«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МЕМЛЕКЕТТІК АТТЕСТАТТАУ – білім беру сапасының индикаторы

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Білім беру қызметінің мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарының талаптарына сәйкестігін бақылаудың бір түрі – мемлекеттік аттестаттау. Ол 5 жылда бір рет жоспарлы түрде өткізіледі. Өңіріміздегі білім ошақтарын аттестаттаудың 2013 жылғы нәтижесімен танысу мақсатында Солтүстік Қазақстан облысының Білім саласындағы бақылау жөніндегі департаментінің басшысы Ерлан Әбілдиновті әңгімеге тарт

– Ерлан Слямбекұлы, 2013 жылы облыстың қанша білім беру ұйымы мемлекеттік аттестаттаудан өтті?

– Бекітілген кестеге сәйкес 2013 жылы мемлекеттік аттестаттаудан облыстың 111 білім беру ұйымы өтті. Соның ішінде 97 мектеп, 1 мектеп-интернат, 9 мектепке дейінгі және 4 кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдары бар.  

– 2012 жылға қарағанда 2013 жылғы аттестаттауда өзгеріс бар ма?

– Білім беру ұйымдарын аттестаттау шарасына дайындауда оң үрдіс байқалатынын атап айту керек. 2012 жыл мен 2013 жылдағы аттестаттау кезеңін салыстырғанда ұжымдардың өз міндеттеріне көзқарастары өзгерген. Атап айтар болсақ, нәтиже үшін жауапкершілік пен түсіністік артқаны, ескертулер азайып, білім бөлімдерінің мектеп мәселелеріне назар аудара бастағаны аңғарылады. Аттестаттау комиссияларына сарапшылар ретінде облыстың үздік педагогтерін тартуымыздың тиімділігі мол болды. Олар аттестаттау кезінде алған тәжірибелерін таратады және өз аудандарындағы (қалаларындағы) мектептерді осы шараларға дайындауға қатысады.

– Аттестаттау комиссиясының құрамына кімдер енеді?

– Білім беру ұйымдарын мемлекеттік аттестаттау ережелеріне сәйкес комиссия құрамына өз өңірімізден басқа Ақмола, Қарағанды, Қостанай, Павлодар облыстарының үздік педагогтері және аттестаттау өтетін ұйымдарға басшылық ететін білім бөлімдерінің мамандары енгізілді. Бұл мекеме қызметінің кәсіби және білікті бағалануын қамтамасыз етіп қана қоймай, тексеру сәтінде тәжірибелік әрі әдістемелік көмек көрсетуге, кәсіби тәжірибе алмасуға мүмкіндік берді.

– Білім беру ұйымдарының аттестаттаудан өту деңгейі қалай анықталады?

– Аттестаттау ережелерін негізге ала отырып, тексеруден өтіп отырған ұйымның білім беру қызметі мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарға толық сай болғанда, соның ішінде оқушылардың 70%-ның білімдері мен біліктері бақылау нәтижесі бойынша аттестаттау комиссиясының оң бағасын алған жағдайда білім беру ұйымы “аттестатталды” деген шешім қабылданады. Өте алмаған білім беру ұйымдары тексеру кезінде анықталған ескертулерді жойғаннан кейін қайтадан аттестатталады. Олардың ішінде Тайынша ауданының – 2, Айыртау, Қызылжар, Ғ. Мүсірепов атындағы аудандардың әрқайсысында – 3, Аққайың, Мамлют, Жамбыл, Есіл, Мағжан Жұмабаев аудандарының әрқайсысында – 1 білім беру ұйымы және облыстық 2 білім мекемесі бар.

– Білім беру ұйымдарының аттестаттаудан өте алмауының негізгі себебі неде?

– Оқушылардың білім сапасының төмендігі нәтижеге кесірін тигізеді. Оған 31 ұйымда мектеп бітіретін оқушылардың білім деңгейін тексеру үшін сынақ кесінділер алу барысында көз жеткізілді. Алайда, бірінші жартыжылдықта 23 мектептің оқушыларының білім сапасы төмен болса, екінші жартыжылдықта ондай мектеп 8 ғана болды. Бұл – өңіріміздегі мектептердің жағдайларының жақсарғанының белгісі. Мысалы, Тимирязев ауданының Интернациональный орта мектебін бітіретін оқушылардың көрсеткіші бірінші жартыжылдықта білім бақылау кесінділерінің қорытындысы бойынша 13%-ға ғана жетсе, Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Буденное орта мектебінің түлектері екінші жартыжылдықтағы кешендік тестілеуде 100% үлгерім көрсетті.

– Білім беру қызметінде мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттар талаптарының бұзылуы кездесе ме?

– Мемлекеттік білім беру стандарттары (МББС) 18 ұйымда бұзылғандығы анықталды. Бұл ұсынылып отырған білім беру қызметінің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттар талаптарына сай еместігін көрсетеді. Алайда, МББС-ын бұзушылықтың жартысы мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру бағдарламаларына қатысты. Мәселен, Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Ялты орта мектебінің, Қызылжар ауданындағы Новоникольск, Жамбыл ауданындағы Калиновка бастауыш мектептерінің, Шал ақын ауданындағы Алқаағаш негізгі мектебінің, Есіл ауданындағы Қараағаш негізгі, Петровка орта мектептерінің, Айыртау ауданындағы Өскен негізгі, Әлжан, Каменный Брод, Ақан орта мектептерінің басшылары әзірге мектепке дейінгі шағын орталықтарға өздерінің құрылымдық бөлімшелері ретінде қарап, тиісінше назар аудармай отыр.

– Аттестаттау кезінде білім кесінділері қандай пәндерден алынады және оны кімдер дайындайды?

– 2013 жылдың наурыз айынан бастап білім кесінділерін алатын пәндердің тізімін ҚР БжҒМ-нің Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті айқындайды және бұл пәндер әрқашан ауысып отырады. Бұл білім стандарты барлық пәндер бойынша орындалуы керектігінен туындап отырған жағдай. Кешендік тестілеу өткізу үшін 9-сыныпта геометрия, биология, дүниежүзілік тарих, өткен оқу жылында – физика, ал 11-сыныпта химия пәндерінің таңдалуы біздің мектептерде барлық пәндерге бірдей көңіл бөлінбейтінін көрсетті. Өйткені, дәстүрлі қазақ және орыс тілдеріне, алгебра мен Қазақстан тарихына баса назар аударылады. Осылайша, бірінші жартыжылдықта тестілік тапсырмаларға физикадан сұрақтар енгізілгенде 9-сынып оқушылары шектеулі деңгейді еңсере алмады. Облыстың барлық негізгі және орта мектептерінде, соның ішінде Мұрат Айтхожин атындағы №1 жалпы білім беретін инновациялық орта мектепте де әдеттегі типтік жағдай байқалды. Кешендік тестілеу қорытындысы бойынша 9-сынып оқушылары төмен нәтиже көрсетеді, бұл түптеп келгенде жалпы нәтижеге әсер етеді. 4 және 11-сынып оқушыларының нәтижелері әлдеқайда жақсы. Бұл орта буын оқушыларының оқуға деген қызығушылығы төмен болатынының дәлелі.

– Діттеген нәтижелерге жетуге ықпал ететін маңызды фактор не?

– Жоғары білім беру мекемелерінің кадрлық әлеуеті нәтижеге жетудің маңызды факторы болып табылады. Есіл ауданындағы Қараағаш негізгі мектебінің, Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Қырымбет негізгі, Тахтаброд, Ялты орта мектептерінің, Мағжан Жұмабаев ауданының Пролетар орта мектебінің, Тайынша ауданындағы Кантемир негізгі мектебінің оқушыларының сапалы білім алуларына маман емес пән мұғалімдерінің сабақ берулері кері әсер еткен.

Мектептердің материалдық-техникалық қамтамасыз етілулері де білім беру қызметінің жоғары нәтижеге жетуіне зор ықпал етеді. Оқу-зертханалық жабдықтардың, жаңа үлгідегі кабинеттердің болмауы Тайынша ауданындағы Кантемир, Аққайың ауданындағы Добровольский негізгі мектептерінде өткен аттестаттау нәтижелеріне кері әсерін тигізді. Сонымен қатар жаңа үлгідегі кабинеттерді тиімді пайдаланбау және оларды пайдалануда бақылаудың жоқтығы Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Тахтаброд, Айыртау ауданындағы Әлжан, Қызылжар ауданындағы Большая Малышка орта мектептерінде аттестаттаудың сәтті өтуіне кедергі болды. Аттестаттау комиссиясының барлық ескертулері ата-аналар, жергілікті атқарушы органдар өкілдері, Білім басқармасы органдарының басшылары қатысқан қорытынды педагогикалық кеңестерде ұжымдарға түсіндірілді.

– Аттестаттау шаралары барысында жақсы нәтижелер көрсеткен білім беру ұйымдары бар ма?

– Бұл ретте Петропавл қаласындағы инклюзивтік оқытуды ұйымдастыру жөніндегі №13 орта мектептің педагогикалық ұжымының, соның ішінде әлеуметтік-психологиялық қызметтің жұмысын ерекше атап өтуге болады. Мағжан Жұмабаев ауданындағы Полудино, Тимирязев ауданының Мичурин орта мектептерінің, Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық және Петропавл қаласындағы машинажасау колледждерінің әдістемелік жұмысты ұйымдастыру бойынша қызметтері назар аудартады. Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Буденное орта мектебі әкімшілігінің жас мамандармен жұмысты ұйымдастыру бойынша қызметін атап айтуға болады. Петропавлдағы “Чайка” балабақшасының әдістемелік жұмысының белсенділігін, “Ақ бота” бөбекжай-бақшасы тәрбиеленушілерінің жоғары білім деңгейіне қол жеткізуін, педагогтердің кәсіби шеберлігін арттыру бойынша жұмысын, Аққайың ауданындағы “Чебурашка”, “Балапан” бөбекжай-бақшалары педагогтерінің тиімді жұмыстарын, Қызылжар ауданындағы “Балапан” бөбекжай-бақшасының педагогикалық озық тәжірибелерін тарату және жинақтау жөніндегі жұмыстарын ерекше атаған жөн.

Жалпы сапалы білімге деген қызығу-шылық атааналар, Білім басқармасы және бақылаушы органдардың мүдделері бірлескен саласына айналуы керек. Аттестаттау комиссияларының ұсыныстары мәселелерді талдауға, соған сәйкес басқарушылық шешім қабылдауға, білім беру үдерісін одан кейін түзету мен реттеуге, сонымен қатар білім беру қызметінің нәтижелілігін жақсартуға негіз болады.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp