Қазақтың бұлбұлы атанған опера әншісі Күләш Байсейітова жайлы көпсериялы фильм “Хабар” арнасында көрсетілді. Тарихи-өмірбаяндық телехикаяның басты рөлін жерлесіміз Әйгерім Уәлжанова сомдады. Өңірімізде Әйгерімді Сәменова тегімен таниды. Жастайынан өнерге бір табан жақын жүрген Әйгерім – облыс орталығындағы Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-интернаттың түлегі. Көптеген байқаулардың жеңімпазы. Соның ішінде Семей қаласында өткен республикалық Абай оқулары мен халықаралық “Бозторғай” әншілер байқауының дипломанты ол мектеп жасынан-ақ сахнаны өнерімен бағындыра білді. Мамандықты таңдау кезі келгенде мүдірместен актерлік өнерді таңдап, Алматы қаласындағы Т.Жүргенов атындағы қазақ Ұлттық өнер академиясына оқуға түседі. Оны тамамдаған соң “Ақсарай” жастар театрында актриса болып қызмет етеді. Онда көптеген қойылымдарда басты рөлдерді ойнады. Соның ішінде “Қыз Жібек” спектакліндегі Жібек рөлі. Театрдағы рөлдерімен қатар, кино өнерінде де бағын сынап көрген жерлесімізбен сұхбаттасудың сәті түсті.
– Әйгерім Бақытқызы, өзіңіз жайында қысқаша айта кетсеңіз?
– Мен – Аққайың ауданындағы Көктерек ауылының тумасымын. Бала кезімнен өнер атаулыға жақын болдым. Әжем және әкем ән айтатын. Олардың шырқаған әндерін естіп өстім. Әкем әуесқой домбырашы. Гитара аспабында да жақсы ойнайтын. Әжем халық әндерін көп орындайтын. Ән айтуды әжемнен үйрендім десем болады. Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-интернатта оқып жүргенімде ұстаздарым өнерге деген бейімділігімді аңғарып, мені түрлі сайыстарға қатыстырды. Соның ішінде қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі Күләш Жетпіспайқызы менің өнер жолын таңдауыма өз септігін тигізді. Түрлі сайыстарға дайындады. Жігерлендірді. Сахнаға бойымды үйретті. Әдебиет пен өнерге деген қызығушылығымды арттырды. Ән өнеріне деген бейімділігімді вокал үйірмесін жүргізген Алмагүл Есенқызы оятты. Актерлік жолды таңдауыма мектеп қабырғасынан алған білімім үлкен әсерін тигізді. Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы қазақ Ұлттық өнер академиясында актер бөлімі бойынша оқуға түсіп, “Ақсарай” театрында қызмет еттім.
– Білуімше, Сіз актерлікпен әншілік өнерді де қатар алып жүрсіз. Тіпті, бір кездері КСРО-ның халық әртісі Бибігүл Төлегенованың өзінен дәріс алғандыңыз жайында да хабарым бар.
– Иә, Құрманғазы атындағы қазақ Ұлттық консерваториясында бір жыл көлемінде опера ән өнерінен тәлім алдым. Қазақтың бұлбұлы Бибігүл Ахметқызының өзінен дәріс алу мүмкіншілігі туғанына Аллаға сансыз шүкірлік етемін. Себебі, алған білімім актерлік қызметімде септігін тигізді.
– Әйгерім, қазақтың көрнекті әншісі, аты аңызға айналған тұлға – Күләш Байсейітованың рөлін сомдауыңыз тегін емес. Өзіңдік табиғи дауысыңыз бар, сырт келбетіңіздің өзі опера әншісімен ұқсас. Жалпы бұл рөлге Сізді қалай таңдады?
– Қызымды дүниеге әкелген соң декреттік демалыста үйде отырдым. Актерлік өнерден қол үзіп қалдым. Десе де, түрлі кастингтерге қатысып отырдым. “Ғашық жүрек” деген фильмнің кастингіне қатыстым. Кастингтің директоры қоңырау шалып, продюсер Баян Есентаеваның жаңадан түсіргелі жатқан “Осторожно: корова” (реж. Асқар Ұзабаев) атты фильміне ауыл келінінің рөлін сомдауға шақырды. Фильмге түсіп жүргенімде Баян Есентаева келіп, осы фильмнен кейін Күләш Байсейітова жөнінде кино түсірмекпіз, сен қатты ұқсайды екенсің деп, актерлік сынамаға шақырды. Бірақ ол киноға түсе алмайтындығымды айттым. Фильм Орал қаласында түсірілетіндіктен, отбасы жағдайларына байланысты бара алмайтын болдым. Кейін олар маған тағы да бірнеше мәрте хабарласып, ұсыныс жасады. Фильмнің сол кездегі режиссері Асқар Ұзабаевтың өзі хабарласып, тағы бір ойланып көр деп ақылын айтты. Ойлана келе фильмге түсуге келісімімді бердім.
– Фильмге түсу қиын болды ма?
– Шынын айтқанда, театрдан біраз жыл қол үзіп қалған едім. Қалай болар екен деп қатты уайымдадым. Тіпті, Орал қаласына бара жатқанның өзінде пойызда қан қысымым көтеріліп, біраз уақыт бойы өзіме келе алмадым. Бірақ түсірілімнің алғашқы күнінде түсіру алаңына келгенде бойымды билеген сенімсіздік, қорқыныш, уайым бір мезетте жоғалып кетті. Әрине, Күләш Байсейітовадай нар тұлғаны сомдау қай әртіске болмасын оңай түспесі анық. Қазақ операсы жарық жұлдызының тағдыры қиындау болғаны белгілі. Өнер жолында да талай қиындықты өткерді. Әншінің бейнесін бойымнан өткізуге тырыстым. Кезінде Бибігүл Төлегеновадан алған білімімнің де пайдасы тиді. Кинода өзім ән айтпасам да, опера әншісінің сахнада жүріп тұруы, өзін ұстау мәнері маған таныс болды.
– Қателеспесем, Сіздің дауысыңыз колоратуралық сопрано ғой?
– Иә.
– Фильмді көріп отырып, қандай сезімде болдыңыз?
– Өзіңді экраннан тамашалау сан қилы сезім тудырады. Халық танитын Күләш Байсейітованың бейнесін дұрыс сомдадым ба деген екіұдай ой мазалады. Оның әділ бағасын көрермен берер. Фильмді көрген отбасым: “Рөліңді жақсы сомдадың. Өзіңді еркін ұстадың”, – деп айтып жатты. Әсіресе, қызым Аяулым қатты қуанды. “Мама, жүріңіз, “Күләш” басталды”, – деп мультфильмдерін көрмей, фильмді көріп отыратын. “Менің анам – актриса” деп келген-кеткеннің барлығына мақтана айтып шықты қызым.
– Ендігі арманыңыз қандай?
– Фильмге түсіп, басты рөлді сомдау актер ретінде көкжиегімді кеңейтті. Тынысымды ашты. Өзіме деген сенімділік пайда болды. Өнер үшін жаралғанымды түсіндім. Қазақтың сахна және кино өнерінің дамуына септігімді тигізіп, актриса ретінде қалыптасқым келеді. Отбасыммен бақытты өмір сүріп, ұрпақ сүю – арманым.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
СУРЕТТЕ: Ә. Уәлжанова К.Байсейітова рөлінде.