Кеше облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент қызметкерлері судағы қауіпсіздік шаралары жөнінде брифинг өткізді.
Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,
“Солтүстік Қазақстан”.
ТЖД Суда құтқару қызметі құтқару станциясының бастығы Сергей Черкасовтың хабарлауынша, бұл күні әдеттегідей сүңгуірлер, тәртіп сақшылары және медициналық жәрдем көрсетушілер кезекшілік жасамақ. Бұдан бөлек, қайықтар дайындалып, ойықтар қосымша қауіпсіздік құралдарымен жабдықталады. Себебі, биылғы жылы мұз қалың емес. Құтқарушылар ащы суды ұрттағандарға суға түсуге болмайтынын айтты.
Брифингте облыс жолдарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері де сөз болды. ТЖД Бірыңғай кезекшілік диспетчерлік қызмет басқармасының бастығы Рүстем Жұмағалиев қыс мерзімі басталған уақыттан бері 18 көлік жолда қалғанын айтты. Ондағы кейбір көліктердің ақауы анықталып, енді бірінің жанар-жағармайы қатып қалған. Қар көшкіні мен көктайғақтың салдарынан 4 көлік жолдан шығып кетіпті. Осындай жағдайларға ұрынбай, діттеген жеріне аман-есен жету үшін жолаушылар сапарға шығар алдында ауа райын анықтап, көліктің техникалық дұрыстығын тексеріп, қауіпсіздік шараларының барлығын тиянақты орындаулары міндетті. Төтенше жағдайлар жөніндегі департамент қызметкерлері осындай қарапайым қағидаларды ескеріп жүруді тағы бір мәрте ескертті.