Уәлиханов ауданының Мортық ауылында екі айдың ішінде клуб күрделі жөндеуден өтті. Оған “Мегастрой” компаниясының басшысы Бақытжан Ахметов үлкен үлес қосты.
Бағлан САДЫҚОВА,
Мортық ауылдық клубының
меңгерушісі.
Бүгінгі күні клубта сенбі сайын жастар үшін әртүрлі ойын-сауық, мерекелік шара өткізілуде. Даласында жарық шамы, ішінде жылуы мен музыкасы бар клуб ауыл тұрғындарының көңілінен шықты. Клубта қызмет атқаратын адамдар жұмыспен қамтылды. Мұның бәрі “Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламасы бойынша бөлінген 10 миллион теңгедей қаражаттың арқасында мүмкін болды.
Ауылымыздың өзекті мәселелері – су мен жол. Ауызсуға бөлінген бюджет қоры 240 миллион теңгені құрайды. Ауылдың ішінен өткізілетін су құбырларының орны анықталып, қазылып қойылды. 2014 жылдың мамыр айында 17 колонка іске қосылатын болады.
Сонымен қатар “Сыбаға” бағдарламасы бойынша Ерғали Азмағамбетов 11 миллион теңгеге ірі қара сатып алып, 3 кісіге жұмыс беріп отыр.
Уәлиханов ауданы.