен атқаруға күш-жігерімізді аямаймыз. Ерте келіп, кеш қарайғанда үйге ораламыз. Мұның барлығы жұмысқа деген ерекше көзқарастан бастау алады. Қиындық бар, онсыз болмайды ғой. Жұмыс пен отбасы тізгінін қатар ұстап жүріп, екі жоғары оқу орнын тамамдадым.

Осы жылдар ішінде ішкі істер саласының бірнеше баспалдағымен жоғары көтеріліп, антыма адал еңбек етіп келемін. Еңбегім де елеусіз қалған емес. Бүгінгі таңда осындай қызметте республика бойынша үш әйел адам жұмыс істеп отыр. Осы үштіктің ішіне мен де кіремін. Мен үшін бұл мәртебе ғана емес, өте үлкен жауапкершілік екенін іштей түсінемін және оған сай болуға қолымнан келгенше тырысамын. Мен өзім Хайдар Кашенов, Ерсайын Сарқұлов, Абай Галиев сияқты ақылы мол ағаларды өнеге тұтамын, – дейді ол.

Еңбек жолын кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдер инспекторы болып бастаған Сәуле Тыныштыққызы қазіргі таңда облыстық Ішкі істер департаментінде штаб басқармасының бастығы болып қызмет етеді. Жиырма екі жыл бойы осы салада қажырлы еңбек етіп келе жатқан ол Отанына, отбасысына, аналық міндетіне адал. Айналасының ажарына айналған Сәуле Тыныштыққызы өткен жылдан бері әйелдер кеңесінің төрайымы болып жұмыс істеуде. Аталмыш ұйымға осы саладағы барлық қыз-келіншектер мүшелік етеді. Ал активте он екі әйел бар. Олардың негізгі міндеті – көпбалалы, аз қамтылған отбасыларға және асырауында баласы бар мүгедек аналарға көмектесу. Бүгінгі таңда олар 13 отбасыдағы 42 балаға қолдарынан келгенше көмектесіп жүр. Сондай-ақ әйелдер кеңесі бірге қызмет ететін қыз-келіншектердің де бірқатар мәселелерін шешуге атсалысады. Осындай игі шаралардың басықасында жүрген де, оның жүзеге асуына білекті сыбана кірісетін де – Сәуле Тыныштыққызы. Негізгі міндетімен қоса қоғамдық жұмыстарға белсене араласып жүрген нәзік жанның мұндай қадамы оның жүрегінің жомарт екендігін көрсетіп тұрған жоқ па?!

Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

  Талғат ТӘНІБАЕВ.

 Алдыңғы буынның асыл қасиеттерін бойына жинап, еліміздің аман, жұртымыздың тыныш болуына еңбек сіңіріп жүрген осындай жаны жайсаң жандарды көргенде: “Тастың бойында таудың құдіреті бар” деген асыл сөз келеді ойыма. Иә, шындығында да, солай емес пе?! Кейбір ер-азаматтардың өзі жүрексініп, қадам баса бермейтін полиция өмірінің қыр-сырын бір адамдай меңгеріп алған қазақ қыздарының қайсарлығы осы сөздің дәлелі сияқты.  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp