«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОЙЫ ҰШҚЫРДЫҢ ОЮЫ ҰНАМДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

 Қазақтың ұлттық ою-өрнегінің бірнеше ғасырлық тарихы бар. Ұрпақтан-ұрпаққа аманат болып, бүгінгі таңда қайта қолданысқа еніп, дамып келе жатқан өнердің жолын жалғастырушылардың бірі – қаламыздың тұрғыны Әсия Дүйсенова. 

Бала кезінен ине-жіпке біртабан жақын жүретін кейіпкеріміз анасына еліктеп тоқу тоқығанды жақсы көреді екен.  

– Кішкентай болғанда анамның қасынан бір елі қалмайтынмын. Ұсақ-түйек шүберектердің барлығын жинап алып, әйтеуір, бір нәрсе тігумен уақытымды өткізетінмін. Әлі есімде, әжемнің бөлмесінде, төрде қазақтың төр көрпелері жаюлы тұратын.Түрлі-түсті етіп жасалған ою-өрнектер маған қатты ұнайтын. Ол кезде қолөнердің дәл осы түрінің мән-мағынасына түсіне бермесем де, балалық қызығушылығым басым болатын. Жақындап барып, ою-өрнектердің қалай қиылғанын, матаның үстіне салынғанын, әсіресе, көздің жауын алатындай әсем түстерді ұзақ уақыт бойы тамашалаудан шаршамайтынмын. Мен үшін бұл бір жұмбақ әлемдей көрінетін. Бәрін біліп, үйреніп алғым келетін. Бірақ апаларым негізінен тоқумен айналысатын. Сондықтан мен де өнердің осы түрімен шектелдім, – дейді қолөнер иесі.

Әсия – бүгінде асыл жар, аяулы ана. Бар уақытын бала тәрбиесіне арнаған ол қолы бос кезінде қолөнермен айналысады. Тоқумен қатар ою-өрнек салғанды да жаны сүйеді. Өз ісіне қашанда жауапкершілікпен қарай білетін кейіпкеріміз бала кезіндегі арманына қолы жеткендігін де әңгіме барысында мақтанышпен айтып қалды.

– Ол кезде мені ою-өрнек салуға оқытатын ешкім болмады. Сөйтіп, уақыт өткен соң өзім ізденіп, үйренуге бел будым. Бірде теледидардан Бескөл ауылында тұратын Сақып Рақымжанқызының сұхбатын тыңдадым. Облысымызға танымал ісмер апамызбен жүздесіп, ақыл-кеңесін алғым келді. Осылайша ойымды жүзеге асырмақ болып, діттеген жеріме бардым. Сақып апамыз өте ақжарқын, кеңпейіл адам екен. Мен мән-жайымды айтқан соң үйренгім келетінін көріп, қуанып кетті. Екеуміз бірден тіл табыстық. Өнерлі апамыз маған қолынан шыққан асыл бұйымдарын көрсетіп, өнердің қыр-сырын үйретуге тырысты. Мен болсам үйде тіккен біраз дүниелерімді ала барып, көрсеттім. Сөйтіп, апамыздың ақ батасын алып, өнер жолының тағы бір баспалдағын бастым. Сақып апаны мен үлгі-өнеге тұтамын. Шамам келгенше, ұқсағым келеді. Осындай ақ жаулықты қарияларымыздың жолымен жүріп, мәдениетіміздің өркендеуіне қолымнан келгенше өз үлесімді қосуды мақсат етемін, – дейді ол.

Сақып апаймен жүздесіп, шабыт алған кейіпкеріміз, ең алдымен, кішкентай дүниелерді тігумен айналыса бастаған. Сөйтіп, ұлы Диасқа Наурыз мерекесіне арнап оюы көмкерілген костюм тіккен екен. Жаңа дүние анасының да, баласының да көңілінен шыққан. Қазіргі таңда Әсия асүйге қажетті үлкенді-кішілі заттармен қоса түрлі қазақтың төр көрпелерін, қоржындарын, қалталарын тігеді. Қыздың жасауы, тұсаукесер тойы, сәбиді бесікке салу жолы дегендей түрлі салт-дәстүрлерге үйлестіріп, ою-өрнегін келісімді етіп арнайы заттар тігетін ісмер қолөнерші мұнымен де шектеліп қалмайтынын тілге тиек етеді.

– Қазір дүкеннен сатып алсаң қымбат. Одан да үйге қажет небір тамаша дүниелерді өз қолыңмен тіккен жақсы ғой. Түсін де, көлемін де өзің таңдап аласың. Сапасын да көңілден шығатындай етіп тігесің. Тек ою-өрнек салғанда қателесіп кетуге болмайды. Қазақта әр оюдың өзіндік мән-мағынасы болады. Оларды орнымен орнықтыра білудің өзі – үлкен өнер. Өз басым ою-өрнектің тарихын білу үшін осы бағыттағы кітаптарды көп оқимын. Сондай-ақ ғаламтор арқылы да біраз жақсы нәрселерді біліп, керегін ойыма тоқып жүремін. Ою-өрнекті жақсы саналы жасау үшін алдымен пайдаланатын материалды дұрыс таңдай білу қажет. Оюдың заттың бетіне түсуі мен орналасуын нақты жобалау қажет. Ою-өрнек бір-бірімен қабысып, жымдасып, ескен арқандай бірігіп тұруы керек. Арасы бадырайып, олпы-солпы болса, ою өзінің сәнін, сұлулығын, тіпті, мазмұнын жоғалтуы мүмкін. Қазақтың ою-өрнегі қошқар мүйіз түрінен бастау алатындықтан, қандай ою түрін жасағанда да осы ою түрі басты көрініс табуы қажет деп ойлаймын. Менің түсінігімде өнердің бұл түрі жарасым, сәндік, көркемдік дегенді білдіреді. Оюдың әр түрі тарихпен терең ұштасып жатқандай, орнын білсең, оюларды да сөйлетуге болады. Сондықтан да бұл жерде ешбір олқылық жіберіп алмау үшін үлкендердің де ақылына көп ден қоя білген жөн, – дейді ағынан жарылған кейіпкеріміз.

Оюдың жақсы шығуы қолөнершінің ой ұшқырлығында. Ретін келтіріп, әр өрнекті мағынасымен өз орнына жайғастыра білсе, жұмыстың жемісін де көруге болады. Бұл – Әсия есімді қолөнер иесімен болған әңгімемізден түйгеніміз…

Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

СУРЕТТЕ: қолөнер иесі Әсия Дүйсенова ұлы Диаспен бірге.

Суретті түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp