«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КЕЛІНДЕР АТ ҚОЮШЫ ЕДІ ЕРКЕЛЕТІП…

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қыз баланың тәрбиесі – ұлтымыз үшін үлкен сын. Сондықтан да үлкендер жағы “Қызға – қырық үйден тыйым” деп үнемі айтып отырады.

Бұл сөзге құлақ аспай, қыз баланың тәрбиесінен жіберген қателіктің кесірінен кейіннен оның өзі де, ата-анасы да өмірден түрлі соққы алып жататын жағдайлар көптеп кездесуде. Мұның барлығы берген тәрбиенің ащы жемісі. Бұрын қыз баланы көбіне әжелері тәрбиелеген. Көпті көрген көнекөз қариялар бұрымдыны ұлттық салт-дәстүрден сусындатып өсірген. Олар үлкенді сыйлауға, тура қарап, атын атамауға үйретіп отырған. Осы ретте қазақтың ат қою деген тамаша дәстүріне тоқталып өткім келеді. Бұл дегеніміз – жас келін отбасындағы үлкен-кішінің, ағайын-туыстың есімін атамай, өзінше ат қойып алуы. Ол ізет пен құрметтің белгісі.

Бұл жерде де өзіндік тапқырлық таныта білу керек. Үлкенін сыйлап, кішісін еркелете білген келіндер бұрындары қайын сіңлілеріне “Кенжем”, “Еркем”, “Ботам”, “Гүлім”, “Әнші қыз”, “Биші қыз”, “Үкілім”, “Серігім” десе, қайын ағаларына “Төраға”, “Үлкен аға”, “Дәу қайным”, “Мырза жігіт”, “Кенже бала” деп ерекше кескін-келбеті мен өздеріне сай ат қойған. Қарап тұрсаң, осылардың қай-қайсысы болсын жүрекке жылы, құлаққа жағымды. Қазіргі жас келіндер арасында мұндайды көріп, естіп жүрген жоқпын өз басым. Көпке топырақ шашудан аулақпын, әрине, мүмкін бар да шығар, бірақ өте сирек кездеседі. Бір айта кетерлік жайт – нағыз инабатты келін жан жарының есімін де тура атамайды. “Отағасы”, “Көкесі”, “Үйдің үлкені” дегендей аттармен сыпайылық танытып, ер адамға деген сыйластығын көрсетіп отырады. Бұл да жас келіндерге ауадай қажет болып тұрған қазақы тәрбиенің бір түрі.

Қазір көптеген келіндер мұндай маңызды нәрселерге мән бере бермейді. Өзінен үлкен, кіші қайныларын атымен атап жүре береді. Сондай көріністі көргенде: “Шіркін, қазіргі жастарға әжелердің тәрбиесі жетпей тұрған сияқты…” деп ойлап қаласың.

Мен келін болып түскенде екі қайын ағам, үш қайын сіңлім қолымда болды. Солардың барлығына ат қойып алдым. Ол кезде заман сондай болды ғой. Ал қазір қалай? Жас келіндердің әңгімесін тыңдап отырсаң, “енешка” , “бәленбайдың мамасы”, “үйдегі кемпушка”, “аташка”, “бабушка” деген неше түрлі құлаққа түрпідей тиетін аттарды естисің. Бұл дегеніміз – ат қою дәстүрін ұмытып бара жатқанымыздың бірден-бір белгісі. Олай болса осы үрдісті қайта жаңғыртып, қалпына келтіруіміз керек сияқты. Оған ең бірінші болып үлкендер жағы өз үлесін қосуы керек. Яғни, келінге керек жерінде “тәйт” деп отырсақ, ол да ойланып, қайныларға лайықты етіп ат қойып алады. Меніңше, ат қоюда танытатын ерекше тапқырлық қазақ келіндерін тағы бір баспалдаққа жоғары көтеріп, мәртебесін асыратын сияқты.

Қарашаш ҚОЗЫБАЕВА.

Петропавл қаласы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp